Адамгершілік
Ол кезде ауылды жерлерде дәрігер жоқ, ата-анасы сол жердегі емшілерді шақырып, қаратады. Бала айығып кете қоймайды. «Баланы емдей алатын енді кім бар?» дегенде: «Осында аузы дуалы Оспан қожа деген ғұлама бар, бір емдесе, сол емдер» дейді бір кісі. Содан Оспан қожаны алдырып, қаратқанда: «Балаңыз өзіне қойылған есімді көтере алмай жатыр. Мен үш күн дем саламын, Құдай қаласа, сәтін салып, балаңыз жазылып кетер. Алладан жәрдем тілеңіз. Кейін ол үлкен азамат болады», - депті. Кейіннен Димаш Ахметұлы үлкен азамат болып, ел басқарып тұрғанда әкесі осы жайды есіне салып: «Баяғыда Бақанаста саған дем салып, аман алып қалған Оспан қожа халық жауы болып ұсталып кетіп еді. Оның ұлы Сәрсен сол жерде аудан басқарды, Отан соғысына кетіп, қайтпады. Содан жалғыз ұл бар деп естимін. Текті әулеттен шыққан тұяқ қой, тауып алып, қол ұшын бергейсің», - деп аманаттапты. «Әкемнің сөзін екі етпей, сол жігітті тауып, үлкен қызметтерге өсірдім. Қамқорлық жасадым. Бәрін сыртынан бақылап отырдым. Ешкімге ешнәрсе айтпадым да. Ол жігіт сол Оспан қожаның немересі – Сәрсенов Өмірзақ болатын. Өмірзақ көп жыл Қазақстан Тұтынушылар Одағының төрағасы, Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Мен оны қызметке қойдым деп тіс жарған емеспін. Бірақ әкемнің аманатын орындадым. Ол да адамгершілікпен, тегіне сай, лайықты қызмет атқарды», - депті Димекеңнің өзі бұл оқиға жөнінде. Адамгершіліктің биік шыңы деп әкелі-балалы екі кісінің осы игі мінезін айтсақ керек-ті. Маке Кемел ағадан алдым
Ақпарат көзі
