Мазмұнға өту
Обложка сообщества QazAgym

Бақытты Жамал (Шағын хикаят)

Жамалдың бала күнінен келе жатқан кітап оқитын әдеті қалмаған. Бұл күнде ол осы үйден кішігірім кітапхана жасап алған. Бүгін де бар жұмысын бітіріп қойып, кішкентай бөпесі жатқан бесікті тербеп, кітап оқып отыр. Кейде бұрынғы оқыған кітаптарын қайталап оқитын. Бұл жолы да сөйтті. Сырласына, мұңдасына айналып кеткен Мұқағалидың өлеңдерін қолына алған. Кезекті өлеңінің мына бір жолы оны тағы да ойландырып тастады.

"Жүргенде қатал тұрмыс илеуінде,

Білмеймін, сүйдім бе мен, сүймедім бе?.

Жастықта жалын атып сүйсем егер,

Түспес ем осындай күйге мүлде".

Рас-ау, Жамал кімді сүйіп еді?. Нұрболға деген сезімі жылт етпе балаң сезім сияқты. Шердің адамдық болмысын сыйлағаны болмаса, арыға барған емес. Жәнібекті жақсы көрді. Бірақ оны да махаббат дей қою қиын. Туа бітті момындығының арқасында еріп кете берді. Еріп кете бергені өз алдына, қайт дегенде үнсіз қайтып кете салды. Сонда мұның өзіндік ішкі мені, адамдық құны болмағаны ма? Қарап тұрса, осыған дейінгі өмірі бақытты Жамал деуге келмейтіндей екен. Тағдыры сарсаңға салған біреу, әйтеуір. Ал, қазір ше? Қазір ол бақытты. Тым бақытты. Енді өмір бойы әйел бақыты, ана бақыты бұйырмайтындай сезініп жүргенде, бірден үш баланың анасы атанып, артынша төрт балалы әйел болды. Арқа сүйер, құрмет тұтар азаматы бар. Ол екеуінің арасындағы нәзік сезім ештеңеге айырбастамайтындай, айырбасталмайтындай аяулы. Қайрат жұмысқа кетерінде қимай қоштасады, кеште сағынысып көріседі. Кейде жастар махаббаттың елесін  қуып, қиялдағы қалқасын қуалап, ақыр соңында қалың тұман ішінде өздері адасып қалып жатады... Ал, Жамалдың мына бір момын жүрегіндегі момақан махаббаттың мағынасы мүлде бөлек. Момынның ісін Құдай оңдайды деген рас екен, бұл махаббат, бұл бақыт – Жамалдың тағдырының өзіне тартқан сыйы еді. Кішкентай жетімектерге бақыт сыйлаймын деп келіп, өзі бақыт тапты.

***

Жамалдың жырдан қызық өмірі жалғаса бермек. Бақыты баянды болсын.  Ал, әңгіме осымен тәмам.  

Ақпарат көзі

0
1
2004

Осы тақырып бойынша

Бақытты Жамал (Шағын хикаят) - Yvision.kz