"Біз ешқайда кетпейміз". TikTok басшылығы желіге тыйым салғалы жатқан АҚШ билігімен соттасатын болды
АҚШ Сенаты қоғамда қызу талқыланған TikTok туралы шулы заңды қабылдап, оған Президент Джо Байден қол қойды.

24KZ телеарнасыңы хабарлауынша, аталған құжатқа сай желі иесі қытайлық ByteDance компаниясы 9 ай ішінде қосымшаның америкалық үлесін сатуы тиіс. Олай жасамаған жағдайда желіге тыйым салынады. АҚШ Конгрессінің TikTok-қа қатысты заңды қабылдауына танымал желінің Қытай билігімен байланысы ықпал еткен. Заң шығарушылар да, қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар да Қытай үкіметі қосымша арқылы америкалықтардың құпия деректеріне қол жеткізіп, үгіт-насихат жүргізуі мүмкін деп қауіптенеді.
Ал TikTok басшысы Шоу Зи Чу ресми Вашингтонның бұл шешімімен келіспейтіні туралы бейнеролик жариялады.
"Бұл заң 170 миллион америкалықты TikTok-тан айырады. Ол қосымшаға ғана емес, сіздің дауысыңызға да тыйым салады. Өйткені TikTok сөз бостандығы сияқты америкалық құндылықтарды дәріптейді. Осы себепті желі көптеген адамның күнделікті өмірінің маңызды бір бөлігіне айналған. Біз ешқайда кетпейміз. Сотта сіздердің құқықтарыңыз үшін күресуді жалғастырамыз. Конституцияға сүйеніп, жеңіске жетеміз деп үміттенеміз", - деді Шоу Зи Чу.
Алайда қытайлық компания сотқа шағым түсірсе, мәселе тағы көп айға созылуы мүмкін. Бұл аралықта қосымшаның АҚШ-та қызметін жалғастыра беруге мүмкіндігі бар. Жалпы сарапшылардың бағалауынша, TikTok-тың америкалық үлесі ондаған миллиард доллар болады. Сондықтан мұндай бағаға сатып алушылардың тез арада табыла қалуы екіталай екен. Оның үстіне Meta және Google сияқты технологиялық алпауыттарға монополияға қарсы заңға сәйкес оны сатып алуға тыйым салынуы ықтимал.
