Мазмұнға өту
Обложка сообщества Абай облысы

«Бұл мен үшін тарихи кездесу»: Президент Кеңесшісі Мәлік Отарбаев Бородулиха халқымен жүздесті

Бородулиха ауданына Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев келіп, жергілікті тұрғындармен кездесті. Іс-шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауы талқыланды.

Алғаш болып аудан әкімі Айдар Ибраев сөз сөйлеп, Президенттің ұстанған бағыты – елдің жаңа даму кезеңіне жол ашатын нақты іс-қимыл бағдарламасы екенін атап өтті. Ол аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобаларға тоқталды: басқару жүйесін цифрландыру, ауыл шаруашылығында дәлме-дәл егіншілік пен «ақылды» технологияларды енгізу, коммуналдық саладағы жаңашыл шешімдер туралы айтты.

Аудандық мәслихат төрайымы Сауле Урашева мен Қоғамдық кеңес мүшесі Рыскүл Атаева өз сөздерінде тұрғындарды елде жүріп жатқан өзгерістерге белсенді қатысуға шақырды. Олардың пікірінше, цифрлық трансформацияның табысты болуы әр азаматтың жауапкершілігі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Сондай-ақ, болашақ ұрпақтың бақыты мен игілігі бүгінгі еңбектің нәтижесіне тәуелді екенін атап өтті.

Өз кезегінде ҚР Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев тек жасанды интеллект пен цифрландырудың маңызына тоқталып қана қоймай, ұлт тарихы, рухани құндылықтар мен Ұлттық құрылтайдың рөлі туралы да мазмұнды ойларымен бөлісті.

-Бұл мен үшін тарихи кездесу. Мен Абай облысында бірнеше рет болсам да, Бородулиха ауданына алғаш рет келіп тұрмын. Бірақ сіздер туралы бұрыннан білемін. Бұл жер – жазушылары мен әншілері, Кеңес Одағының батырлары шыққан қасиетті өңір. Сіздердің адами және рухани әлеуеттеріңіз ерекше. Осындай халық барда елдің болашағына сенім мол, – деді Мәлік Отарбаев.

Президент Кеңесшісінің жылы лебіздері мен шынайы ықыласы залда отырғандарға ерекше әсер қалдырды. Кездесуден кейін тұрғындар алған әсерлерімен бөлісіп, Мәлік Отарбаевтың Жолдаудың мәнін қарапайым әрі шабытты түрде жеткізе білгенін атап өтті.

0
0
3758

Осы тақырып бойынша

«Бұл мен үшін тарихи кездесу»: Президент Кеңесшісі Мәлік Отарбаев Бородулиха халқымен жүздесті - Yvision.kz