Нарынқолдықтар үн қосты (12.09.2017)
Бір қызығы бұлардың ешқайсысы да филолог мамандар емес,-деп хабарлайды Күлімхан-Қизат. Ғылыми емес конференция күтпеген жерден басталды. Жырық Жұманның үйіне «черный кассаға» жиналған достар ет жеп болғаннан кейін, шай дастарханы дайын болғанға дейін әңгіме қылайық деп, әрқайсысы бір-бір жастық жастанып, теледидар тамға жантая кеткен. Дәл осы сәтте күнделікті жаңалықтар тізбегінің де уақыты болған екен. Жаңалық жаршысы күннің басты оқиғаларының бірі, "латын әліпбиінің нұсқасы таныстырылғанын" кеңінен толғап берді. Сол сол-ақ екен, жиылған қонақтар бірден осы тақырыпты талқылап ала жөнелді. "Латын қарпіне ауысқанымыз дұрыс па, әлде осы орыс әрібінде қала бергеніміз жөн бе?" деген сұрақ төңірегінде өз ойларын ортаға салды. - Ақыр оқып, жазып жатқанымыз чамалы, бізге бұның қатысы аздау,-деп, қысқа қайырды Мәлік деген жігіт. - Қалай қатысы жоқ? Бәріміз де бала оқытып отырмыз,-деді Нұрланның келіншегі. Нұрланның келіншегінің сөзін Нәдира да қостап: - Иә, солар қиналып қалатын сияқты ғой мына түрімен,-деді. Қырсық Көмекбай: - Ендігі қалған өмірімді осы әріптермен-ақ өткізермін. Көшпеймін.Бауырларым мына тұрған Алматыға көшейік дегенде де, ауылда қалып кеткем,-деді. Осы тақілеттес пікірді отырғандаң әрқайсысы білдірді. Бәрінің айтқан әңгімесінің қорытындысында балалар қиналып қалмаса болды, бізге әріп-пәріп дегеніңнің онша керегі жоқ деген қорытындыға келді. Оны Майгүлдің мына сөзінен анық байқауға болады. Кенжегүлдің: - ватсапқа жазғанда қалай жазамыз, сонда?-деген сұрағын Майгүл: - Ой, құрсын, галасабой чыққалы, есемесіңді де жазбайтын болдық қой,- деді. Жиналыс қорытындысында, кішігірім отырысқа қатысқан «оқымаған ғалымдар» өз нұсқаларын да ұсынды. Егер латын әліпбиін өтетін болсақ, ш әрібі сөздің басында кездессе ч болып жазылсын, ч болып оқылсын деді. Өйтпесек, нарынқолдықтарға ғана тән тілдік ерекшелігіміз жойылады деген қауіп білдірді. Сондықтан біз ұсынған нұсқа өте дұрыс, біз әлімсақтан солай сөйлейміз деді. Мысалға: Чаңғарақтарыңнан чаттық кетпесін. Бір чәугім чәйімізді бөліп ішіп жүре берейік. Чындық деген чың сияқты, чықсаң басың чыр айналады. Құдайға чүкір, бұдан жаман күнімізде де тойға барғанбыз. Міне осылай кете береді. Жиын соңында келген қонақтар жиған ақшаларын Жұманның әйелінің қолына ұстатып, ән салып тарқасты: «Арчаларым, чырчаларым, Сендерге арнап мен бүгін ән саламын, Сарыжайлауым». Матиралды көшіріп басу үшін: "Че-е-е-шек атты алмағаштары",- деп ән салып жүрген қайнысын, қағынғыр чешек-ай, деп ұрсатын Күлімхан тәтеден батсаб арқылы, голосовоймен ауызша рұқсат алу міндетті.
Ақпарат көзі
