kk
Default banner
Разное
426 450 постов45 подписчиков
Всяко-разно
1

ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ


13 наурыз, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы мəжіліс залында Қазақстан Жазушылар Одағы мен ҚХР "Ан Арыс" баспасының тікелей пəрменімен Тарбағатай өңірінің тумасы, жазушы, этнограф, ғалым, тарихшы Зейнолла Мүбəрəкұлы СƏНІК (1935-2013) пен қызы Жанат ЗЕЙНОЛЛАқызының бірлестігімен жарық көрген "ҚАЗАҚ ЭТНОГРАФИЯСЫ" кітабының тұсауы кесілді. Халықаралық деңгейде өткен жиынға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, драматург Нұрлан ОРАЗАЛИН, ақын Ұлықбек ЕСДƏУЛЕТ, журналист Қыдырəлі ҚОЙТАЙ, Қазақстанның Халық əртісі Нұрғали НҮСІПЖАНОВ, Сүлеймен Демирел атындағы қазақ-түрік университетінің ф.ғ.д , профессор Дандай ЫСҚАҚҮЛЫ, тілші, аударма шебері Дəулетбек БАЙТҰРСЫН, М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.д. Гүлжаһан ОРДА сынды əдебиет көшін бастаушы кіл жүйріктер шақырылды.

Жиын барысында ақын Нұрлан ОРАЗАЛИН: "Зейнолла Сəніктің кітабы маған қатты əсер етті. Кітапқа алғысөз жазу кезінде еңбек арқылы ел тарихын нақты деректерге сүйене жазғандығы, ұлт руханияты, қазақ тарихында "этнография" ұғымының тамыры тереңнен бастау алатындығының куəсі болдым. Жазушы мақсаты --- оқырман көңілінен шығу. Кітаптың болашағы зор болады. Ал болашақ --- ел келешегі, ұлт тағдыры!",-екендігін атап өтті. Алғысөзден соң қаламгердің жұбайы Шəмшібану Ғамзақызы, ұлы Қанат Зейноллаұлы, жазушы Нұрлан Оразалин жəне əн өнерінің мақтанышы Нұрғали Нүсіпжановтар ресми түрде кітаптың тұсауын кесті.Сонымен қатар, ҚХР-дан арнайы келген, қазақ кітаптарын өзге ел тілдерінде тəржімалаумен айналысатын "ҰЛТ" баспасының басшысы Йон Йың Жы екі ел арасындағы достықтың мəңгілік болатындығына сенім білдірді.

Алқалы жиынның кезекті бөлімінде ақын Ұлықбек Есдəулет, М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтының ғылыми қызметкері, жазушы Нұрдəулет Ақыш, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ф.ғ.д , профессор Темірхан Тебегенов, сын өнерінің майталманы Дандай Ысқақ, "Нұр-Мүбəрəк" Ислам университетінің қызметкері, ф.ғ.к Досымбек Қатран, əнші Марат Омаровтар  ойларымен бөлісті.Туынды жайлы пікірлермен қатар,  "Бастауыш сыныптарда ағылшын тілінің орнына қазақ этнографиясын неліктен енгізбеске?!" сынды саясатқа бір қадам жақын мəселелер де көтерілді.Басқосу соңында филолог, қаламгердің жары Шəмшібану Ғамзақызы жиналған қауымға алғыс білдіріп, көпшілік кітап көрмесін тамашалады.

.

 

АЗ-КЕМ АҚПАР: 1935 жылы дүниеге келіп, 20 жасынан жазуға ден қойған қаламгер қуғын-сүргінге ұшырап, "халық жауы" атанса да, саналы ғұмырын қазақ тарихын зерттеуге арнады. "Ұлттың төрт тағанын түгендеуді" мақсат тұтқан Зекеңнің "Қаракерей Қабанбай", "Хан батыр Қабанбай", "Қамал бұзған батырлар", "Дəмежан Батыр", "Тұғырыл хан" сынды 20-дан астам іргелі зерттеу еңбектері --- ұлт руханиятының қайнар бұлағы!

 

Арай ЖҰМАТАЙ

əл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

журналистика факультетінің І курс студенті