Мазмұнға өту
Обложка сообщества QazAgym

Терғанақ-187

Шындығында мен Дулат ағаның барлық әңгімелерін, повесттерін оқығанмын. Жаңа Сәкен Сыбанбай ағамыздың құттықтауын оқып отырғанда, ол кісі атаған барлық шығармалары мен ондағы кейіпкерлері тұтастай маған таныс екен. Дулаттың кейіпкерлерін жақсы көрмеу мүмкін емес. Және оларды санаңнан сызып тастай алмайсың. Жауһар мен қоқыс араласқан жан дүниеңнің бір түкпірінде олар (Исабеков кейіпкерлері) да өмір сүріп жатады. Көңіліңнің түкпірінде Секс.. Секс... деп селкілдеп, кекештеніп Сексенбаев тұрады. Бәрі аяулы. Бірақ, Дулат ағамыз драматургияның ауылына біржола көшіп алды. Соңғы жылдары қандай әңгіме, нендей повест жазғанынан хабарым жоқ. Кейде ойлаймын, ол кісі енді әңгіме жазса не жазар екен, қалай жазар екен деп. Барлық оқырмандар үшін қызық деп ойлаймын. Осыдан он төрт-он бес жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетіне «Алаңсыз ауыл» деген әңгімесі шығып еді. Сол әңгімесін кейініректе жарық көрген төрт томдығынан кезіктіре алмадым. Жеті томдығынан орын табылған шығар деп үміттенемін. Бір қызығы Исабеков шығармашылығында тарихи тақырып жоқтың қасы. Әруақты кейіпкер де аз. Содан болар мен Дулат ағаны тарихты қопармай-ақ тарихтан орын алатын жазушы деп білемін. Біреулер Дулат ағаны сыртынан кінәлайды. Кез-келген тақырыпта сөйлей береді деп. Сөзі керек болып тұрса, сөйлеп беріңіз деп келіп тұрса, кергитін Дулат па екен. Сөйлеп береді. Несі бар? Сөзі өтпейтіндердің осы бір сөзі маған да өткен жоқ. Сөйлей беріңіз аға. Тек бір өтінішіміз бар. Ылғи сөйлей бермей, бір уақ жазыңыз. Сізден прозалық дүние күтіп жүрген қанша мың оқырман бар. Соларды зарықтырмау да Сіздің қаламгерлік міндетіңіз дегім келеді. Бұның бәрін айтып отырған себебіміз, бүгін біздің сүйікті кейіпкерлерімізді тудырған Дулат ағамыз жетпіс бес жасқа толыпты. Құтты болсын. Шіркін, Сәкен Сыбанбай аға қажылыққа бармай тұрған уақыт болғанда, Құлагер жақтағы қаз-қатар тұрған арзан кафелердің біреуінде отырар ма едік. Егер осы жолдарды оқып отырған болса, Сәкен ағам «әй, бала, мен шәйді қойған жоқпын ғой...» дейді. Гечіріп қойыңыз, аға, екі кеседен артық шай іше алмаймын. Ал, кола бауырға зиян. Бірдеңе ішіп отырмасам, еш жерде байыз тауып отыра алмаймын. Қалжың ғой. Тағы да Дулат ағамыздың жаңа жасы құтты болсын! Дулат ағамыздың қаламы суымасын. Біз күткен прозалық шығарманы жазсы екен. Ең болмаса бес беттік бір әңгіме. Пожалуиста, милосердие. Әдебиетте Исабеков әлемі бар. Біз оған қайыра оралып тұрамыз.

Ақпарат көзі

0
0
378

Осы тақырып бойынша

Терғанақ-187 - Yvision.kz