Мазмұнға өту

Жаңа

Nur Otan сайлауалды штабы Түркістанға келді

«Nur Otan» партиясының Республикалық сайлауалды штабы Түркістан облысына келді. 60-қа жуық партия белсендісі, қоғамдық пікір көшбасшылары мен партиялық тізімдердегі кандидаттар өңір аумағының жартысынан астамын қамти отырып, бірнеше кездесу өткізді. Оның ішінде аграршылармен, мұғалімдермен, дәрігерлермен, ерекше қажеттіліктері бар адамдармен және басқа да азаматтармен жүздесті.

Көпбалалы аналармен кездесу барысында әйелдерді әлеуметтік қолдау шаралары талқыланды. Нұротандықтар басқосуда көтерілген мәселелерді тыңдап, бақылауға алды.

«Біздің сайлауалды бағдарламамызда әйелдердің жан-жақты дамуына жағдай жасауға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесуге, сондай-ақ ана мен баланы қорғауға баса мән берілген. Бұл үшін бүкіл ел көлемінде Отбасын қолдау және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары желісі құрылады.  Қиын жағдайға тап болған отбасыларға атаулы көмек көрсету күшейтіліп, жыл сайын ЭКО жасауға 7 мың квота бөлінеді», - деп атап өтті Республикалық сайлауалды штаб жетекшісі Бауыржан Байбек.

Кентау қаласында тұрғындармен кездесуде ауылдарды газдандыру, ауыз суға қолжетімділікті қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандар салу және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері көтерілді.

Партиялықтардың айтуынша, азаматтарды толғандырып жүрген көптеген мәселелер «Nur Otan»-ның сайлауалды уәделерінде көрініс тапқан.

Атап айтқанда, партия өңірлерде 50 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын құрып, 125 мың жұмыс орнын ашуға жағдай жасайды. Үш ауысымды және апатты мектептерді жою үшін 12 жаңа мектеп салынады, сондай-ақ ауыл тұрғындары үшін 14 жаңа аурухана мен емхана құрылысы жүргізіледі. 60-тан астам елді мекеннің 150 мыңнан астам тұрғынының ауыз суға қолжетімділігі қамтамасыз етіліп, 200 мыңдай тұрғыны бар 90-нан астам ауыл газдандырылады және т.б.

0
0
210

Nur Otan сайлауалды штабы Шымкентке келді

«Nur Otan»-ның аймақтарға сапары жалғасуда. Бүгін билеуші партияның Республикалық сайлауалды штабы Шымкентке келді. Шаһардағы медициналық және әлеуметтік қызметтер сапасын көтеру, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу, оның ішінде жаңадан қосылған аудандарда құрылыс жүргізу мәселелерін талқылау үшін қала тұрғындарымен бірнеше кездесу өткізді.

«Nur Otan» партиясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, алдағы 5 жылда Шымкент қаласында сайлауалды бағдарлама аясында 42 мектеп пен 22 медициналық мекеменің құрылысын қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қала шетіндегі 620 мыңнан астам тұрғын таза ауыз сумен, табиғи газбен және электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Әсіресе, әлеуметтік мұқтаж азаматтарға арналған 3 млн. шаршы метр тұрғын үй салуға баса мән беріледі. Ол үшін 3,5 мың пәтер салынады.

1
0
149

Nur Otan өкілдері Жамбыл облысының тұрғындарымен кездесті

«Nur Otan» Республикалық сайлауалды штабының мүшелері Жамбыл облысына барды. Олар өнеркәсіп кәсіпорындарының ұжымымен, шағын және орта бизнес өкілдерімен, ауыл тұрғындарымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын талқылады.

Тұрғындар жастарға қолдау көрсету, денсаулық сақтау саласының сапасын көтеру, мемлекеттік органдар жұмысын жақсарту, ауыл шаруашылығын дамыту секілді тағы да басқа мәселелерді көтерді. Партия баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған ұсыныстардың барлығы праймериз барысында жұртшылықпен кеңінен талқыланған сайлауалды бағдарламаларда қамтылған.

Мәселен, өңірде 100-ден астам ауылды сапалы ауыз сумен, газбен және кең жолақты Интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған. Сондай-ақ, 13 жаңа мектеп пен Оқушылар сарайын салу көзделіп отыр.

«ҚТЖ» Локомотив депосы мен «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар зауытының ұжымымен кездесуде азаматтарды әлеуметтік қолдау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды.

«Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламасы аясында 130 мың жұмыссыз адамды еңбек нарығындағы сұранысқа ие кәсіптерге оқыту көзделген. Сонымен бірге 150 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқытылады. Нақты Жамбыл облысында өңдеу өнеркәсібі саласында 19 инвестициялық жобаны іске асыру және 8 жаңа өндірісті іске қосу жоспарлануда. Соның нәтижесінде өңірде 5 жыл ішінде 84 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылады.

Облыс спортшыларымен кездесу барысында Республикалық сайлауалды штаб жетекшісі Бауыржан Байбек бұқаралық спортты дамыту, әсіресе, балалар арасында салауатты өмір салтын насихаттау бойынша партиялық бағдарламадағы негізгі басымдықтар жайын сөз етті.

Жалпы, ұлттық спорт түрлері тың қарқын алады. «Nur Otan» ат спортын және басқа да бағыттарды насихаттау мен дамытуға ықпал етеді.

0
0
231

Барлық тиімсіз бағдарламалардан бас тартамыз – Nur Otan сайлауалды штабы Алматыға келді

«Nur Otan»-ның Республикалық сайлауалды штабы Алматыға келді. Билеуші партия өкілдері қоғам белсенділерімен, саясаттанушылармен, сарапшылармен, шағын және орта бизнес пен зиялы қауым өкілдерімен, сондай-ақ жас стартапшылармен, ІТ мамандармен, блогерлермен және вайнерлермен бірқатар кездесулер өткізді.

Сонымен, Алматы қаласының сарапшылар қауымымен кездесуде азаматтар мен мемлекеттің арасындағы кері байланысты жолға қоюда азаматтық сектордың қатысуы мен рөлін одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.

«Nur Otan» партиясы Елбасының 5 институционалды реформасы мен Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында барлық жерде азаматтық бақылауды енгізуге, ең алдымен мұның бюджеттің жұмсалуы бойынша қолданылуына ықпал етеді. Біз қоғамдық сараптама мен онлайн-петицияға заңды мәртебе береміз, заңнамалық деңгейде ауыл әкімдерінің тікелей сайлануын енгізіп, барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдында есеп беруге міндеттілігін қамтамасыз етеміз», - деді Республикалық сайлауалды штаб жетекшісі Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар, оның айтуынша, «Nur Otan» партиясы азаматтар сауалдарының бірыңғай электронды жүйесін жасауды, барлық өңірде халық қатысатын бюджетті ендіруді, квази мемлекеттік секторда қоғамдық кеңестердің құрылуын қамтамасыз етуді және тағы басқаларды жоспарлап отыр.

Мемлекеттік органдардың тиімділігі мен есеп берушілігін арттыру үшін «Nur Otan» партиясы шенеуніктердің жалақысын азаматтардың әл-ауқатымен байланыстыра қарауды ұсынады. Бұл орайда өңірлердің жергілікті мәселелерді шешуде дербестігі артатын болады.

Таяу 5 жылдағы жұмыстың негізгі бағыттарының бірі шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау болмақ.

«Nur Otan» партиясы салықтардың санын қысқартып, оларды есептеу тәртібін оңтайландыруға, әлеуметтік маңызды тауарларды өндірушілер үшін ҚҚС-ын төмендетуге, экономиканың нақты секторларын несиелендіруді кеңейту үшін жағдай жасауға қол жеткізеді. Салықтық міндеттемелердің орындалуына қашықтан мониторинг жасау енгізілмек.

Бизнесті санкцияланбаған тексерулерден қорғау үшін бизнесті салықтық заң бұзушылықтары үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту шегін қайта қарау жоспарлануда. Сот пен прокурордың санкциясынсыз кәсіпкерлерге қатысты тергеу әрекеттеріне тыйым салынады. Азаматтардың денсаулығы мен экологияны қорғау талаптарына сай келмейтін барлық нормативтік-реттеу құжаттары алынып тасталады.

«Қолайлы экономикалық жағдай жасау үшін мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту, бизнес үшін кедергілерді жою жоспарланып жатыр. Біз барлық тиімсіз бағдарламалардан бас тартып, босаған қаражатты маңызы басым қоғамдық міндеттерді шешуге бағыттаймыз. Нақты істер партиясы – «Nur Otan»-ға дауыс беріңіздер!»,- деп баса айтып өтті Бауыржан Байбек.

«Nur Otan» партиясы жас стартапшыларды қолдау мақсатында деректерді өңдеу мен сақтау саласына инвестицияларды 6 есеге, яғни 500 млрд. теңгеге дейін арттыра отырып, 1000 жаңа ІТ-компания ашуды ынталандырады.

Жұмыспен қамтудың жаңа нысандары – фриланс, қашықтан және ішінара жұмыспен қамтылу бойынша жұмыс істейтін азаматтар үшін әлеуметтік кепілдікті заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету көзделеді. Жалпы, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында ІТ саласында 170 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Партия баспасөз қызметінің мәліметінше, бір апта ішінде «Nur Otan» партиясының сайлауалды штаб мүшелері еліміз бойынша 7 мыңнан астам кездесу өткізіп, ол 650 мыңнан астам сайлаушыны қамтыды. «Есіктен есікке» акциясы барысында жасотандықтар 174 мыңнан астам пәтерді аралады.

Штабтар жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 8 мыңнан астам өтініш келіп түссе, оның ішінде 2 мыңнан астам ұсыныс пен талап-тілек тұрғындардан келді. Кандидаттар мен партияның сенімді өкілдері 1,8 мың қабылдау өткізіп, оның барысынада барлығы 7,6 мың адамды қабылдады.

Ертең Республикалық сайлауалды штаб Ақмола облысында бірқатар кездесулер өткізеді. Одан әрі 5 күн қатарынан Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының тұрғындарымен кездесулер жоспарланған.

0
0
345