Мазмұнға өту
Обложка сообщества QazAgym

Жүрекке абай болыңдар 2

Мейрамбек үйленіп, оған ғашық қыздар да үміттерін үзіп, тағдыр жазды, мен көндіге салып, тиесілі байларына тиіп, ел іші тынышталып қалғанда, Қайрат шықты. Жүрегін ұстап, жылай сүйіп, құлай сүйіп, сахнаға шыға келгенде, кімге ғашық боларын білмей жүрген қыздардың Құдайы берді. Бар екенсің-ау, батырым. Мұншама кешіккенің не, айбозым. Ел іші қайта дүрлікті. Шу-шу еткен қыздар. Стадиондарда шыңғырған дауыстары жер жарады. Соншама қызды алаңға алып шығып, соншалықты шыңғыртқан не деген сезім, не деген махаббат?! Потанин тіріліп келіп, осы жағдайымызды бір көрсе: «маған қазақ даласы шыңғырып тұрғандай көрінеді»,-дер ме еді, демес пе еді?. Бұл енді жауабы жоқ сұрақ. Бір өлгесін, Потанин де, басқа да тірілмес. Негізгі әңгімеге оралайық. Мейрамбектен соң тыншыңқырап қалған заманда Қайрат шығып, қайта шулатты дедік. «Әйелі бар екен, жоқ екен, әйелің не, үш баласы бар екен» деген талқылаулар басқа әңгімеге орын қалдырмады. Сол тұста небір мемлекеттік, ұлттық мәселелер қозғалып жатты. Қыздардың даусы ол мәселелердің үнін шығармай тастады. Қойшы құрсын, ұлт болармыз, болмаспыз, онда тұрған не бар, ең бастысы Қайрат аман ба? Оның әйелінің бар екені рас па? Бар, бар, бар! Жә, жәрайды, Қайраттың әйелі жоқ делік. Әйелім жоқ еді, сені алсам бола ма деп саған келіп тұра ма? Әйелі жоқ болса, саған бұйырады ма? Бір Қайрат шу-шу еткен қырық қыздың қасысына жетеді. Қайрат та қартая бастап, әйелінің бар екені ашық айтылмаса да, жұрттың көзі жете бастаған шақта, тағы да ел тыныштала бастады. Осы тұста «Сүйіп алам» деп Ернар Айдар шыға келді. Біз де мына жақта отырып, "әй, осы бір айдаса, Ернар айдар" дегенбіз. Олай болмады. Оған онша ешкім сүйгізе қоймады. Онша көп ешкім де сүймеді. Баласынды-ау деймін. Ух дедік. Осы тұста Төреғали шықты. О-о-о, Төрешіңнің арыны қатты болды. Бойжеткендер кімді сүйсек екен, біздің махаббатымызға кім лайық деп жүргенде, сол айымдардың болмыстарындағы вакумды бірден толтырды. Сүйіктің табылды, ал, шула. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол». Сүйіп те жатыр, сүйінерге жарап та тұр. Әліптің артын бағып ел отыр. Осыдан соң тыныш болса екен дейді. Біз де қосыламыз. Әй, қыздар, жүрекке абай болыңдар. Әнші деген от қой. Сендерге апаларың отпен ойнама деп айтпап па еді. Отпен ойнамаңдар. Олардан сендерге ешбір үміт жоқ. Бекерге елеске алданбаңдар. Сендер сол әншілермен ауырып жүргенде, жандарыңда қаншама жайсаң жігіт жүрді. Сендер соның бірін байқамадыңдар. Өйткені көздерің байланып қалған еді. Сендер естеріңді жиып, сезімдеріңді сабырға шақырып, оң-солдарыңа қарағанда, манағы мың жігіттің бірі қалмаған. Сол жігіттер ол кезде ешбір әншімен ауырмаған, өмірге тура қарайтын қыздардың меншігіне өтіп кеткен. Құры қалмассыңдар-ау, сендерге де біреу табылар. Әйтеуір біреуге тидім деген күннің өзінде әншіге деген сезімің суынбаса, біреуді сағынып жатып, екінші біреудің түтінін қайтіп түтетесің? Суынған күннің өзінде, кейінірек өмірлік жарың өткен бір замандарда бір әншіні құлай сүйгеніңді естісе не болады. Қатты ренжіп қалмаса да, жұмсақ өкпелеп қалуы мүмкін ғой. Сондықтан әншіге, жалпы өнер адамына ғашық болғанды қою керек. Бұның барлығы неден шығады? Бұның бәрі де адамның бойындағы сыршылдық, сүйіспеншіліктен туындайды. Сырласатын ешкім таппай жүргенде, жаныңмен жүрегіңмен үндесетін әнді естіп қаласың. Сол әнді орындайтын әншінің қалай сырласыңа айналып кеткенін өзің ұқпай қаласың. Сырласыңның келе-келе сүйіктіңе айналып кеткенін сезбей қалуың да бек мүмкін. Ылғи сенің көкейіңдегі ойды айтатын, сені аялайтын әндерді орындайтын әншіні сүймей, кімді сүйесің. Айналайындар-ау, ол әннің әнін жазған сазгер қайда, сөзін түзген ақын қайда? Бұл жерде әншіні емес, сазгер мен ақынды сүй деп те отырған жоқпын. Нота білмейтін сазгер әдеттегідей бір әнді тыңдап отырып, соның әсерімен, соған ұқсайтын бір әнді жаза салды. Ол әнге бензинге ақша таппай отырған бір ақын жүз долларға бұрқ еткізіп сөз жазып бере салды. Болды. Әйтпесе, солардың бойында да алабұртқан сезім бар ғой деймісің. Бір ғана мысал, әнге ең көп сөз жазған ақындардың бірі Талант. Сол Талант күн сайын ғашық болып, күн сайын тағдыр кешіп жүр деймісің? Просто, сөзге жатып алған. Бары сол ғана. Сұлу келіншегін бір сүйіп алып, содан туған баласының маңдайынан сүйіп отырып, «сені аңсадым, сені сағындым, саған қолым жетпейдііі меніің, шынарым» дей салады, саусақтарымен буын санап отырып. Ал, мына жақта сендер соны бір тағдырлы туынды көріп, «кімге арналды екен, қалай жазылды екен»,-деп әуре-сарсаң боласыңдар. Жүрекке абай болыңдар. Мен бұл жерде жалпы өнерді жоққа шығарайын деп отырған жоқпын. Шет-жағасын білгендіктен, шетін шығарып отырмыз ғой. Жалпы қолыңның жетпейтінін біле тұра, өнер адамына ғашық болмаңдар. Әрине, адамға бір сырлас керек. Жан-дүниедегі бос кеңістікті толтыру керек. Олай болса, Мұқағалимен сырлас, Оралханды сүй. Оралханмен бірге Алтайдың тауын аралап келші, жаның байып қалсын. Мұқағалидың жоғарыда келтірілген өлеңінің бір жолын ғана өзгерткім келіп отыр. Үшінші жолын. Өйткені мына заман білім мен ғылымның заманы. Дейтін еді: қыз көрсем сайтаным бар, Бет-жүзіне қарамай айтарым бар. Ей, байғұстар, әншіні қайтесіңдер, Онанда жақсы-жақсы бай табыңдар... Сендерге Мұқағалидан жанашыр, Оралханнан сырлас ешкім жоқ. Тағы да Мұқағали: Ақын жайлы айтады қызықты аңыз, Бірақ сен қызықпа, қыз! Қызықпа, қыз! Рас-ақ, біздер - патша! Мұжық та - біз... Тузік те - біз, түнерген бұзық та біз! Ақындарға қызықпа, Қызықпа, қыз! Шынымен ақын жанын қалайсың ба? Шыдайсың ба, шынымен талай сынға? Ақын деген бірде қарт, бірде сәби, Қартты сыйлап, сәбиге қарайсың ба? Ілікпе, қыз, Ақынның тұяғына. Зымиян да осылар... Зиялы да.

Ақпарат көзі

0
0
811

Осы тақырып бойынша

Жүрекке абай болыңдар 2 - Yvision.kz