Нұрлан Ұранхаев: «Елдік жолында күрескен ұландар қашанда ұлықтауға лайықты»
Абай өңірінде бүгінгі Жеңіс күні облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың құттықтауынан басталды. Ол әкімдіктің ресми сайтында таңғы сағат 8-ден өте жарияланды.

«Қымбатты ардагерлер!
Құрметті жерлестер!
Халқымыз үшін қастерлі мереке – Ұлы Жеңіс күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін — жанқияр ерлік пен еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген ұлы мереке. Халқымыз «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деп, жеріне қорған болған азаматтарды әрқашан ерекше құрмет көрсете білген.
Жеңіспен өрілген ұлы тарихымыз – Отан үшін от кешкен батырларға кенде емес. Сол себепті елдік жолында күрескен ұландар қашанда ұлықтауға лайықты», – делінген әкімнің құттықтауында.Нұрлан Ұранхаев бүгінгі халқымыздың есімдері тарихтың бетінде мәңгі қалған аға буын алдында шексіз қарыздар екенін, ешкім де, ешқашан да ұмытылмайтынын жеткізді.
Әкімнің айтуынша, Абай облысында Жеңістің 79-шы көктемін 5 соғыс ардагері мен 2 мыңнан астам тыл еңбеккері қарсы алып отыр. Оларға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіле бермек.
«Осынау Ұлы күнде әр шаңыраққа шаттық, ырыс пен бақ-береке орнасын.
Елдігіміз еңселі, болашағымыз баянды, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Жеңіс жалауы мәңгі желбіресін!» – деп аяқтады аймақ басшысы өз құттықтауын.

Сондай-ақ, бүгін Ұлы Отан соғысының батырларына арналған мемориал- саябақта үлкен іс-шара өткізілді. Онда елі үшін жанын құрбан еткен жауынгерлер рухына тағзым жасалып, Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылды. Қонақтарға концерт көрсетіліп, майдан асханасы ұсынылды.

Ал кеше Нұрлан Ұранхаев соғыс және тыл ардагерлерін арнайы үйлеріне барып құттықтаған еді. Ол қарттарға жауға қарсы жанқиярлық ерліктері мен жеңісті жақындатуға қосқан өлшеусіз үлестері үшін алғыс білдірді.
Сондай қаһарман қарт жауынгерлердің бірі – Александр Атавин Батыс майданның 58-ші дивизия құрамында ауыр минометтерді тасымалдайтын көліктің жүргізушісі бірі болған. Оған мереке қарсаңында үлкен құрмет көрсетілді.

95 жастағы Екатерина Краснянская да соғыс қиыншылығын бастан өткерген. Әскери госпитальде санитар болып жұмыс істеп, Волхов және Ленинград майдандарына қатысқан.
Маршал А.М. Василевскийдің басшылығымен бірнеше майданда соғысып, Харьковті азат етуге атсалысқан «Халық Қаһарманы» Әбдіғали Қаймолдин мен Польша және Чехословакиядағы қырғын шайқастардың ортасында болған Иван Шевцовқа да лайықты құрмет көрсетілді.
Ардагерлер облыс басшылығына құттықтаулары үшін алғыс білдіріп, барша қазақстандықтарға ашық аспан, зор денсаулық тіледі.
