Ахмет Байтұрсынұлы МҰРАЖАЙ-ҮЙІ
Мекен-жайы: А.Байтұрсынұлы, 60 үй.
Мұражайдың жұмыс уақыты:
Дүйсенбі: демалыс
Сейсенбі-Жұма: 10.00 - 17.00
Сенбі: 10.00 - 14.00
Жексенбі: тапсырыс бойынша
ЖОО, мектептер, гимназиялар және басқа да топтар үшін өз қалаулары бойынша мұражайға кіру - күні бұрын жазылу арқылы жүргізіледі.
Ахметтану дәрісханасы «Ғалым ғұмырнамасы» , «Тұлға тағылымына — тағзым» атты тақырып аясында қызмет көрсетеді.
Тел: +7 (727) 292 10 89
Билет құны:
Оқушыларға - 50 тг
Колледж бен гимназияларға - 100 тг.
Студенттерге - 150 тг
Зейнеткерлер мен жетімдер үйінен келген балаларға тегін.
Экскурсия: 500 тг (шетел азаматтары үшін)
Экскурсия тілі: ағылшынша
Мұражайда үш зал бар:
1. Қайта оралу — мұнда Ахмет Байтұрсыновты ақтау туралы анықтамалар, оған көрсетілген құрмет қағаздары бар. Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсыновқа берілген «Ана тілдің айбары», «Ғасыр саңлағы» деген медальдары сақтаулы тұр.
2. Қазақ санасының шам шырағы — ғалымның мектептегі күндерінен бастап, «халық жауы» атанып ұсталып кеткенге дейінгі өмір жолдары мұрағат құжаттары негізінде сақталған. Бұл залдың маңызды құжаттың бірі ғалымның жары Бәдрисафаның Дала губернаторына жазған — «Жеделхаты» болып табылады. Ресми хат 1909 жылдың 5 тамызында жолданған.
3. Саяси қуғын-сүргін құрбаны — бұл залда Ахмет Байтұрсыновтың бес рет түрмеге түсіп, екі рет жер аударылғандығы туралы айтылады.
Мұражайдың мақсаты — болмысымыз жоғалып кетпес үшін қазақ ұлттық әдебиетінің, тіл білімінің, мәдени тарихының негізін салған кісінің кім екендігін ұмыттырмау. «Өткеніміз арқылы болашақ болады» дегенді бүгінгі ұрпаққа таныту.
Ахмет Байтұрсынов Алматы қаласында қызмет істеп жүргенде тұрған үш үйі болған екен. Оның жазбалары арқылы осы үш үйдің орнын зерттеушілер анықтаған. Алайда ол тұрған екі үй қалада жаңа құрылыстар басталғанда алынып тасталынған болып шықты. Соның ішінде тек Ахмет Байтұрсынұлы МҰРАЖАЙ-ҮЙІ ғана қалған. Ахмет Байтұрсынов бұл үйде 1934-1937 жылдар аралығында тұрған.
Ахмет Байтұрсынов саяси қуғын-сүргінге ұшырап айдаудан келгеннен кейін, көпшілік оны «халық жауы» деп, қол созып, көмек көрсетуден қорқақтаған еді. Сол кезде оның қызы Шолпан мен күйеу баласы осы үйге қамқорлыққа алады.
Ахмет Байтұрсынұлы мен Бәдрисафа апаның (Бәдрисафа - А. Байтұрсыновтың әйелі Александра Ивановнаға қойған аты. Бұл есім арабшадан аударғанада «Бадрун» — толық ай, «сафа» — кіршіксіз таза деген мағынаны білдіреді) туған балалары болмаған. Олардың бауырларына салып, асырап алған Аумат, Қазихан және Шолпан деген үш балалары болған. Аумат пен Қазихан ертеректе қайтыс болып кеткен. Ал Шолпан халық жауының қызы ретінде Бәдрисафа апамен бірге айдауда болған.
Суретте Ахмет Байтұрсыновтың жары Бәдрисафа апа бейнеленген. Суреттің авторы Arhun.
Ахмет Байтұрсыновтың жарына арнаған өлеңі:
Сұрасаңыз есімі Александра Ивановна,
Ризамын құдайдың оны маған қиғанына.
Бір кәпірді мұсылман қылып сауаптапсам,
Тұрмайма он молданың иманына.
Бұл үй бірден мұражайға айналып кетпеген. Оны тек Шолпан Ахметқызы, Гүлнәр Міржақыпова, Күнімжан Байқадамова мен Данабике Қаралдина Ахметтің дәл осы үйде тұрғандығын дәлелдеп бергеннен кейін, 1993 жылы үйді мұражайға айналдыру жұмыстары қолға алынды.
Райхан Сахыбекқызы ИМАХАНБЕТОВА, А. Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры
Үй мұражай ретінде 1998 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 125 жылдық мерейтойы қарсаңында ресми түрде ашылды. Алайда, Ахметтің қызы Шолпан бұл үйдің ашылғандығын көрген жоқ. Бүгінде мұражайға Байтұрсынов Серік Самратұлы төрағалық етіп отыр.
Мұражайдың блогы: akhmetmuseum.wordpress.com
Байтұрсынұлы туралы деректі фильм.
Биыл Ахмет салған жазуға 100 жыл (бұл жазу 1912 жылы дүниеге келген еді). Ал алдымыздағы 5 қыркүйек күні Ахмет Байтұрсынов 140 жылға толғалы отыр.
Материалды дайындаған:
Айжан Кәрібаева, Айнұр Ракишева
__________________________________________________________________________
Республикалық кітап мұражайына фото шолу
Дінмұхамед Қонаев мұражайына фото шолу
Республикалық музыка аспаптар мұражайына фото шолу
С. Мұқанов атындағы әдеби-мемориалдық мұражай-үйіне фото шолу
Алматы қаласы тарихының мұражайына фото шолу
Қазақстан Мемлекеттік геологиялық мұражайына фото шолу