Мазмұнға өту
Обложка сообщества Qogam

BE WOMAN ASIA 2026: Алматыда 25 елдің өкілдері бас қосты

15-16 қазанда Алматыда BE WOMAN ASIA 2026 Халықаралық форумы өтті. Шараға 25 елден 3 мыңнан астам қатысушы, 100 халықаралық спикер және 60 ментор жиналды. Биылғы форумның негізгі тақырыбы – «Этикалық күш»: технология мен қоғам өзгеріп жатқан кезеңде көшбасшылық пен жауапкершіліктің маңызы деп хабарлайды Yvision.kz.

Форумға Facebook Live жобасын жасаушылардың бірі Рэнди Цукерберг, Jo Malone брендінің негізін қалаушы Джо Мэлоун, екі мәрте «Оскар» алған режиссер Шармин Обейд-Чиной, кәсіпкер Пин Фу және цифрлық саясат жөніндегі сарапшы Тити Акинсанми секілді халықаралық деңгейдегі тұлғалар қатысты. Бағдарламада жасанды интеллект, кәсіпкерлік, көшбасшылық, білім беру, денсаулық, мәдениет және инклюзия мәселелері қамтылды.

Кітап жазу мен оны сату - екі бөлек мәселе

Форум аясындағы «Автордан кітап индустриясына дейін» сессиясында Әлия Әшім, Перизат Мырзахмет, Роза Әшірбаева, Мария Омар және Үнзила Мыңбай кітап жазу, басып шығару және оқырманға жеткізу мәселелерін талқылады.

Суретте: «Автордан кітап индустриясына дейін» сессиясының спикерлері

Әлия Әшім кітап сатылымына мұқаба мен атаудың да әсер ететінін, ал бағасы 5 мың теңгеден асатын кітапты сатып алуға кей оқырманның ойланып қалатынын айтты. Оның пікірінше, кітап жазу мен оны табыс көзіне айналдыру –  екі бөлек үдеріс. «Байығысы келетін адам кітап жазбайды», – деді ол.

«Сағыныш кейінге қалмайды» кітабының авторы Динара Болат жазушы еңбегінің сырт көзге көрінбейтін жағына тоқталды. Оның айтуынша, кітап жазу – түнгі еңбек пен ұзақ ойлануды, оқырманға не жеткізетіні үшін жауапкершілік алуды талап ететін жұмыс

«Стереотиптерден жүйелі өзгерістерге» сессиясында Дина Төлепберген, Жанна Уразбахова, Ақмаржан Кушербаева, Дана Есеева және Сағадат Сабитова әйелдерге қоғам тарапынан қойылатын талаптар, теңсіздік және өзгерістер қажеттігі туралы пікір алмасты. Сессияға Гүлжазира Зулкарнаева ментор болды.

Дина Төлепберген журналистикаға мектептің 9-сыныбында келгенін еске алды. Алғашқы сұхбаттарының бірінде кейіпкері қажетті сұраққа жауап бермегенде, журналист сұрағын үш рет қайталаған. Осы әрекеті үшін ертеңіне сын естігенін айтқан ол журналистің өзіне қажет жауапты алу үшін табандылық танытуы керектігін атап өтті.

Суретте “Таптаурындардан жүйелі өзгерістерге” панельдік дискуссияның спикері Дина Төлепберген  

Сондай-ақ ол қылмысты ақтауға, оған үнсіз қалуға немесе ортақтас болуға болмайтынын айтты. 

Жазушы, сценарист және «Өмірдің аты М» бестселлерінің авторы Перизат Мырзахмет қазақ әдебиетіндегі өнеге боларлық әйел бейнелерін талдады. Оның айтуынша, қазақ әдебиеті бала кезінен оған өмірлік үлгі болған. Шығармалардан ол ақылды, сұлу, намысын қорғайтын әрі салт-дәстүрді сақтайтын әйелдерді таныған. Алайда кейін қазақ әдебиетін ескірген, психологиялық тереңдігі аз деп бағалайтын пікірлерге тап болған. Перизат Мырзахмет бұл көзқараспен келіспейді. Ол Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романында зорлық-зомбылықтың психологиялық салдары терең суреттелгенін атап өтті. Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» шығармасында әйел құқығын қорғауға ұмтылған қайсар кейіпкер бейнеленеді. Ал Дулат Исабековтің «Қарғын» романы әйелдің ішкі әлемін ашып, бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған мәселелерді көтереді. Сонымен қатар, Алтыншаш Жақанованың 1975 жылы жазылған «Еркежан» шығармасында қыз баланың өзін және қоғамдағы орнын тануы көрсетілген. Жазушының пікірінше, бұл туындылардың «кінәсі»  өз уақытынан тым ерте жазылғаны; ал оның «Қайырымсыз қала тұрғындары» кітабы қазақ әдебиетіне үлес қосып, әйелдердің өзін тереңірек түсінуіне көмектесуді мақсат етеді.

“Жүсіпбек Аймауытов әйел теңсіздігі мен оның мүмкіндігін ашу үшін “Ақбілек” романын жазды. Әлем қыздардың құқығы туралы айтып,енді оянып жатқанда біз оны жазып қойғанбыз. Тек уақытынан ерте шығып,өз бағасын дұрыс ала алмады” дейді жазушы. 

BE WOMAN ASIA 2026 форумында халықаралық сарапшылардың тәжірибесімен қатар, кітап индустриясы мен қоғамдағы гендерлік стереотиптер секілді мәселелер де талқыланды. Қатысушылар мен спикерлердің айтуынша, форум жоғары деңгейде өтіп, пайдалы ақпараттарға толы болды.

Сымбат ӘУЕЛБЕК

Осы тақырып бойынша