Банальный сюжет деп жатады. Осы бір сөз киноға қатысты айтылғанда сүйкімсіз болғанымен, адам өміріне келгенде осыдан қолайлысы жоқ.
Адам өмірін кино деп қарайықшы. Драма, мелодрама, бовик, детектив (криминал) деп кете береді. Тұтас өмірің драма. Бозбала шағың мелодрама. Бовик пен детективтен Алла өзі сақтасын. Экшнға әркімнің арты шыдай бермейді.
Меніңше банальный өмір дегеніңіз бақытты өмір. Банальныйдың бір мағынасы таптаурын. Ал, енді таптаурын дегеніңіз бақыттылардың өмірі. Ол қалай сонда?
Банальный тағдыр кешіп келе жатқан отбасында туып-өсіп, банальный өмір жолыңды бастап, қалаға келесің. Жатақханадан оқу корпусына қарай бет алып, темекі шегіп келе жатасың. (Темекі шегудің өзі банально. Әйтпесе неге шөп шекпеске?) Сол кезде алдыңнан бір қыз шығады. Кітапханадан келе жатыр екен. Қолында сөмкесіне сыймаған кітаптары бар. Ұнап қалады. Араға уақыт салып тағы да кезігіп қаласың. Танысасың. Есентайды жағалап Әуезов театрына барасың. (Бұл да банально). Неге түнгі клубқа бармасқа? Театардан келген бетте жатақхананың алдына тұра қаласың. Қыздың кіргісі, сенің кеткің жоқ. Бірақ, жатақхана жабылады. Қимай-қимай қоштасасың. (Барып тұрған банально). Неге қонақ үйге бармасқа. Арада уақыт өткен. Қыстың аяз қысқан түндерінің бірінде сүйісесің. Туретский екен деп алданып алған қытайлық арзан етігіңнің ішіндегі нәскиің басында суланып, артынан мұз болып қатып қалған. Қалшылдап тұрсаң да қайтпайсың.
Сүй жан сәулем, тағы да сүй, тағы да.
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін,
Патша тағы, бүкіл дүние малына.
Жылы көрпеде жалғыздан жалғыз жатқанша, сақырлаған аязда сүйісіп тұра бергің келеді. Титаниктегі Джек құсап қатып өліп қалудан да бас тартпайсың. Қыз кейін аңыз қылып айтып отырса қандай керемет. Айтып отырмай қалсын. Кейінгі жүрген жігіті қызғаншақтау болып, аузын ашпаған күйі өтер. Кейін қартайғанда шалы қайтыс болып кеткесін айтса айтар. Бірақ Джеймс Кемеронға айтпағасын, айтты не, айтпады не, айырмасы жоқ. Көрші Күләндаға айтты деңіз, бетін бір шымшиды да қоя салады. Демек, сенің сүйісіп тұрып өліп кеткен ерлігіңе татымайды. Қайтасың. Жатақханаңа келіп айнаға қарайсың. Біртүрлі нұрланып тұрасың. Бірақ, ернің көгеріп кеткен. Аяздан. Аяғың жылынып болсашы. Қытай етіктің кесірі. Сен де жұпыны үйден шыққансың, қыз да дихан шаруаның ортаншысы екен. Тоже банально.
Қойшы, сүйістің қадірі енді кете бергенде үйленіп тынасың. Банальный құдалық, банальный той. Шешесі байқұс жетім өкпесі желпілдеп, жеті көрпесін арқалап жеткен екен. Неге квартираның кілтін бере салмасқа. Киіттер де сол. Құда мен құдағиға арнайы алынған жағалы киіт. Басқалары киюге келе бермейтін кастюм-шалбар, оны-мұны.
Қойшы әйтеуір сонымен бір жылда балалы, бірнеше жылда шағалы боласың. Бірін мектепке, бірін садикке сүйреп жүре бересің. Олар өседі. Ұзатасың, келін аласың. Немере сүйесің. Жасың жетпістен асып, сексенге жақындағанда банальный ауру жабысады. Қалыңды сұрап келіп жатқан адамдар. Бәрінің айтатыны банальный өтірік. «Әнәукүнгіге қарағанда өңіңіз жақсы, жазылып кетесіз». Банальный сенім. Қайтыс боласың. Банальный жылап-сықтау. «Асқар тауым-ау, әкем-ау, ау-вау». Өзіңе табиғи немерең ғана шын жылап тұр. Қимайды. Басқалар сабырға келген. Өмірді түсінген. Қайтқаннан кейін үш күн бойы банальный жатыс. Неге сонша балаңның ішінен бір салафит шығып, сол күні (қайтыс бола салысыңмен) жерлеп тастамайды. Беті аулақ. Банальный молда. Банальный сұрақ, банальный жауап. - Жақсы адам ба еді? – Жақсы адам еді.
Міне банальный өмір, банальный тағдыр. Күшті емес пе иә. Банальный бақыт деген осы.
Ал, мына шенеуніктердің экшн өмірін адам басына бермесін. Күтпеген жерден өсіп, күтпеген жерден байып, соншыма құзіретті бола тұра күтпеген жерден қамалып қалуға біздің жүрек шыдамайды, әкем. Бізден кереметтей кейіпкер емеспіз.
Бәріңізге банальный өмір, банальный бақыт тілеймін. Біздегі мұң да банальный.
«Все счастливые семьи счастливы одинаково, каждая несчастливая семья несчастлива по-своему».
461 жазбалар50 тіркелуші
0