Мазмұнға өту
Обложка сообщества Астана жаңалықтары

Берекелі жәрмеңке

26-27 қыркүйек күндері «Қазанат» ипподромының автотұрағында өткен күзгі берекенің көрінісіндей болған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі елорда тұрғындарын бір алаңға жинады.

Қала тұрғындары үшін ұйымдастырылған жәрмеңкеде ине шаншар орын болмады. Себебі, мұнда бау-бақшада өсірілген құнарлы өнімдер мен ауыл шаруашылығы тауарларының түр-түрі ұсынылды.

Екі күнге жоспарланған жәрмеңкеге Маңғыстау, Алматы және Абай облыстарынан келген фермерлер өз өнімдерін әкелді. Қала тұрғындары үшін бұл - қажетті азық-түлікті тиімді бағамен сатып алуға таптырмас мүмкіндік. Сөрелерде көкөніс пен жеміс-жидектен бастап, ет, сүт өнімдері, бал, сары май секілді табиғи өнімдерге дейін бар.

Жәрмеңкеге келген жұрттың қарасы қалың. Бірі - қысқа салат жабуға қажетті көкөністерді келілеп алып жатса, енді бірі себет-себет жеміс-жидек сатып алды. Көпшілік үшін басты артықшылық – өнімнің сапасы мен таңдаудың молдығы, әрі бағасының нарықтағы құннан төмен болуы.

Қосшы қаласының тұрғыны Гүлзира Мешел де отбасымен арнайы келген. Оның айтуынша, жәрмеңке халыққа тиімді баға ұсынатын маңызды шара.

Гүлзира МЕШЕЛ, Қосшы қаласының тұрғыны:

«Жәрмеңке ең алдымен халық үшін ұйымдастырылып отырған ауқымды іс-шара деп ойлаймын. Бағалары тиімді екен. Халық та көптеп келіп жатыр, сауда қызу жүріп жатыр. Жолдасым екеуміз Қосшы қаласынан арнайы келдік. «Қыстың қамын жазда ойла» демекші, осы айда жабатын салаттарыма қажетті көкөністерді келілеп алдым. Сүт пен ет өнімдерін де молынан сатып алдым».

Астана қаласының тұрғыны Рүстем Сейдіуәлиев жәрмеңкеге биыл екінші рет келген. Ол мұндағы бағаның қолжетімді екенін айтады.

Рүстем СЕЙДІУӘЛИЕВ, Астана қаласының тұрғыны:

«Жәрмеңкеге биыл екінші рет келіп тұрмын. Көкөністер арзан бағамен сатылып жатыр. Алма, жүзім алдық. Енді бал алсақ деп отырмыз. Жәрмеңкеге жолдасым мен қызымды ертіп келдім. Дүкендерге қарағанда әлдеқайда арзан әрі таңдау көп».

Жәрмеңкеге алғаш рет келген тұрғындардың да пікірі оң. 70 жастағы Майрамгүл Дәулетбаева Абай облысынан арнайы келген өнімдерді сатып алуға ниетті.

Майрамгүл ДӘУЛЕТБАЕВА, Астана қаласының тұрғыны:

«Жәрмеңкеге алғаш рет келуіміз. Жасым 70-те. Абай облысынан арнайы келген қолдың сары майын, Өскеменнің табиғи балын аламыз деп отырмыз. Осындай жәрмеңкені ұйымдастырып отырған Үкіметке зор алғысымды білдіремін».

Ал Гүлназ Шәріппекова жәрмеңкеге түстен кейін келген. Оның айтуынша, мұндағы өнімдердің сапасы жоғары, ал бағасы көңілге қонымды.

Гүлназ ШӘРІППЕКОВА, Астана қаласының тұрғыны:

«Жәрмеңкеге түстен кейін келдік. Бағасы тиімді, қолжетімді, сапасы жоғары. Қолдың майын, етін, жеміс-жидектер алдық. Ұзынағаш пен Алматыдан келген сатушылардан өнімдер сатып алдық. Маңғыстаудың балын да алдық. Бағасы өте арзан екен. Жылқының етін де алдық. Бұйырса, алдағы уақытта да келіп тұрамыз. Жәрмеңке ұнады. Рақмет!»

Жәрмеңкеге тұрақты түрде келетін тұрғындар да бар. Кәмшат Ысқақова мұндай шараға отбасымен жыл сайын келетінін айтады.

Кәмшат ЫСҚАҚОВА, Астана қаласының тұрғыны:

«Жәрмеңкеге жыл сайын отбасымызбен тұрақты түрде келіп тұрамыз. Бағасы арзан. Бау-бақшаның өнімдері бар. Бал аламыз. Үйге қажетті өнімдердің барлығын осы жерден табуға болады. Баршаңызды шақырамыз!»

Жәрмеңке туралы жақында ғана естіген Дәурен Серікқалиев те бірден келуге асыққан. Оның айтуынша, мұнда ұсынылған өнімдердің сапасы көңілінен шыққан.

Дәурен СЕРІКҚАЛИЕВ, Астана қаласының тұрғыны:

«Жәрмеңке туралы жақында естідім. Бірден келуге тырыстым. Таңдаулар өте жақсы. Отбасыма қажетті өнімдердің барлығын алып жатырмыз. Аралап жүргеніме бір сағаттай уақыт болды. Ұнап жатыр. Барлығы таза әрі табиғи».

Жәрмеңкеге келушілер үшін көлік қатынасы да қарастырылған. Арнайы автобустар бөлініп, қала тұрғындарының сауда орнына еркін қатынауына жағдай жасалған.

Берекелі жәрмеңке - ауыл еңбеккерлерінің маңдай терімен өндірілген табиғи өнімдерін қала тұрғындарына ұсынатын ғана емес, өндіруші мен тұтынушыны тікелей байланыстыратын алаң. Ал халық үшін бұл - сапалы өнімді тиімді бағамен алып, қыс қамын қазірден ойлауға берілген зор мүмкіндік.

Осы тақырып бойынша