Қазақстан хоккейден әлем чемпионатын жеңіспен бастады
Чехияның Прага және Острава қалаларында бастау алған хоккейден әлем чемпионатының бүгін екінші күні. Осы күні Қазақстан мен Франция құрамалары арасында матч өтіп, біздің хоккейшілер 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Қарсыластарымыз 2-минутта-ақ есеп ашып үлгерді. Шайба соққан – Энцо Кантагалло. Бірақ содан кейінгі 1 минутта біздікілер де есеп теңестірді. Бұл үшін Роман Старченкоға рахмет айту керек.
8-минутта Максим Мұхаметов гол соғып, алға шықтық. Одан кейін командаларға сәл үзіліс берілді.
Екінші кезеңде қазақстандық хоккейші Кирилл Савицкий үшінші шайбаны салды.
Ал үшінші кезеңде 3:1 есебі сол күйі өзгермеді. Осылайша, Қазақстан хоккейден 2024 жылғы әлем чемпионатындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Ертең (сағат 15:20) Қазақстан Словакиямен ойнайды.
Біздің хоккейшілердің одан кейінгі ойын кестесі мынадай:
14 мамыр, 19:20
Қазақстан - Латвия
16 мамыр, 19:20
Қазақстан - Швеция
17 мамыр, 19:20
Германия - Қазақстан
19 мамыр, 19:20
АҚШ - Қазақстан
20 мамыр, 23:20
Қазақстан - Польша
Айта кетейік, 7 мамырдағы жолдастық кездесуде Қазақстан Ұлыбританияны 5:2 есебімен жеңген болатын.
