Мазмұнға өту

Жаңа

«Нұрлы жол»: Соңғы 5 жылда Қытай-Еуропа бағдарындағы транзит көлемі 17 есеге өсті

Қазақстанда ресми тіркелген дипломатиялық корпустың және әлемдік озық БАҚ өкілдері «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА нысандары, «Алтынкөл» станциясы, Қазақстан-Қытай халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығында болды (ХШЫО), деп хабарлады «ҚТЖ» АҚ.

АЭА-да кездесуге «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы мен ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, қатысты.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ салған «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА жаңа экономикалық саясат «Нұрлы жол» бағдарламасы нысандарының бірі.

Президент Н.Назарбаев атап өткендей, «Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының негізі – инфрақұрылымды дамыту. «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар экономикалық өсудің инфрақұрылымдық негізін қамтамасыз етуге бағытталған».

Жетіген – Қорғас, Жезқазған – Бейнеу темір жол желілері, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомобиль дәлізі мен Ақтау теңіз порты, «Қорғас- Шығыс қақпасы» АЭА Қазақстанның әлемдік көлік және сауда жүйесіне ықпалдасуын қамтамасыз етеді.

Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері, сондай-ақ Еуропа, Парсы шығанағы т.б маңызды бағыттардың тоғысатын жерінде орналасқан «Қорғас - Шығыс қақпасы» АЭА Жаңа Жібек жолы желісіндегі жүк ағындарын шоғырландыру орталығы болып табылады. Қазақстанның мультимодальдық логистикалық желісін дамытуға қолайлы мүмкіндігі, ірі өндірістік кәсіпорындарда және сауда жүйелерін ұйымдастыруда әлемдік деңгейдегі болашағы зор дистрибуциялық орталық болып қалыптасуға әлеуеті жеткіліікті.

«Қорғас - Шығыс қақпасы» АЭА-да дипломатиялық миссиялардың алдында «ҚТЖ» ҰК» АҚ вице-президенті Қанат Алпысбаев сөз сөйледі. «Қазақстан, Еуразияның қақ ортасында орналасып, транзиттік әлеуеттің дамуына ерекше көңіл бөледі. Бүгін, Қазақстан мен Қытай арасындағы құрғақ жүк дәлізі көлік-транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында шекарада 40 млн.тоннадан жоғары көлемде жүк тасымалдауға мүмкіндік беретін темір жол және логистикалық инфрақұрылым салынды»,- деді. Сондай-ақ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ көлік және логистика қызметтерін ұсынуға дайын. Соңғы 5 жылда Қытай-Еуропа бағдарындағы транзит көлемі 17 есе өскендігін Қ.Алпысбаев атап өтті.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ вице-президенінің айтуы бойынша, Қазақстанда «Rail Air» сызбасы негізінде мультимодальды тасымалдау серіктестеріміз үшін логистикалық шешімнің оңтайлы түрі болмақ. Бұл сызба жүкті Қытайдан Қазақстанға контейнерлік пойыздар арқылы, ал Қазақстаннан Еуропаға әуе тасымалы арқылы жеткізуді қамтамасыз етеді.

Бұл күні Форум ұйымдастырылды. Форумда «KTZ – Khorgos Gateway» ЖШС бас директоры Карл Гейсен ««KTZ – Khorgos Gateway» ЖШС Құрғақ порт жобасын  Dubai Port World әлемдегі ірі логистикалық оператормен бірлесе жүзеге асыру» тақырыбында тұсаукесер рәсімін өткізді.

Ол өз сөзінде «Khorgos Gateway» Қазақстандағы алғашқы жер порты, сондай-ақ Орталық Азиядағы ең ірі логистикалық парк. Құрғақ порттың жүкті қысқа мерзімде тиеу-түсіру мүмкіндігі тауарларды Жаңа Жібек жолы арқылы тез әрі тиімді тасымалдауға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

«KTZ – Khorgos Gateway» Құрғақ порты екі ай ішінде 10 мыңнан стам ДЭФ орындады, сонымен қатар жиынтық-дана өнімдерді өңдеу жұмыстары да белсенді жүргізіліп жатыр. ЕО-тан ҚХР-ға және ҚХР-нан Еуразия континентінің нарығына автокөліктерді тасымалдау ұйымдастырылып жатыр. Жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту арқылы шташ құрылған. Олар әлемнің көлік-логистика орталықтарында шеберліктерін шыңдап жатыр.

Бүгінгі таңда «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА мен Алтынкөл станциясы арқылы транзитті контейнерлік пойыздарды  өткізу туралы HewlettPackard, DBSchenker, Toyota, FESCO, BRAVIS компанияларымен  келісім шартқа қол қойылған.

«Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығында «KTZ Express» АҚ президенті Санжар Елубаев дипломаттарға Қазақстан-Қытай арасындағы бірегей жобасының маңыздылығы туралы айтты. ««Қорғас» ХШЫО-ның негізгі мақсаты шекаралық, сауда-экономикалық серіктестік пен Ұлы Жібек жолындағы халықаралық туризмді дамыту болып табылады.  «Қорғас» ХШЫО құру халықаралық сауда мен ҚР, ҚХР аумағынан визасыз өту арқылы туристік индустрияны дамытуға,  сауда шарттарын жасасуға қосымша мүмкіндік береді».

«Қорғас» ХШЫО-да экспорт-импорттық сауда операциялары мен контрактілі логистика бойынша  5 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жұмыстары басталды. Тағы 10 жоба қарастырылып жатыр. Жобаларды инвестициялаудың жалпы көлемі 300 млн.долларды құрайды.

Ақпарат көзі

   
0
0
423

Б.Байбек Алматының әлеуметтік сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

Алматыда әлеуметтік сала қызметкерлерінің Күніне арналған салтанатты шара өтті. Қала әкімі Бауыржан Байбек бұл мерекенің қаланың әлеуметтік саласындағы 2,5 мың алматылықты біріктіріп отырғандығын атап өтті, деп хабарлады қала әкімдігі.

«Бұл мереке - өздерін қолдау мен көмекке зәру жандарға қол ұшын беруге арнаған жандарға жасалған құрмет. Сіздердің басым көпшіліктеріңіздің өз мамандықтарыңызды өмірлік мән ретінде қабылдағандарыңызға сенімдімін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанды модернизациялау: қоғамның жалпы еңбегінің 20 қадамында» Қазакқстанның тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік мемлекеттің мықты іргетасы қаланғандығын, біздің республикамыздың әлеуметтік даму барысы ортаевропалық елдер деңгейіне жақындағанын атап өткен болатын»,   - деді қала әкімі.

Б.Байбек көмекке зәру жандардың әрқайсысына жеке қолдау көрсету қала билігінің басты міндеті екендігін атап өтті. Бүгінгі күні қалада еңбекпен қамту орталығы, тоғыз медициналық- әлеуметтік мекеме жұмыс істейді. 40 тан астам әлеуметтік көмек түрі көрсетіледі, жыл сайын қала бюджетінен 7,3 млрд теңге бөлінеді. ҰОС ардагерлеріне, көп балалы отбасыларға, тұрмысы төмен жандарға айрықша көңіл бөлініп, тұрғын үйлер де беріледі.

Бұлардан өзге әкім атқарушы билік, ҮЕҰ-дар, азаматтық қоғам, бизнес бірігіп жұмыс істесе әлеуметтік көмекке зәру жандардың өмірі жақсара түсер еді деген қағиданы қадап тұрып айтты. Қазіргі кезде Алматыда мүмкіндігі шектеулі 44 мың адам тұрады оның 23 мыңы жұмыспен қамтылған.

«Біз барлығымыз көмекке зәру жандар үшін кедергісіз орта жасаудың, едені төмен қоғамдық көлікті сатып алудың , ғимаратқа кіру үшін пандустар орнатудың, арнайы лифтерді монтаждаудың, арнайы бекеттерді қайта жасаудың аздық ететінін түсінуге тиіспіз. Ең алдымен, арнайы көмекке зәру жандармен қарым- қатынас жасаудың жаңа мәдениетін қалыптастыру қажет. Сонда ғана мүмкіндігі шектеулі жандар қала өміріне белсенді түрде араласып, өздерін толыққанды сезіне алады»,   - деді әкім.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице- министрі Светлана Жақыпова әлеуметтік қызмет мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі болып қала беретінін айтты..

«Қысқа мерзім ішінде біздің елімізде заманауи әлеуметтік модель қалыптасты, соның арқасында тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік шаралары ойдағыдай жүзеге асуда»,   - деді вице-министр.

Салтанатты шара әлеуметтік саланың үздік қызметкерлерін құрмет грамоталары мен «Еңбек ардагері»және «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгілерімен марапаттауға ұласты.

Ақпарат көзі

 
0
0
421

Қазақстанға 2015 жылдың басынан бастап 3 мыңнан астам оралман келді

1 қазандағы мәліметтер бойынша, биылғы жылдың басынан бастап өз тарихи отанына 3012 этникалық қазақ оралып (1164 отбасы), оралман мәртебесін алды, деп хабарлады Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі.

Қайта оралған оралмандардың басым көпшілігі Жамбыл облысында – 213 отбасы (529 адам), Оңтүстік Қазақстан облысы – 208 отбасы (527 адам), Қостанай облысы – 189 отбасы (452 адам), Маңғыстау облысы – 108 отбасы (487 адам), сондай-ақ, өзге де аймақтарға қоныстанған.

Олардың көпшілігі Өзбекстаннан - 78,6%, 6,7% - Түркменстаннан, 6% - Қытайдан, 3,1% - Моңғолиядан, 5,6 % - басқа аймақтардан келген.

Еңбекке жарамды жастағы тұлғалардың көрсеткіші - 61,1%, 18 жасқа дейінгі балалар - 32,5%, зейнеткерлер - 6,3%-ді құрап отыр.

Еңбекке жарамды жастағы оралмандардың 49,6%-ы жалпы орта білімді, 32,8%-орта арнаулы, 15,4% - жоғарғы білімді, 2,1%-нің білімі жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, 1991 мен 2014 жылдар аралығында Қазақстанға 259 мың 159 отбасы болмаса 952 мың 882 этникалық қазақтар қайта келіп, оралман мәртебесін алған болатын. Бұл жалпы халық санының 5,5%-ын құрады.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Парламенті Елбасының 2014 жылғы 4 мамырдағы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында әзірленген «Кейбір заңнамалық актілерге халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын қарастыруда.

Этникалық қазақтарды өз тарихи отанына оралуға ынталандыру мақсатында Заң жобасы келесі мәселелерді қарастырады: этникалық қазақтарға қоныстану өңіріне қарамастан оралман мәртебесін беру. Оларға шетелдік азаматтарға қарағанда көші-қон полициясына хабарласу арқылы төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндігі беріледі, этникалық қазақтарға Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда әлеуметтік пакет беру. Сондай-ақ, еліміздің кез келген өңірінен Үкімет айқындаған екінші өңірге қоныстанған оралманның әлеуметтік қолдауды алуға мүмкіндігі болады. Егер олар қоныстанған өңірден 5 жыл мерзімнен бұрын қоныс аударып кететін болса, алған көмектерін Үкіметке қайтару міндеттері қарастырылған.

Оралмандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру мерзімін уақытша тұру ықтиярхатын алғаннан кейін 1 жылға дейін қысқарту көзделеді.

Ақпарат көзі

 
0
0
379

ОҚО-да 5 балабақша пайдалануға берілді

Оңтүстік Қазақстан облысында бес балабақша ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді, деп хабарлады ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.

Оның бірі Шымкент қаласындағы №57 «Хадиша» балабақшасы. «Балапан» бағдарламасы аясында ашылған 16 топқа негізделген мектепке дейінгі мекеме 320 орындық. Балабақша қазіргі заман талабына сай барлық бөлмелермен жабдықталған. Мұнда ойын бөлмесі, асхана, музыка залы, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған спорт залы, әр топқа арналған ойын алаңшалары қарастырылған.

Балалардың денсаулығын қадағалайтын медбике бөлмесі, психолог, логопед және ұстаздар бөлмелері бар. Аталған мекеме балаларға үш тілде білім беретін болады. Сонымен қатар, көне шаһар Түркістан да «Ер төстік» пен «Асыл бөбек» атты жаңа екі балабақшамен толықты.

280 балаға лайықталған бұл мекеме республика бюджетінен салынып отыр. Қос нысан қала көлемінің ұлғаюына байланысты жаңадан қоныстанған тұрғындарды қажетті әлеуметтік нысандармен қамту мақсатында салынған. 2009 жылы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткіші небәрі 13 пайыздан аспайтын Түркістанда соңғы жылдары балабақшалардың саны артып, бүгінде балғындарды мектепке дейінгі мекемемен қамту 76,5 пайызды құрап отыр.

Ал Бәйдібек ауданындағы Алғабас ауылдық округіне қарасты Шақпақ және Қазата елді мекендерінде екі балабақша балдырғандарға есігін айқара ашты. Шақпақ ауылында орналасқан «Айгөлек» балабақшасының жанынан 50 балаға арналған 2 топтың қосымша жұмыс жасауына мүмкіндік беретін қосымша ғимарат пайдалануға берілді. «Айгөлек» бөбекжай балабақшасында мектеп жасына дейінгі балғындарға мүмкіндігінше бар жағдай жасалған. Ауласында ойын алаңына қажетті жабдықтар орнатылған. Осы ауылдағы екінші қуаныш ол балабақшаға жапсарлас орналасқан цирк үйірмесі. Жалпы Шақпақ ауылында цирк үйірмесі 1986 жылы ашылып, түрлі фестивальдарға қатысып, 1990 жылдардың басында жүлделі орындардан көрініп жүрді.

Осы ғимараттың күрделі жөндеу жұмысы «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасының аясында атқарылды. Қазата ауылындағы тұрғындардың сұрауы бойынша орта мектеп балабақшаға ыңғайластырылып қайта пайдалануға беріліп отыр. Құрылысы жергілікті бюджеттен жүргізілген «Жансая» бөбекжайы 50 орындық. Мұнда мектеп жасына дейінгі балғындарға мүмкіндігінше бар жағдай жасалған. Ауданда мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамту келер жылы 82 пайызға жеткізілмек.

Ақпарат көзі

 
0
0
469

Ұлттық арна «Таңдау» көркем телехикаясын ұсынады

Хикая режиссері - Айдын Сахаманов, сценарий авторы – Ляззат Түлкібаева.

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы телекөрермендерді осы жылдың қараша айында жаңа отандық өніммен қуантады. Осы жолы телекөрермендердің назарына  32 сериялық «Таңдау» көркем телехикаясы ұсынылады.

Хикаяның басты кейіпкерлері жаңа ғылыми жобаны ашуға ұмтылған төрт дос. Кейіпкерлер арқылы нағыз достықтың үлгісі көрсетіледі. Шетелден келіп түскен көптеген ұсыныстарға қарамастан, олар өз үлестерін туған елдің дамуына қосуды көздейді. Көптеген қиындықтарды бастан өткергеннен кейін, мемлекеттен қолдау алудан үміт үзіп, инвестицияларды жан-жақтан іздей бастайды. Телехикая аяқталар тұста отандық IT компанияның басшылығынан көмек сұраған кезде ғана елімізде өз ісін дамытудың барлық шарттары мен бірдей мүмкіндіктері жасалғанын біледі.

Хикая режиссері Айдын Сахаманов («Қара шаңырақ, «Тағдыр», «Вопреки всему», «Подружки» және т.б. телехикаялардың режиссері), сценарий авторы – Ляззат Түлкібаева. Картинаға: Әбілмансұр Серіков, Әшім Ахметов, Еслям Нұртазин, Бақтияр Байсерік, Арай Рахмет, Гүлбахрам Байбосынова, Бахтияр Қожа, Күлжамал Қазақбаева және тағы басқа танымал актерлер қатысады.

Осы жылдың қараша айында еліміздің дамуына өз үлестерін қосуға әзір, жаңаша ойлаудың иелері туралы драманы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан көріңіздер.


0
0
757

Елбасы Геннадий Головкинге құттықтау жеделхатын жолдады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Геннадий Головкинге оның бокстан WBA, IBO, IBF және WBC interim тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағы үшін өткен жекпе-жектегі жеңісіне орай құттықтау жеделхатын жолдады

Елбасы жеделхатта Г.Головкиннің өзіне сенім артқан қазақстандықтардың үмітін ақтағанын атап өткен, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

«Атақты қарсыласпен өткен әділ әрі ымырасыз жекпе-жекте жоғары спорттық шеберлігің мен жігерлі мінезіңді көрсету арқылы сен өз Отаның – Қазақстан Республикасын лайықты таныта білдің. Сенің жарқын жетістіктерің біздің спортшыларымыз үшін жақсы үлгі болатынына және еліміздегі бокстың одан әрі дамуын ынталандыратынына сенімдімін», – делінген құттықтауда.

Қазақстан Президенті сондай-ақ Г.Головкинге мықты денсаулық және жаңа спорт биіктерін бағындыру жолында табыс тіледі.


0
0
398

Футболшы Исламбек Қуат «Таңшолпанға» сұхбат берді

Құраманың 22 жастағы ойыншысы Исламбек Қуат сұхбат барысында отбасы туралы әңгімеледі.

Футболдан 2016 жылы өтетін Еуропа чемпионатының топтық кезеңі аяқталды. Чемпионаттың іріктеу додасында Қазақстан құрамасы өз тобындағы соңғы кездесуді жеңіспен аяқтады.

Финал кезеңіне өтпесе де, қазақстандық құрама өзінің осал еместігін көрсетті. Футболшы Исламбек Қуат соққан гол ел футболы тарихындағы маңызы жоғары оқиға болды.

Құраманың 22 жастағы ойыншысы Исламбек Қуат «Таңшолпан» бағдарламасына сұхбат берді.

«Біз Нидерланды құрамасымен ойнап, өз алаңымызда 2:1 есебімен жеңілген едік. Бізде топта 2 ұпай болды.  Топта 5-ші орын алу үшін тек қана жеңіс керегін түсіндік. Команда мүшелері 5-ші орынды алуды ғана көздеді. Басқа мүмкіндік болмады.  Бапкеріміз де соңғы орында тұрғанша, көрсеткішті сәл де болса жақсартуды ескертті. Сол себепті  болар, Латвияны 1:0 есебімен жеңу мүмкін болды», - дейді Қайрат футбол клубының ойыншысы  Исламбек Қуат.

Сондай-ақ, ол сұхбат барысында отбасы туралы әңгімеледі.

«Ата-анам – қарапайым адамдар. Інім бар. Олар Астанада тұрады. Демалыс алғанда бірден үйге барамын. Сүйіктім бар. Қыркүйек айында некелесуді ойлағанбыз. Бірақ мен ел құрамасына алынғандықтан, үйленуді кейінге қалдырдық», - дейді футболшы.

Исламбек Қуаттың сұхбатын «Таңшолпаннан» тыңдаңыз.


0
0
598

Суретке қалай мінсіз түсуге болады?

«Таңшолпан» пайдалы кеңес ұсынады.

Суретке қалай әдемі, мінсіз түсуге болады? «Таңшолпан» пайдалы кеңес ұсынады:

  • Кез келген жағдайда көзді кең ашып түсу керек;
  • Егер суретке иегіңізді ұстап түскіңіз келсе, қолыңыздың ұшын ғана иегіңізге тигізуге тырысыңыз;
  • Қолды айқастырған кезде екі қолыңыз да көрініп тұрғаны абзал;
  • Пиджактың түймесі міндетті түрде салынбаған болуы тиіс;
  • Қолды қалтаға салмай, кеуденің тұсын ұстаңыз;
  • Екі қолыңызды жоғарыға көтерген кезде неғұрлым  жинақы болсын;
  • Фотоға түсуге қарсылық танытсаңыз да, бетіңізді қолыңызбен  жаппаңыз.
  • Костюмді шешіп түскіңіз келсе, арқаңызға ұстаған жөн.


0
0
1250

Әлеуметтік салада сауаттандыру жұмыстары жүргізілді

2015 жылдың 16 қазан күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментімен ақпараттық-ағарту жұмысын жүргізу аясында «ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған Стратегиясы» және ҚР қылмыстық Кодекісіндегі өзгерістерді түсіндіру мақсатында облыстың әлеуметтік саласында сауаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Мысалы, 12 қазан күні облыстық қарттармен мүгедектерге арналған медициналық әлеуметтік мекемесінде және 14 қазан күні Көшім балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінің жұмысшыларына жемқорлықтың алдын-алу және онымен күресу жолдары туралы ақпараттық семинар-кеңес ұйымдастырды.

Ал, 16 қазан күні Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп, «Ашық есік» ұйымдастырылды. Ашық есік аясында Департаменттің Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі М.Нұртазин тұрғындарды жеке сұрақтармен қабылдады. Қабылдаушылардың сұрақтарының басымкөпшілігі жұмыспен қамту мәселесімен байланысты болды. Оларға мемлекеттік және азаматтық қызметке түсі тәртібі және  Агенттіктің 1494 call-center орталығы туралы ақпарат берілді.

Кейін, шара Орал қалалық №6 мектебінің акт залында сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу тақырыбында семинар-кеңес өткізілді. Оған «Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ, «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Жұмыспен қамту орталығы» ММ, және аталған бөлімнің жұмыспен қамту және еңбек рыногын сараптау секторы ұжымдары қатысты.

Шара басталмас бұрын қатысушыларға облыстық Ж.Молдағалиев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – жарқын болашақ кепілі» атты кітап көрмесі, яғни мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлық салалары бойынша шығарылған басылымдарға шолу жасалды.

Семинар-кеңестің барысында Тәртіптік кеңес хатшылығының  меңгерушісі М.Нұртазин осы тақырыпта жалпылама ақпарат беріп өтсе, Мемлекеттік қызмет және жемқорлық профилактика басқармасының басшысы А.Жұбаныш сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуде мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың ынтымақтастығы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы азаматтарды тұрақты түрде ақпараттандырып тұру, мемлекеттік қызметке меритократия қағидасы бойынша тағайындау, протекционизм мен аффилирлену көріністерін жою мәселелеріне ерекше тоқталып, жаңа Қылмыстық Кодексіндегі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған тұлғалардың белгілі бір мемлекеттік қызметпен айналысуға өмір бойына құқығынан айырылатындығы, ескіру мерзімі және шартты түрде бас бостандығынан айырылу түсініктерінің алынып тасталғандығы туралы ақпараттандырды.

Ал, департаменттің тәртіптік-әкімшілік тәжірибе және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Ж.Мұратов бөлімнің негізгі бағыты және сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу мақсатында Тәртіптік кеңесте қаралған кейбір әлеуметтік саладағы тәртіптік істерге тоқталды. Құқықбұзушылықтар көбіне жұмысқа қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылуы екендігін айтты.

«Жұмыспен қамту және әлеуметтiк  бағдарламалар  бөлiмi» ММ-інде оның ведомстволық бағынышты мемлекеттік мекемелерінде өз қатарларында сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмауға, жүргізілген жұмыстар туралы тұрғындарды ақпараттандыруға, мемлекеттік органның оң, ашық бейнесін қалыптастыруға бағытталған бір қатар іс-шаралар туралы бөлім басшысы А.Төкешева баяндама жасады.  Ол  9 айда бөліммен 24 090 қызмет көрсетіліп, оның ішінде 18544 қағаз түрінде, 5546  халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетілгендігін мәлімдеді.

Талқылау барысында қатысушылармен мемлекеттік қызмет көрсету бойынша пікір алмасып, жаңа реформалар бойынша сұрақтар қойылды.

Сонымен қатар, қоғамдық пікірді анықтау мақсатында арнайы әлеуметтік сауалнама жүргізілдіді.

 
0
0
719

Қазақстанда ішімдікті шамадан тыс қолданудың алдын алу бойынша онкүндік басталды

2015 жылдың 19 мен 28 қазаны аралығында еліміздің барлық аймақтарында ішімдіктен бас тарту Ұлттық күнінің аясында «Алкогольді ішімдіктер жарнамасын тоқтату қажет!» деген ұранмен онкүндік өтеді.

Шараны өткізудегі мақсат – халықтың алкогольді ішімдіктердің ағзаға тигізетін жағымсыз әсері туралы хабардарлығын арттыру, балалардың, жасөспірімдер мен жастардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау.

Онкүндік барысында медициналық ұйымдарда мамандар кеңесінің ашық есік күндері өтеді: дөңгелек үстелдер; психолог, нарколог, әлеуметтік мамандардың қатысуымен оқу орындарында алкогольді ішімдіктерден бас тарту әдетін қалыптастыру; «Дені сау қала» кең көлемді акциясы, жасөспірімдер мен жастардың қатысуымен халық көп шоғырланған жерлерде флеш-мобтар өткізу; аймақтық СӨС орталықтары базасында жастардың денсаулық орталықтары қызметкерлері және мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары үшін шеберлік сыныптары; «Балалар лигасы ішімдікке қарсы!» ұранымен оқушылар арасындағы байқаулар.

Алкогольді ішімдіктерді шамадан тыс қолдану өлімнің кобеюіне, денсаулықтың және тұрғындардың еңбекке қабілеттілігінің нашарлауына басты себеп болып отыр. Ол психикалық және мінез-құлықтық ауытқуларға, оның ішінде ішімдікке тәуелділікке, бауыр циррозы, қатерлі ісіктің кейбір түрлеріне, жүрек-қан тамырларының аурулары және тағы басқа ауыр жұқпалы ауруларға әкеп соғады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, әлемде ішімдікті шамадан тыс қолданудың нәтижесінде жыл сайын 3,3 млн. адам қайтыс болады. Қазақстанда 2014 жылы психикалық және мінез-құлықтың ауытқушылығымен ауыратын тұрғындардың саны 100 мың адамға шаққанда 210-ды құрады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда алкогольді ішімдіктен бас тарту Ұлттық күні 2007 жылдан бері аталып келеді.

2011 жылы ДДҰ Еуропалық бюросы 53 елінің өкілдері алкогольді ішімдікті қолдануды азайтуға бағытталған 2012-2020 жылдарға арналған іс-шаралар Жоспарын бекіткен болатын. Бұл құжатта аталған проблеманың барлық қырлары қарастырылып, алкогольмен байланысты жағымсыз әсерлерді азайтудің тиімділігі дәлелденген әрекеттердің бірнеше нұсқаларын ұсынылды. Алкогольдің бағасын ырықтандыру, көлікті мас күйінде жүргізуді реттеу мен алкогольді жарнамалауды азайту шаралары едәуір тиімді стратегиялар болып табылады.

 
0
0
424