Сенат депутаттары "Масс-медиа туралы" заңды мақұлдады
Бүгін Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен жоғарғы палата отырысы өтті.
Отырыс барысында сенаторлар «Масс-медиа туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңдарды қарап, мақұлдады.
Палата Төрағасы атап өткендей, бұл заңдар масс-медиа саласындағы заңнаманы жүйелі түрде жетілдіруді көздейді. Негізгі заң арқылы масс-медиа қызметінің мақсаттары, қағидаттары мен міндеттері бекітілді.
«Оқиғаларды объективті түрде жариялау және таратылатын ақпараттың анықтығы заңда көрсетілген негізгі қағидаттардың бірі. Жаңа нормалар арқылы БАҚ қызметін ұйымдастыру шарттары, журналистердің кепілдіктері, олардың азаматтармен және ұйымдармен өзара қарым-қатынасының негіздері де реттелді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту мақсатымен отандық контентті дамытуға арналған ережелер де қарастырылған. Балалар мен мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қосымша қорғауға арналған нормалар да бар. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, мемлекет, медиа және қоғам арасындағы келісім Әділетті Қазақстанның берік іргетасына айналуға тиіс. Осы ретте мақұлданған заңдар барлық мүдделі тараптың пікірін ескеретін сапалы жаңа құқықтық модель қалыптастырады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Ұсынылған жаңа нормалардың қатарында қаржыландыру тетіктеріне, бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарына қойылатын ескіру мерзімдерін белгілеуге, БАҚ сұрауларын қарау мерзімдерін қысқартуға және тағы басқа мәселелерге қатысты новеллалар бар.
Айта кетейік, "Масс-медиа туралы" заңды Мәжіліс депутаттары 17 сәуірде қабылдаған болатын.
