Мазмұнға өту

Жаңа

Парасатты және зияткер қоғам

Қазір әлемде интеллектуалдық және рухани әлеуеті жоғары азаматтар – кез келген мемлекет пен ұлттың тұрақты дамуының басты кепілі.

Әрбір азамат жаңа білімге ұмтылып, тұрақты түрде дамуы, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы, қоршаған ортаны қорғауы қажет. Біз осынау талпыныстарды қызу қолдаймыз. 

 ПАРАСАТТЫ ЖӘНЕ ЗИЯТКЕР ҚОҒАМ Партиямыз мәдени құндылықтарымыздың сақталуы мен өркендеуін ұдайы қолдайды. Өйткені ол – қоғамымыздың құнды қазынасы.  Біз шығармашылық пен өнер өкілдерінің, жас ақындар мен жазушылардың, драматургтердің, сценаристер мен публицистердің, сондай-ақ киноиндустрия, мұражайлар мен кітапхана өкілдерінің жетістіктерін айтыс, мүшайра, жыр-терме, конкурстар, фестивальдар, әдеби оқулар, тарихи-мәдени орындарға экскурсиялар және басқа да іс-шаралар өткізу арқылы ілгерілететін боламыз.  2025 жылға дейін біз 1500 мәдениет нысанын салып, жөндеу жүргіземіз.  Біз қаражат бөлудің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, жыл сайынғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде мәдениет, өнер және ғылым қайраткерлерін қолдаймыз.  «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде «Қазақстанның киелі географиясы» және «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобаларын іске асыру жалғасады.  Гаухар Ана, Ордабасы, Сауран, Есік, Берел, Шілікті, Бозоқ, Сарайшық мұражай-қорықтарында визит-орталықтар салынады.   Түркістанның тарихи орталығын қалпына келтіру, Сауран, Сарайшық, Отырар, Ақыртас, Сығанақ, Жанкент және Бозоқ елді мекендерін зерттеу арқылы тарихи-мәдени мұраны сақтау жұмыстары жалғасады.   Қазақстанның тарихы мен мәдениетінің бірегей ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу бойынша шаралар қабылданады.   Барлық мәдени іс-шаралар, театр маусымдары, кітапхана қорлары, мұражайлар мен көрмелер туралы бірыңғай электронды платформа құрылады.  Ғылымды қолдау және еліміздің зияткерлік әлеуетін дамыту үшін еліміздің ең бәсекеге қабілетті 20 жоғары оқу орнының базасында академиялық артықшылық орталықтары құрылады.  Жыл сайын дүниежүзілік жетекші ғылыми орталықтарға 500 қазақстандық ғалым тағылымдамаға жіберіледі.  Барлық мемлекеттік ғылым орталықтарына жұмыс тиімділігі мен нәтижелігіне қатысты толық аудит жүргізіліп, ғылыми ұйымдар мен ЖОО жабдықтары жаңартылады.  Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы, ұлттық ғылыми кеңестің жұмысын жетілдіру және ғылым нәтижелігінің нақты критерийлерін енгізу арқылы ғылымға жұмсалатын бюджет қаражатын бөлу мен тиімділігінің айқындылығы жоғарылатылады.  Заңнамаға:

  • ірі бизнесті жоғары оқу орындарына тәлімгерлік жасауға тартуды;
  • мемлекеттік бағдарламаларды, салалар мен өңірлерді дамыту жоспарларын, сондай-ақ квазимемсектор субъектілерін дамыту стратегияларын әзірлеу кезінде отандық ғалымдардың әлеуетін пайдалануды;
  • жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың пайдалы қазбаларды өндіруге арналған шығындарының 1%-і мөлшеріндегі аударымдарын бюджетке ғылыми мақсаттарға орталықтандырылған түрде бөлу үшін жолдауды көздейтін нормалар енгізіледі.

Біз ғылымды қаржыландыруды ұлғайтамыз және қаражатты пайдаланудың толық ашықтығын қамтамасыз етеміз, сондай-ақ дамыған елдердің тәжірибесіне сәйкес ғылыми жобалардың тиімділігін арттырамыз.

0
0
270

2020 жыл 12 желтоқсан күні аудандық маслихат депутаттығына кандидат

2020 жыл 12 желтоқсан күні аудандық маслихат депутаттығына кандидат Амангельдин А.Д онлайн форматта тікелей эфирде желі қолданушыларымен кездесті . Амангельдин А.Д өз сөзінде алдағы уақытта атқаратын жұмыстардың маңызды екендігін жеткізді . Сонымен қатар 2021-2025 жылдарға жоспарланған сайлауалды бағдарламамен қысқаша таныстырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Желі қолданушылары көкейтесті сұрақтарын қойып белсенділік танытты.

0
0
164

Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау

«Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске асыру аясында 22 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысанына ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін бейімдеу жұмысы жүргізіледі.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін, оның ішінде пандустармен, бейімделген лифттермен, дәретханалармен, зағиптарға арналған бағыттаушы белгілермен қамтамасыз етуді қоса алғанда инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жалғастырылады.  «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске асыру аясында 22 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысанына ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін бейімдеу жұмысы жүргізіледі.  Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмыспен қамту, қоғамда оларға сыйластықпен және құрметпен қарым-қатынас жасауды қалыптастыру бойынша жұмысты жалғастырамыз. Мүгедектерді жұмыспен қамту, психологиялық және құқықтық көмек көрсету орталықтары ашылады.  Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өзіне ыңғайлы жұмысты таңдауы мақсатында Мамандықтар атласы жасалады.   

Мүгедектерді жұмысқа орналастыру квотасын орындамаған жұмыс берушілер үшін мүгедектерге жұмыс орындарын ашуға бағытталған өтемақы төлемдері енгізіледі.  2025 жылға қарай мүгедектігімен жұмысқа орналасқан адамдар саны 30%-ке дейін өседі.  Бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасаушы адамдар күнкөріс деңгейінің 1,4 мөлшеріндегі жәрдемақымен қамтамасыз етіледі.  Азаматты қатыстырмай, оның мүгедектігін сырттай белгілеу енгізіледі. Бұл куәландыру рәсімін жеңілдетіп, айқындықты қамтамасыз ету арқылы сыбайлас жемқорлықтың туындауына жол бермейді.  Мүгедектігі бар балалар үшін кәмелеттік жасқа толғаннан кейін тұрғын үйге кезегі үзілмейді.  

2025 жылға қарай мүгедектігі бар адамдар 100% қажетті техникалық құралдармен және бейімдеу қызметтерімен қамтамасыз етіледі.  Біз зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған кітапхана қорын, оның ішінде қазақ тіліндегі кітапханаларды көбейтеміз, ишарат тіліне онлайн аудару үшін арнайы бағдарламаларды қолжетімді етеміз.  Біз ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін инклюзивті ортаны қалыптастыру бойынша жұмыс істейтін боламыз. «Жан Шуақ» сыйлығын, «Тең мүмкіндіктер әлемі» балалар инклюзивті фестивалін, «Жұлдызай» шығармашылық фестивалін және басқа да шараларды өткізу жалғасын табады.

0
0
174

Аға ұрпаққа қамқорлық

Ардагерлерге, зейнеткерлерге қамқорлық жасау – біздің ортақ міндетіміз. Оларға қолдау көрсету ұдайы партия назарында.

«Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында біз медициналық-әлеуметтік мекемелерде қарт адамдардың өмір сүру жағдайына мониторинг жүргізуді жалғастырамыз, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне және зейнет жасындағы адамдарға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге бастамашылық жасаймыз.  Барлық жалғыз басты және аса мұқтаж қарт азаматтарға атаулы көмек көрсетіледі.  Біз ынтымақты зейнетақыға жыл сайын инфляция деңгейінен 2%-ке индексация жүргіземіз.  Зейнетақыны ресімдеу мен тағайындау жөніндегі барлық рәсімдер проактивті форматқа көшіріле отырып, электронды түрде көрсетілетін болады.  Қарттардың ауруларын емдеуге мамандандырылған медициналық кадрларды даярлау ұйымдастырылады. Әр өңірде егде жастағы адамдар үшін олардың өмір сапасын, дербестігін, денсаулығын күту мен нығайтуды жақсарту мақсатында Белсенді ұзақ өмір орталықтары ашылады.  «Еңбек ардагері» санаты зейнеткерлік жасқа толған және мемлекеттік наградалармен марапатталған азаматтармен толықтырылады.

0
0
220

Болашағына сенімді жастар

Біз – жас ұлтпыз. Еліміздің әрбір екінші тұрғыны 30 жасқа толмаған.

Жастардың өз қабілетін жүзеге асыруына, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне араласуына, білім алуына және еңбек етуіне мүмкіндігі болуы тиіс. «Jas Otan» жастар қанаты 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға» бағдарламасын әзірледі, онда жастардың өмір сүру деңгейін көтеру, әлеуметтік ахуалын жақсарту және дамыту үшін мүмкіндіктерді кеңейту бойынша 100 нақты шара қамтылған. «Nur Otan» партиясы алға қойылған міндеттерді іске асыруға жәрдемдеседі.

Баршаға қолжетімді білім Біз сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары білім алуға арналған гранттар санын 50%-ке көбейтеміз.   2025 жылға қарай жастардың барлығы колледждерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім ала алатын болады.  Біз 180 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту шараларын қолға аламыз.  Өмір бойы үздіксіз білім алу мүмкіндігі және білім берудің барлық кезеңінде цифрлық сауаттылықты арттыру қамтамасыз етіледі.  Барлық жоғары оқу орындары мен колледждердің бағдарламалары жаңартылып, кәсіпкерлік, экологиялық, мәдени білім негізі бойынша жаңа пәндер енгізіледі.  Тиімсіз білім беру мекемелері жабылады.  2025 жылға дейін студенттердің шәкіртақылары 2 есе, магистранттар мен докторанттардікі 1,5 есе өседі.  Жас ғалымдарға жыл сайын 1000 грант бөлінеді.  2025 жылға қарай колледждер мен университеттердің жатақханаларында кем дегенде 50 мың жаңа орын беріледі.  Формальды емес білім берудің баламалы нұсқаларын дамыту және нәтижелерін тану үшін заңнамалық шаралар қабылданады.  

Жастарды жұмыспен және тұрғын үймен қамтамасыз ету Жылына шамамен 5 мың адамды қамтитын «Алғашқы жұмыс орны» жобасы іске қосылады.  Жас кәсіпкерлерге жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға жыл сайын 10 мың грант беріледі. 30 мыңнан аса жас «Бастау Бизнес» жобасының шеңберінде өз бизнесін ашу дағдыларын үйренеді.  «Жасыл Ел» жобасының шеңберінде 30 мың жас, оның ішінде 10 мың ауыл жастары жыл сайын жазғы мезгілге жұмысқа орналастырылады.  Біз ауылдық жерлерге жас мамандарды тартуға және оларды тұрақтандыруға қажетті жағдай жасаймыз. 2025 жылға қарай оқымайтын және жұмыспен қамтамасыз етілмеген жастардың саны 380 мың адамнан 280 мың адамға дейін қысқарады.  «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға келген жас мамандарға тұрғын үй сатып алуға кредиттер беріледі.  Жыл сайын сұранысқа ие мамандық бойынша жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін 3 мың үй төмен пайызбен ұсынылады.  Өңірлер деңгейінде жас отбасылардың тұрғын үй проблемаларын шешу бойынша қосымша бағдарламалар әзірленеді.  

Жастарды қоғамдық өмірге қатыстыру Біз жастар ұйымдарының жобаларына және еріктілер қозғалысын дамытуға арналған гранттарды қаржыландыруды 1,5 есеге көбейтеміз.  Жастар әскери-патриоттық тәрбиемен, оның ішінде әскери-спорттық іс-шараларды өткізу жолымен қамтылады.  Партиялық тізімдердегі жастар үлесі кем дегенде 20%-ті құрайды.

0
0
171

Бақытты балалар

Біз әр баланың толыққанды өмір сүру жағдайын қамтамасыз етуді, оның құқықтарын қорғауды, жақсы тәрбие мен білім алу мүмкіндігін қолдаймыз.

2025 жылға қарай 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар 100%, 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар – 95% мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамтамасыз етіледі.  Бала-бақшаға кезекке қою тәртібі толығымен цифрландырылады. Ата-аналарға «балаға қаражат» принципі бойынша кез-келген бала-бақшада орын таңдау үшін ваучерлер беріледі.  Мектепке дейінгі ұйымдар балаларды ерте жасынан бастап әлеуметтік ортаға бейімдеуге, оларды мектепке даярлауға бағдарланады.

  Балаларға сапалы білім беру 2025 жылға қарай біз 800 жаңа мектепті салу есебінен апаттық және үш ауысымды мектептердің проблемасын түбегейлі шешеміз, сондай-ақ барлық мектептерді мұғалімдермен 100% қамтамасыз етеміз.  Бірыңғай білім беретін онлайн-платформа енгізіліп, барлық ауыл мектептері жоғары жылдамдықтағы Интернетке қосылады, қала және ауыл мектептері арасындағы білім сапасының айырмашылығы қысқарады.  Дарынды балаларды, оның ішінде ауылдық жерлердегі қабілетті балаларды анықтау мен қолдау жұмысы жалғасады, оларға еліміздің мамандандырылған мектептерінде оқу мүмкіндігі беріледі.  Барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және ірі аудан орталықтарында спорт секциялары ашылып, «балалар үйірмелері» қайта жаңғырады.  Барлық мектептерде спортпен айналысуға жағдай жасалады.  Әрбір мектепте пәндік кабинеттер ашылып, әрбір сынып Интернетке қосылады.  «Кәсіпкерлік негіздері» пәні енгізіледі.  Сапасыз оқулықтар проблемасы толығымен шешіледі.  Мұғалімдердің еңбек ақысы 2 есе өсіп, 2024 жылға қарай орта есеппен 330 мың теңгені құрайды. 

 Барлық балаға тең мүмкіндіктер Біз мүгедектігі бар балаларға арналған орталықтарының санын арттырамыз.  Барлық колледждер мен ЖОО-да, сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептердың 70%-де инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалады.  Ерекше қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық және коррекциялық қолдау бойынша мемлекеттік тапсырыс енгізіледі.  Мүгедектігі бар, асыраушысынан айырылған балалар – мүгедектігі және асыраушысынан айырылғаны бойынша екі жәрдемақыны бір уақытта алады.  Жетім жасөспірімдер балалар үйінен шығарылғаннан кейін жұмыспен және үймен қамтамасыз етіледі.

0
0
188

Табысты әйелдер

Елдің қоғамдық-саяси өмірінде әйелдердің рөлін арттыру, олардың қабілеттерін іске асыру үшін тең мүмкіндіктер жасау – біздің саясатымыздың басымдықтарының бірі.

Әйелдерді өкілдік етуші органдарға ұсыну үшін «Nur Otan» өзінің партиялық қатарына кем дегенде 30% әйелдерді қосады.  Атқарушы, өкілді, сот органдары басшылығындағы және квазимемлекеттік сектордағы әйелдердің үлесі 30%-ке дейін ұлғаяды. 

 Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, бизнесті қолдау бағдарламаларының шеңберінде жеңілдікпен кредиттер және гранттар беру арқылы олардың экономикалық белсенділігін ынталандыру орталықтары ашылады. 

 Өңірлер, қалалар мен аудандар бойынша жұмыспен қамту, базалық әлеуметтік қызметтерге, түрлі мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділік шегінде гендерлік қажеттіліктер мен сұраныстар картасы әзірленеді.  Әйелдердің еңбегін қолдануға тыйым салынатын жұмыстар тізімін жою үшін заңдарға өзгерістер ұсынылады.

0
0
138

Отбасы бақуаттылығы

Отбасы – партиямыздың басты құндылықтарының бірі. Отбасын қолдау және нығайту – еліміздің табысты дамуының кепілі.

Ұрпақтар сабақтастығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет, балаларға қамқорлық, өзара қолдау жасау дәстүрі, еңбексүйгіштік пен білімге құштарлық секілді құндылықтар отбасында қалыптасады.  Біз отбасыларды қолдауға бағытталған әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік жәрдемақылар бойынша барлық міндеттемелердің мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етеміз.  Инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді индекстеу жүргізіледі. Осы мақсатқа 3 триллионнан астам теңге  бөлінеді.  Экономиканың өсу сапасының негізгі көрсеткіші ретінде қазақстандықтардың табысы мен өмір сүру деңгейінің артуы қарастырылады.  Азаматтар өздерінің зейнетақы жинақтарын табысы жоғары қандай құралдарға салу керегін өзі шешетін болады.   Зейнетақы мен жәрдемақыны тағайындау процестері цифрландырылады, азаматтың цифрлық «әлеуметтік әмияны» енгізіледі. Бұл өтінімдердің берілуін жеңілдетіп, көмекті тағайындау айқындылығын қамтамасыз етеді.  Біз тұтынушылық несиелер бойынша шекті ставкаларды төмендетуді, несиелік ұйымдардың жауапкершілігін күшейтуді қолдаймыз.  Қазақстандық отбасылардың (көп балалы, толық емес, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған) экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау, отбасылық жұмыспен қамтуды дамыту бойынша шаралар қабылданады.  Азаматтарды әлеуметтік қолдаудың барлық шараларының ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету үшін бірыңғай Әлеуметтік кодекс әзірленеді.  

Отбасының тұрғын үй мәселелерін шешу 2021 жылдан бастап азаматтар өзінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй алуға, денсаулығын жақсартуға және білім алуға пайдалана алады.  5 жыл ішінде 977 мың отбасыға, оның ішінде 284 мың көп балалы және күнкөрісі кедейлік шегінен төмен отбасыларға, мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға, жетім балаларға арналған 103 млн. шаршы метр тұрғын үй беріледі.  «Отбасы Банк» негізінде азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің бірыңғай орталығы құрылады. Бұл ретте осы орталық аясында кезекте тұрған азаматтардың жалпы базасы қалыптастырылады, мүліктері мен активтерін ескере отырып, азаматтарды кезекке тұрғызу іске асырылады.  Мемлекет кәсіпкерлерді құрылыс шығындарын субсидиялау арқылы ауылдық жерлерде жалдамалы тұрғын үй салуға ынталандырады.  

Отбасы институтын нығайту Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету бойынша «Бақытты отбасы» партиялық жобасын іске асыру жалғасады.  Ұрпақ өрбіту бойынша денсаулығында дерті бар отбасыларға экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) шарасын жүргізуге жыл сайын 7 мың квота бөлінеді.  Біз мектептің де, ата-аналардың да балалар тәрбиесі үшін жауапкершілігін күшейтуге серпін беретін мектеп пен ата-аналардың өзара іс-қимылының жаңа форматына өтеміз. Мектептерде балалардың тұрақты психоэмоционалдық және жан-жақты дамуын қалыптастыру бойынша бағдарламалар енгізіледі.  Әрбір қалада және ауданда Отбасын қолдау, отбасылық дауларды шешу және балалары бар әйелдерге уақытша мекен-жай беру орталықтары ашылады.  «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданып, отбасылық соттар құрылады.  Біз тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту үшін қатаң шаралар қолданамыз.  

Қиын өмірлік жағдайдағы отбасылар мен балаларға атаулы көмек көрсету үшін «Шұғыл қызмет 111» жұмысы жүйелі түрде ұйымдастырылады.

0
0
182