Перейти к содержимому
Обложка сообщества История

Суқұм қала, Суық су, Су бойы елі және Шеркеш мәмлүктері туралы

Абхазиядағы оқиғалар көпшіліктің назарын аударды. Әрине, біз, 90 жылдардағы соғысты, одан кейін 2006 жылғы Кодордағы оқиғаларды және Ресейдің 2008 жылы Грузияға басып кіруін, кейін Абхазияның РФ протекторатына айналғанын білеміз.

Егер, картадан карайтын болсақ, Абхазия Ресей мен Грузия арасындағы теңіз жағалауы аумағын алып жатыр. Абхаздар Ресей әскерінің көмегімен өз «тәуелсіздіктерін» жариялағанмен, өркениетті Әлем Абхазияны Грузияның құрамдас бөлігі ретінде таниды.

Бірақ, мен ол жөнінде емес, жалпы, шеркештер, оның ішінде абхаздар туралы баяндамақпын.

Және, біздің жұртпен көп ұқсастықтарын таптым.

Арғы тарихына қатысты айтатын болсақ, абхаздардың халық ретінде пайда болып, қалыптасуы жөнінде әртүрлі нұсқалар бар. Біріншісі, олар Кіші Азиядан келген десе, екінші деректер, керісінші абхаздардың Кавказдағы автохтонды халық екенін дәлелдейді, үшіншісі, тіпті олар Мысырдан келген-мыс. Бір, қызығы, абхаздардың өз арасында қара өнді, яғни, зеңгі нәсілді абхаздар бар. Яғни, олардың еуропеидік халық бола тұра, араларында қара нәсілділердің болуы расында қызық құбылыс. Жаңағы айтқан зеңгі нәсілділердің Эфиопия, Египет аумағынан келуі мүмкін немесе жергілікті билік жүргізуші тап өкілдері Африкадан әкелуі және тағы бір нұсқасы құл саудасы кезінде османдардың кемелері опатқа ұшырап, Абхазия жағалауына жетуі мүмкін деседі. Әрине, шындыққа жанаспайтын сияқты, дегенмен, абхаз негрлерін Осман дәуірімен байланыстарған дұрыс, яғни, осындағы мандарин плантацияларында жұмыс істеуге алып келген болар деп болжаймын. Грузиндер зеңгі түстес абхаздарды шави каци – қара кісі не шави халхи – қара халық деп атайды екен.

Енді, абхаз тарихына азды-көпті тоқталсақ. Орта ғасырларда олардың Кавказ халықтарымен, әсіресе, солтүстік Кавказ халықтарымен, көршілері – грузиндермен, түркі халықтарымен, әсіресе, османлылар мен Қырым татарларымен, ноғайлармен байланыстарын байқаймыз.

Мысалы, османлылардың атақты саяхатшысы Әулие Челебидің «Саяхатнама» атты кітабынан көп маұлмат алуға болады. Айтқандай, оның анасы абхаз қызы деседі. Жалпы, османлылар империя құрамындағы, іргелес елдердегі жұрттардың қыздарын көп алған ғой, ал, Кавказ сұлулары сұлтан сарайларына да жеткізіліп отырған. Әрине, бұл басқа тарих, ал, біз тақырыбымызға оралайық.

Шеркештердің, оның ішінде абхаздардың түркі Әлемімен байланысы туралы жоғарыда айттық. Бұл жерде шамалы шегініс жасайық. Заманында гректер бақа сияқты су жағалай Жерорта, Қара теңіздері бойларында өз колонияларын салғаны белгілі. Мысалы, грек колонистері Қара теңіздің осы жақ тарабында 6 ғасыр кезеңінде пайда болады. Тарихта суреттелетіндей халықтардың аралас-құраластығы тек соғыстардан тұрмайды, мәдени байланыс та орын алады. Менің айтпағым, абхаздардың ата-бабаларының, гректердің және скифтердің рухани, мәдени байланысы жүзеге асып, соның нәтижесінде скифтердің ат әбзелдерінің абхаз жеріндегі грек қоныстарынан табылғанын көреміз. Кейінгі кезеңінде римдіктер мен парсылардың бұл төңірекке билік жүргізуі үшін таласын байқаймыз. Одан бергі уақытта араб шапқыншылығы жетіп, абхаздар Ислам әлемінің бір бөлшегіне айналады. Дегенмен, әлі де өз діни таным-сенімдерінің іздері жойылмай, ұзақ ғасырлар бойы ескліктің сақталғанын байқауға болады. Тоғыз жолдың торабы болған абзах жерінде олар өз мемлекеттерін құрып, орталығы Суықсу деген атаумен белгілі, Лыхны қаласы абхаз жұртының орталығына айналады. Кейін Суықсу халқы орыс жаулаушылары келгенде Осман империясына қашады. Әрине, Суықсу атауы кейінгі османлы дәуірімен байланысты болар, бірақ, абхаздардың қазіргі орталығы Сухум шаһарының атауы заманында Суқұм қала (Сухум кале) болғаны қызық! Айтқанай, қазіргі Новороссийск қаласы заманында Шұжық қаласы (Суджук-кале) деп аталған, ал, Анапа шаһары, Отанынан айырылған ноғай мен қырым татарының «анапай»-ым деген сөзден шыққан деседі.

Сонымен, 1475 жыл османлылар Қара теңізінің шығыс жағалауындағы бұл тарапқа Сухум кале, Поти, Анапа сияқты бекіністерін салады. Абхаз жері Осман империясы құрамындағы өлкеге айналады. Бұл иелік ету шамамен 1810 жылға дейін жалғасады. Әрине, абхаздар басқа да шеркеш халықтары сияқты ішкі автономия жағдайында өмір сүреді, османлылар ең алдымен, сауда, соғыс, байланыс жағдайын қолға алады.

Жоғарыда аты аталған Әулие Челебидің 1641 жылы Трабзоннан шығып, Қара теңіз жағалауын бойлай Анапаға дейін жүріп өтіп, Гүржістанға, Лазистанға, Менгрелистанға және Абазастанға барған саяхатында абхаз тайпларының өмірі туралы сипаттайды. Айтқандай, абхаздарды түріктер мен арабтардың абаза деп атағанын көреміз, ал, абхаздарды гүржілер абхаз десе, абхаздардың өз атаулары апсуа, яғни, су адамдары, су елінің жұрты деген мағынаны білдіреді. Челеби «Какар (Гагра), Кечи (Гечба), Арт (Аредба) атты айлақтармен Чач (Чачба), Арлан, Чан (Цанба)» атты жұрттар туралы жазады. Суықсу өзені бойындағы суықсу тайпасы туралы: «олардың үш мың әскері бар, аттары жүріске шыдамды, аталған өзен Шеркешстаннан ағып шығып, Қара теңізге құяды» дейді. Челеби әр тайпаға баға беруге тырысады, олардың тұрмысы, мінезі, тілі туралы баянайды. Мысалы, арбадағы балықты алғаны үшін жабайы тайпалар деп санаған абхаздардың бір жұртының 3 татар сарбазын өлтіргенін жазады. Дегенмен, қонақжайлықпен қарсы алып, османлылардың 10 қойдан кәуап пісіргендеріне дейін сипаттайды.

Олардың сол уақыттағы саны (Челебидің айтуынша) шамамен 100 000 төңірегінде болар. Бір қызығы, абхаздардың 2011 жылғы өз деректері бойынша Абхазияда тұратын абхаздардың саны бар болғаны 120 000 адам ғана. Сонда, қаншама ғасыр өтсе де абхаздардын саны өспегені ме?

Сандарына қатысты деректер туралы айтпастан абхаз тайпаларын таратып көрейік.

Абжуйлықтар — Абхазияның Очамичира ауданы халқының басым бөлігі. Түркиядағы абхаз диаспорасы құрамында кездеседі;

Аибгалар — абхаздардың толықтай жойылды деуге болатын этнографиялық тобы. Кавказ соғысында еркектерінің бәрі өлтірілген. Балалары мен әйелдерінің бір бөлігі Абхазияда қалған, тірі қалғандары Түркияға өткен;

Апчихсоулар — Осман империясы аумағына қашуға мәжбүр болған. 1864 жылға дейін Ресейдің қазіргі Краснодар өлкесі аумағында өмір сүрген. Манағы Әулие Челеби олардың санын сол уақытта 10 000 адам деп көрсеткен;

Бзыптықтар — бір бөлігі Абхазияда тұрады, жартысынан көбі Түркия, Сирия мен Иорданияда өмір сүреді;

Члоулықтар — өмір бойы Ресей патшалары билігіне қарсы күрескен, 1867 жылы соңғы члоулық Абхазияны тастап шетел асуға мәжбүр болған;

Джгерділіктер — Абхазияда бірнеше елді мекенде ғана қалған, тірі қалғандарының бәрі Отанын тастап қашуға мәжбүр болған;

Гумалықтар — бұлар да атамекенін тастап кетуге мәжбүр болғандар. Ең аз бөлігі Абхазияда тұрады;

Псхулықтар — 1864 жылға дейін Абхазияда тұрған, шетел асқан топ. Аз бөлігі қазіргі Қарашай-Шеркес Республикасында тұрады, көпшілігі Түркияда. Әулиен Челеби ол заманда санын 7 000 адам деп көрсеткен;

Садздар — 1864 жылы толықтай атамекендерінен қуылған. Елдерінен кеткенге дейін қазіргі Сочи мен Гагра аралығында тұрған. Әулие Челеби олар туралы былай депті: «Солтүстікке қарай, таулардың ортасында Садша (Sadcha) елі бар, бұл жұртты Сиди-Ахмед-паша басқарады; халқы абхаз тілін де шеркеш тілін де біледі. Саны 7000 адам»;

Мырзақандар — бұларды абхаздар деп есептегенмен, абхаз-гүржі аралас жұрты;

Цабалдықтар — Осман империясына толықтай кеткенге дейін Кодор өзенінің орта және жоғары ағысы бойында тұрған;

Далдықтар — бұлар тура цабалдықтар сияқты Кодор өзені бойында тұрған және толықтай қуылған;

Цвыдждар — қазір Түркия аумағында тұрады.

Жалпы алғанда, Абхазияның жиырма бес өңірі халқынан 3 аймақтың ғана жұрты өз жерінде қалады. Сөйтіп, жарты миллионнан бір миллионға дейінгі абхаздар Түркия, Сирия, Иордания, Египет, АҚШ, Канада және Еуропа елдерінде өмір сүреді деседі. Әрине, саны аз халықтардың өз санын көп қылып көрсететін дәстүрі бар, сондықтан күмәнмен қараған жөн. Дегенмен, абхаздар Әлемнің 60 елінде тұрып жатыр. Оның себебі Кавказды Ресей империясының жаулап алу кезінде қатты және табанды қарсылық көрсетуі, сондықтан, біріншіден, оларды (абхаздарды) ауыл-ауылдарымен жойып отырды, екіншіден, тірі қалғандарын атамекенін тастап кетуге мәжбүрледі.

Бұл жерде, жалпы, бұл жайт абхаздарға ғана емес, барлық шеркес тілді халықтарға тән екенін айта кеткен жөн. Қазіргі күні, шеркес тектес жұрттардың 80-90 проценті өз жерінде емес, қашып барған елдерінде өмір сүріп жатыр. Ол, мұқаджар деген атаумен белгілі. Яғни, өзге жұрт ортасына түскен халықтың ассимиляция үдерісіне тез түсетіні белгілі. Мысалы, шетелдік абхаздардың барлығы дерлік мұсылмандар, ал, Абхазияда тұратындардың шамамен 16 процент ғана мұсылмандар. Яғни, діни факторлар да олардың өміріне әсер етті. Біріншіден, Абхазияда қалғандары амалсыз діндерін өзгертуге мәжбүр болды. Екіншіден, әрине, бағзы заманнан қалған ислам, христиан діндеріне дейінгі сарқыншақтары да белгілі бір рөл ойнады.

Отанынан қашқан жұрт Кіші Азияның әр аумағына орналасты. Қашқындар жеткенше талайының өмірі оңай болмады, ұлдарын құлдыққа, қыздарын күңдікке сатты. Айтқандай, Қазақстанда 76 абхаз тұрады екен, оның біреуін жанар-жағар май құю станциясында кездестірдім.

Мен олардың музыкалық аспаптары мен салт-дәстүрлеріне де назар аударған едім. Мысалы, барабанды адаул дейді, біздің дауылпаз дегенімізге ұқсаттым, сосын қобызға ұқсас бір аспаптары (апхиарца деп аталады) бар екен.

Тағы бір назар аударғаным абхаздар қой сойған кезде тура қазақтар сияқты оның әр мүшесін қонаққа бөліп тартады екен.

Енді, манағы тақырыпқа назар аударған шығарсыз деп ойлаймын, шеркештер (оның құрамындағы абхаздар да) туралы бір-екі ауыз сөз айта кетейін.

Заманында бабаларымыз Египетке дейін жетіп, кейін сол елді билегені белгілі, ал, мәмлүліктер тек түркі халықтары өкілдері ғана емес, Кавказ жұртынын (шеркеш тілді) да болғаны мәлім. Мәселен, абхаздардың арасынан Әли бей әл-Кәбір деген Египеттің патшасы шыққан (кей деректе гүржі деседі, бірақ, Абхазия аумағында туған). Сол мәмүліктер сияқты шеркештер (абхаздар да бар арасында) Осман империясы аумағына шашырай қоныстанып, Еуропадағы қазіргі Косово, Болгария сияқты мемлекеттерге өтсе, бір аз бөлігі Румынияға жетеді. Тарихтың тәлкегін қараңыз, Осман империясы жүргізген соғыстардың бірінде тегі абхаз түрік пашасы жеңіліс тауып, байрағын румын әскер басына табыстауға мәжбүр болады. Сөйтсе, жау жағындағы заманында румын әскері құрамында соғысқан тегі шеркеш екен деседі. Осы жайт олардың қазіргі тағдырларын да елестетті маған!

Бірінгі суретте тау халқының орыс әскері келе жатқан кезде жұртын тастап кету сәті бейнеленген. Авторы - П.Н.Грузинский, 1872 жыл.

Екінші суретте Сухум-кале (конец XIX ғасыр соңы) бейнеленген. Авторы - П.П.Верещагин

0
0
3042

Еще по теме