Мазмұнға өту
Обложка сообщества Алматы облысы

Алматы облысында кезекті көне қоныс табылды

Әл Фараби атындағы ҚазҰУ археологтары арнайы жоба аясында еліміздің аумағындағы ежелгі қоныстардың орнында қазба жұмыстарын жүргізу ісін жалғастыруда.

Жобаға PhD доктор Ринат Жұматаев жетекшілік етеді. Ал америкалық археолог-ғалым Клаудиа Чангтың жетекшілігімен қазіргі Алматы облысының жерінде орналасқан Белбұлақ мекені зерттелген. Ғалымдар соның нәтижесінде осы көне қоныстан бірнеше үйдің орнын тапты.

Бұл жер үйсін дәуіріне тиесілі делініп отыр. Өйткені одан сол замандарға телінетін керамика сынықтары мен түрлі жан-жануардың сүйектері табылыпты.
Археологтардың жазғы далалық жұмыстары өткен айдың 24-і мен осы айдың 10-ы аралығында жүзеге асырылған. Бұл шаруа келесі далалық маусымда да жалғасады деп күтілуде.

Жалпы, Қазақстан аумағында ежелгі қоныстар мен қорымдар көптеп табылып жатады. Мысалы, былтырғы жазда Шығыс Қазақстан облысында кезекті көне қорымның орыны анықталды. Ол қола дәуіріне тиесілі екен. Ондағы әйел зиратының жанынан 200-ге жуық асық пен бақа бейнеленген қола бұйым шығыпты.

Ринат Жұматаевтың айтуынша, шығыс өңірдегі қазба жұмыстары 2016 жылы басталған. Сол кезде ШҚО әкімдігінде еліміздегі түрлі ғылыми орталықтарда еңбек ететін ғалымдар жиналып, археологияны дамытудың жаңа бағдарламасын қабылдапты. Содан бері айтарлықтай жұмыс істеліп, әлемдік деңгейдегі жаңалықтар ашылған.

Мәселен, 2018 жылы Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы жайлауында ерте сақ дәуіріне жататын «Алтын адам» табылған. Оның бір ерекшелігі тоналмағанында болып тұр. Яғни 1969 жылы Есік қорғанынан қазып алынған «Алтын адамнан» кейін еш бүлінбей шыққаны сол ғана екен. Сонымен қатар ол Алматы облысындағыға қарағанда ескілеу заманға тиесілі.

Дереккөз: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

0
0
439

Осы тақырып бойынша

Алматы облысында кезекті көне қоныс табылды - Yvision.kz