Nur Otan сайлауалды штабы Түркістанға келді
«Nur Otan» партиясының Республикалық сайлауалды штабы Түркістан облысына келді. 60-қа жуық партия белсендісі, қоғамдық пікір көшбасшылары мен партиялық тізімдердегі кандидаттар өңір аумағының жартысынан астамын қамти отырып, бірнеше кездесу өткізді. Оның ішінде аграршылармен, мұғалімдермен, дәрігерлермен, ерекше қажеттіліктері бар адамдармен және басқа да азаматтармен жүздесті.
Көпбалалы аналармен кездесу барысында әйелдерді әлеуметтік қолдау шаралары талқыланды. Нұротандықтар басқосуда көтерілген мәселелерді тыңдап, бақылауға алды.
«Біздің сайлауалды бағдарламамызда әйелдердің жан-жақты дамуына жағдай жасауға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесуге, сондай-ақ ана мен баланы қорғауға баса мән берілген. Бұл үшін бүкіл ел көлемінде Отбасын қолдау және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары желісі құрылады. Қиын жағдайға тап болған отбасыларға атаулы көмек көрсету күшейтіліп, жыл сайын ЭКО жасауға 7 мың квота бөлінеді», - деп атап өтті Республикалық сайлауалды штаб жетекшісі Бауыржан Байбек.
Кентау қаласында тұрғындармен кездесуде ауылдарды газдандыру, ауыз суға қолжетімділікті қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандар салу және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері көтерілді.
Партиялықтардың айтуынша, азаматтарды толғандырып жүрген көптеген мәселелер «Nur Otan»-ның сайлауалды уәделерінде көрініс тапқан.
Атап айтқанда, партия өңірлерде 50 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын құрып, 125 мың жұмыс орнын ашуға жағдай жасайды. Үш ауысымды және апатты мектептерді жою үшін 12 жаңа мектеп салынады, сондай-ақ ауыл тұрғындары үшін 14 жаңа аурухана мен емхана құрылысы жүргізіледі. 60-тан астам елді мекеннің 150 мыңнан астам тұрғынының ауыз суға қолжетімділігі қамтамасыз етіліп, 200 мыңдай тұрғыны бар 90-нан астам ауыл газдандырылады және т.б.
