«Таза Қазақстан»: елордалық балабақшада экологиялық эстафета өтті
Елордалық №74 «Дәурен» балабақшасында Білім күніне орай және республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Жасыл балабақша – жарқын болашақ!» атты мерекелік экологиялық эстафета өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Осы күні қаланың өзге де балабақшаларында экологиялық тақырыпқа арналған шағын танымдық сағаттар ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың табиғатқа жанашырлықпен қарауын қалыптастырып, балалардың бойына экологиялық мәдениетті ерте сіңіру.
Экологиялық іс-шараны «Балаларға арналған қосымша білім берудің оқу-әдістемелік орталығы» мен №74 «Дәурен» балабақшасының ұжымы ұйымдастырды.

Мерекелік іс-шара тәрбиеленушілер мен тәрбиешілер қатысқан көңілді флешмобпен басталды. Одан кейін балалар «Тазалық» эстафеталық ойындарына қатысып, қоқысты сұрыптау, аумақты абаттандыру және экологиялық кедергілер жолағынан өту бойынша өзара бақ сынасты. Жиынның қорытынды бөлімінде өткен «Табиғат сыйы» экологиялық акциясы барысында бүлдіршіндер балабақша ауласындағы шағын бақта өсірілген көкөністермен танысып, одан әзірленген түрлі-түсті тағамдар көрмесін тамашалады.
«Балаларға арналған қосымша білім берудің оқу-әдістемелік орталығы» КММ әдіскері Айнұр Әмірханова іс-шараның маңызына тоқталды. Оның айтуынша, «Жасыл балабақша – жарқын болашақ» акциясы қызықты ойындар мен практикалық тапсырмалар арқылы балаларға табиғатты аялаудың маңызын түсіндіруге мүмкіндік береді.

Іс-шара барысында балалар эстафеталық ойындарға белсенді қатысып, қоқысты дұрыс сұрыптауды, суды үнемдеуді және өсімдіктерге қамқорлық жасауды үйренді.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan
