Перейти к содержимому
Обложка сообщества Общество

Тағдырдың жазуы

Таңертең автобусқа отырдым, бір қызығы бір-екі орын бос екен, жан-жағыма қарап едім үлкен кісілер жоқ, асықпай келіп, жаңағы шеткі бос орынға жайғастым да кюармен жолақыны төлеп, жан-жағыма зер сала қарадым. Келесі аялдамада мен сияқты рюкзагы бар 40 жас шамасындағы бір жігіт кірді де, кібіртіктеп қалды. Артқы жағынан 55-60 жас шамасындағы бір әйел ентелей алдыға ұмтылды, негізі жаңағы жігіт мен сияқты әуелі ересек біреу отырсын деп бағдарлаған болса керек. Ал, мына әйел бәрін жапыра: "можно я сяду" деп алдағы орындыққа жайғасты да көлік билетін біреуге ұсынып: "басып жіберіңіз" деп жұмсап қояды. Мен отырған орындық маңына жас шамасы жиырма бесте болар, қыз бала келді, сонымен әйнекке қарап отырсам, біраздан соң қасымдағы кісі түсті де қыз балаға: "отырыңыз" дедім, "рахмет" деп тұрып қалды, өйткені, манағы жігіт отырсын деген болуы керек, ол жігіт: "қарындас отырыңыз" деген соң ғана жаңағы қыз орындыққа отырды. Зер салып қарасам, орта бойлы, әдеміше, аққұбаша келген қыз бала екен, біртүрлі мұңды көрінді. Сөйтіп аялдамама да жетіп қалыппын, ал, менің ойыма досым Серіктің Сәуле туралы айтқаны есіме түсіп кеткені.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары болса керек. Серіктің ауылы Көкшетаудың алыс аудандарының бірінде орналасқан қазақы ауыл еді. Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан тәуелсіздік алған уақыт, бірақ, кеңшарлар жабылып, жұрт әбдіреп қалады. Ішерге ас, киерге киім де жоқ. Әркім өз басының жайын күйттеп кеткен заман. Серіктің анасының сөзі көп те, әкесінің ісі мол болатұғын. Үйде нан да болмай қалған уақыттарда Серіктің анасы күйеуін түтіп жер еді. Серік бір жағынан анасының балаларды ойлауынан шығар деп еске алады. Жұрттың қаладан ауылға көшуі де жиіледі. Әкесі Сағынай бір күнде жиналып, көршілерінің біріне азын-аулақ ақшаға даңғарадай үйін сатып жіберді де үш баласы мен әйелін алып Көкшетауға көшіп кетті. Серіктің ер жетіп қалған кезі, мұрты тебіндеп келе жатқан жас бозбалаға қала өмірі қызық әрі өзгеше көрінді. Әркім есігін құлыптап алып, көрші-көлеммен араласуды білмейді, пәтерден шыққан-кірген кезде көршілері көздері бақырайып, ешкіммен амандаспайды да, ауылда үлкен-кішімен "ассалаумағалейкум-уағалейкумассалам" деп үйреніп қалған оған, мұндай жайттарға көндігу тіптен қиын болды. Бірақ, қала өмірі адамды тез бейімдейді екен. Әке-шешесі базарға шықты, бауырларымен мектепке орналасқан соң, қала өміріне де үйренісе бастады. Бес қабатты үйдің жоғарғы қабатында жас мөлшері өзімен қатар бір қыз тұратын. Ата-анасының зиялы қауым өкілдері екені білінеді. Өзгелерге қарағанда жүздері сондай жылы, түрлерінен мейірім төгіліп тұратын. Ал, Сәуленің сыңғырлаған күлкісі Серіктің жүрегінен мәңгі орын аларын кім білген!

Шамасы Сәуле Серіктің оған ынтызарлығын байқаса керек, көз жанарын түйістіре, бірақ, ләм-мим деместен өтер еді. Серіктің де тілі байланып қалғандай болатын. Серік "ғашықтың тілі - тілсіз тіл" деп кешке ас үйге кіріп, өзінше өлең жазған болып, дәптерін шимайлар еді. Кейін еске алса, еріксіз күліп жіберетін. Қайран жастық! Ол махаббат қызық мол жылдар еді-ау! Дегенмен, екі жас бір-бірін ұғынысып, алабұртқан сезімдерін білдіріп, саябақта қол ұстасып, армандарын бөлісер еді. Қос ғашық мәңгі бірге болуға сөз байласты.

Серік мектепті тәмамдаған соң Ақмолаға оқуға түсті, ал, Сәуле Қарағандыға жол тартты. Күделікті қарбалас, оқу, жаңа орта, шаһар өмірі, қысқаша айтқанда Серік Сәулені ұмытқан жоқ, бірақ, білімге ден қойған еді, алайда, іштегі сезім маза бермей оны Қарағандыға жетеледі. Қарағандыға жетті, әйтеуір мұнда да жерлестері бар, соларды сағалап, медицина институтының жатақханасын, оның Сәуле тұратын бөлмесін де тауып алды. Нүркен Әбдіров даңғылы бойымен жаяу жүріп, ойларын жинақтап алмақшы болды. Көңілі алабұрта Сәуленің бөлмесіне де жетті-ау. Төменде отырған вахтерша: "Қай бөлмеге барасыз?" деді, Серік: "203 бөлмеге" деп нық басып жоғары көтеріліп, есік қақты. Бөлме есігі бірден ашылған жоқ. Ар жағынан: "қазір" деген дауыс шықты. Сәуле есікті ашқанша ұзақ уақыт өткендей болған. Серіктің маңдайы терлеп кетті. Шынымен Сәулеге жетті ме? Өз көзіне өзі сенер алар емес. Бір заматта есік те ашылды-ау? Қараторы өңді, толықшалау келген қыздың бір көзі Серікке, бір көзі гүлге түскен, таңдана қарап қалыпты. Серік: "Саламатсыз ба? Сәуле осында тұра ма?" деп тіл қатты. Бейтаныс қыз: "иә, Сәуле осында тұрған, қазір ол ауылда, тұрмысқа шығып кетті" дегенде біреу төбесінен таспен қойып қалғандай болып, көзі де қарауытып кетті.

Бейтаныс қыз: "Босағада тұрмаңыз, бері өтіңіз" деп ішке шақырды. Және, мән-жайды түсіндірді. Бейтаныс қыздың есімі Жаңагүл екен. Сәуле Көкшетаудан Қарағандыға келіп оқуға түскен, Жаңагүлмен бөлмелес. Жаңагүлдің сыныптасы бөлмелеріне келіп тұрады екен. Сөйтіп жүріп, жаңағы жігіттің көзі Сәулеге түскен. Сәуле әрине оны ұнатпайды. Және, өзіне ұнаған жігіт бар екенін айтқанын және айтуы бойынша: "ол Сіз едіңіз?" дегенде Серік көз жасын білдіргісі келмей, жанарын бұрып алып кетті. Серік: "неге ерте келмедім екен?" деп өкінді. Жаңагүл сол мезетте шай дайындап қойыпты. Серік енді ғана өзіне өзі келіп, бөлмеге бір қарап қойып, Жаңагүлдің қою қара шайын іше отырып, Жаңагүлге зер салды. Жаңагүл Серікті бұрыннан білетіндей шүйіркелесе кетті. Әңгіменің төркіні мынадай.

Жаңагүлдің сыныптасы Боранбай Сәуленің қыр соңынан қалмайды. Жатақхананы торуылдайды, институттың алдынан барып, оны әр күні күтіп алады. Сәуле оған: "Боранбай, мен сені сүймеймін, бәрі бекер" дегеніне ызыланды ма әлде басқа себеп пе, алып қашуға шешім қабылдады. Әдеттегідей сабақтан шыққан уақытта институт алдына Боранбай келе қалады. Сәулеге: "Сәлем, жүр бөлмеңе жеткізіп тастайын" дейді. Боранбайдың оғаш қылығынан қаннан қаперсіз Сәуле көлікке отырған бетте, ыржалаңдап тағы екі жігіт шыға келеді. Түк түсінсе бұйырмасын? Көлік Сарыарқаның ойлы-қырлы жолдарымен ытқи отыра, Боранбайдың ауылына да жетіп қалады. Сәуле әуелі жалынды, кейін өтінді, бірақ, Боранбайдың бет-жүзінен еш эмоция байқалмайды.

Көлік ауылға да жетті. Қораштау бір шеткі үйге тоқтай қалды, бірақ, дені әйелдер, бала-шаға үйден жүгіре шығып: "Боранбай ағам келіншек әкелді. Келін түсті" деп мәз-мәйрәм болып жатыр. Ал, Сәуленің өксігі тоқтар емес, арманы Серікпен қол ұстасып, бақытты ғұмыр кешу еді ғой, ал, мына көрініс не?

Ентелей шыққан әйелдердің арасынан бір етжеңділеу әйел кісі орамал әкеп Сәуленің басына тақпақшы болып тақай бергені сол еді, манадан ашу-ызаға булығып отырған Сәуле орамалды жұлып алып, лақтырып жіберді де: "мен сіздерді ешкімге айтпаймын, өтініш, Қарағандыға апарып тастаңыздар" деді. Бірақ, оны тыңдап жатқан ешкім жоқ, жеңгелері екі жағынан ұстап, бір бөлмеге кіргізіп, көгендеген қозыдай ана жағынан бір, мына жағынан бір шықты. Жылайын десе дауысы да шықпайды. "Жоқ, жоқ, менің Серігім бар" дегеніне қарамастан, бір әже келіп: "Қарағым! Сен енді осы үйдің келінісің, егер кетем десем менің үстімнен аттап өт те кете бер" деп жорта сөйлеп қояды. Жан-жағы анталаған бейтаныс жұрт. Сол отырған қалпы мелшиіп отырды да қалды.

Қыз тағыдыры қашан оңай болсын, көзінің жасын бұлай жүре оқуын да тәмамдады. Кішкентайлы болды. Боранбай бұған көл көтеруді шығарды. Бәріне төзді. Қоятын шығар деп ойлады. Ішіп келіп: "Сен мені жақсы көрмейсің. Балаға дұрыс қараймайсың" деп отырса опақ, тұрса сопақ қылды. Ішуін жиілетіп, бас-көзге қарамай тепкілеуді шығарды. Сәуле: "Бұлай болмас деп" құндақтағы баласын алып, Көкшетауға кетіп қалды. Әке-шешесі қолдарына алып, баланы бақты, Сәуле жұмысқа шықты. Өмір осылай өтіп жатты.

Серік ұзақ уақыт өзіне өзі келе алмай жүрді. Бірақ, ол да тағдырға бой ұсынды. Айтқандай, Жаңагүл Серіктің сол жолы көңілін аулау үшін оған: "Серік! Бүгін Сейфуллин театрына барып қайтайық. Жаңа қойылым" деген соң бір жағы қыздың өтінішін тастамайын және ойым бөлінсін деп қазақ театрына бірге барды. Серіктің Жаңагүлмен тыныстығы достыққа, достығы махаббатқа ұласты. Шынында Жаңагүл адам жанын түсіне білетін ару және Сәуле туралы артық әңгіме қозғамайтын, Сәулені жамандамайтын. Дегенмен, Серіктің Сәулені ұзақ уақыт ұмыта алмағанын біледі, әрине, бәріне уақыт емші.

Серік пен Жаңагүлдің сезімдері артты, махаббатары күшейді. Серік апта сайын қанаты болса Қарағандыға ұшып келер еді. Жаңагүл де Ақмолаға баруды жиілетті. Тағдыр екі жастың бастарын қосты, үйлі-баранды болды. Өмірдің ащы-тұщысын, ыстық-суығын бірге көрді, махаббаттары беки түсті. Екеуі оқуын бітірген соң Көкшетауға келді, жұмысқа тұрды, біреуден ілгері, біреуден көш өмір сүріп жатты.

Көкшетау шағын қала десеңіз де мұнда да қайнаған өмір, Серік кешке жұмыстан шығып көше бойындағы дүкеннен тұңғышына ойыншық, сүйіктісіне тәтті алмақшы болып кіріп еді қағаз қорабына баласын отырғызып алған бір жүдеу-жадау және жұпыны киініп алған әйелді байқап қалды. Жүзі таныс, иә қалай ұмытсын, бұл Сәуле ғой. Сенер алар емес, түрі де өзгеше, сөзі де біртүрлі. Меңіреу сияқты. Бәлендей мән де бермейді. Өзімен өзі.

Енді, Серік тезірек кетуге асықты. Түсінгендей болды.

Және, оны көше бойынан жиі көретін.

Сәуленің тарихы былай еді. Көкшетауға көшіп келген соң көп ұзамай әке-шешесі қайтты. Ал, Боранбайдың тепкісі басқа зақым тигізген болса керек, Сәуленің мінезі өзгеріп кетті. Жұмыстан шықты, дұрысы, шығарып жіберді. Ешкімді тыңдамайтын, сөз ұқпайпын, қағаз қорапқа баласын салып алып, көше кезетін болды. Біреулер мүсіркейді, өзгелер қуып жатады. Бірақ, агрессиясы жоқ еді және баласын тастамайтын. Көп ұзамай Сәуле қайтты деген хабар жетті. Кезіндегі хас сұлудың осындай жағдайға жетуіне өзін кәнілі сезінген Серік Сәуленің пәтерін тауып алып, оны жерлеуді өз мойнына алды, Балалар үйіне өтіп кеткен Сәуленің қызын көп уақыт жүгіріп жүріп, асырап алды. Боранбай қайта үйленіп кетті деп естіген. Ал, Жаңагүл әрдайым серігі - Серіктің жанынан табыла білді!

Фотода: Амангелді кентіндегі Еркіндік белгісі ("Тәж Торғай" кешені), фотограф - Arman Baisadykov, әңгіме авторы - Amandyq Amirkhamzin

0
0
3749

Еще по теме

Тағдырдың жазуы - Yvision.kz