Үлескерлердің миллиардтарын алдап алды деген күдікпен Ресейде ұсталған азамат елге әкелінді
Бүгін Бас прокуратура Қазақстан Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Ресейден күдіктіні экстрадициялады. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Ол 2020-2023 жылдар аралығында құрылыс компаниясының басшысы бола отырып, Астана қаласында премиум санатындағы пәтерлерді салу және сату сылтауымен алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында 4,3 млрд теңгеден астам сомаға 200-ден астам үлескердің ақшалай қаражатын ұрлап кеткен.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, осыған байланысты халықаралық iздеу жарияланды.
Өткен жылдың қараша айында Қазақстанның Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша бұл тұлға Ресей аумағында ұсталып, оны экстрадициялау туралы шешім қабылданды.
Елге пойызбен жеткізілген ол тергеу қапасына қамалды.
Қылмыстық топтың басқа сыбайлас қатысушылары өткен жылдың соңында ұсталынып, қазірді таңда оларға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Мұндай қылмыс жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
