Мәсімовке рақымшылық жасала ма?
Бұл сұраққа бүгін Парламент кулуарында Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы Назгүл Рахметуллина жауап берді.

Назгүл Рахметуллинаның айтуынша, Жоғарғы сотқа Кәрім Мәсімовке қатысты ешқандай іс келіп түспеген.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұрынғы басшысының кешірім жасау туралы Президентке өтініш жолдағанын бұрын хабарлағанбыз.
Айта кетейік, Кәрім Мәсімов 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған еді. 2023 жылы сәуірдің аяғында Астана соты оны мемлекетке сатқындық жасағаны, билікті күшпен басып алуға талпынғаны, билік пен қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін 18 жылға бас бостандығынан айырды.
Қазір Мәсімов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қаулысы негізінде ҰҚК тергеу қапасында отыр. Өйткені оған қатысты Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігінің 3-пункті (Қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге мүлікті заңдастыру (ізін жасыру) және 366-бабының 4-бөлігі (Ірі көлемде пара алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
