Студенттік өмір жарқын болашаққа бастар жол
Студенттік өмір әр адамның өміріндегі ең ерекше, жастық шақтың есте қалар кезеңі. Бұл уақыт тек білім алып мамандық игерумен ғана шектелмейді, сонымен қатар тұлға ретінде қалыптасудың, әрі жаңа достар табудың және өзіңді танудың уақыты. Әл - Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті қабырғасындағы әрбір күн жаңа мүмкіндік деп ойлаймын. ҚазҰУ- еліміздің ең беделді жоғары оқу орындарының бірі ғана емес, сондай-ақ жас буынға сапалы білім беріп қана қоймай, рухани және әлеуметтік тұрғыда қалыптасуға жол ашатын үлкен орта. Мұнда әрбір студент өз дарынын ашуға, жаңа бастамаларға ұмтылуға мүмкіндік алады. Сабақтар мен ғылыми жобалар, шығармашылық кештер мен спорттық жарыстар, волонтерлік акциялар мен жастар ұйымдарының жұмысы бәрі де студенттердің жан-жақты дамуына жол ашады. Әрі жастардың тұлғалық даму жолындағы үлкен мектеп. Біздің студенттер белсенді, ізденімпаз, заманауи ойлайтын жастар. Олар біліммен ғана емес, өз идеялары мен бастамалары арқылы қоғамға үлес қосып келеді. Университеттің ашық алаңдарында пікірталастар ұйымдастырылып, стартап жобаларға қолдау көрсетіледі. Әрбір студент өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік алады. Біздің білім ордасының түлектері қазіргі таңда лауазымды орындарда, елі үшін білім жолында да, өнер жолында да ерең еңбек етіп жатқан азаматтар мен азаматшалар. Бүгінгі студент ертеңгі ел тізгінін ұстар азамат.
Студенттік өмірдің ең басты құндылығы достық пен бірлік. Бір аудиторияда бірге оқыған әрбір жас бір отбасының мүшесіндей болып кетеді. Осылайша жақын дос тауып, олардың сенің өміріңде мәңгі қалып, шынайы достықтың не екенін түсіндіретіндей болып көрінеді. Университетім берген ең қымбат дүние бірінші білім болса,екіншісі шынай достар дер едім. Сондықтан студенттік өмір жай ғана кезең емес, болашаққа жасалған алғашқы қадам. Бұл өмірдің әр сәті жарқын естелік, ұмытылмас тәжірибе және үлкен арманға апарар жол. Мен үшін ҚазҰУ студенті болу үлкен мақтаныш. Себебі арман мен еңбектің тоғысқан сәті. Әл-Фараби бабамыз айтқандай, «Білімді болу - бақыттың ең биік шыңы». Сол шыңға жол дәл осы жерден басталады.
Автор: ҚазҰУ университеті, дінтану және мәдениеттану кафедрасы, дінтану мамандығының 1 курс магистранты: Сайлаубай Аяжан, PhD доцент Тунгатова У.А, PhD доцент Кантарбаева Ж.О.
