Перейти к содержимому
Обложка сообщества Блоги

Мен армандаған білім ордасы

Аты аңызға айналған, ҚазҰУ қалашығына ең алғаш рет келгенде ерекше тарихи көрініске куә болдым. Қалашықтағы көне ғимараттардың өзінде терең мағынаға толы тылсым сыр жатқаны айырықша сезілді. Тарихқа жүгінетін болсақ, осынау білім ордасында Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ермұхан Бекмаханұлы, Әлкей Марғұлан тәрізді аса көрнекті ғылым мен мәдениет қайраткерлері дәріс оқыды. Тамыры тереңге жайған бұл ұлттық университет бала кезімде жүрегімнің түпкірінен орын алды. Үйдің үлкендері оның тарихы мен маңызын айтып, білім мен тәрбиенің қайнар көзі екенін үнемі дәріптейтін. Сол кісілердің осы оқу орны туралы сүйсіне айтқан сөздері менің жүрегімді тербетіп, ұмтылысымды оятты. ҚазҰУ мен үшін білімнің биігіне жетелейтін жарық шам іспетті болды. Енді жерде мектеп түлегі атанып, осы арманымның есігін ашуды көздеймін. Оны ақиқатқа айналдыру үшін бар күш-жігерімді салып, осы университеттің мақтанышы болуды мақсат етемін.

Бастауыш сыныпта оқып жүргенде сүйіп көретін Гарри Поттердің оқу ордасы Хогвартс қандай сиқырлы болса, мен үшін ҚазҰУ да дәл сондай ерекше әрі жұмбақ әлемдей көрінеді. Хогвартсқа түсу арманым бала қиялымда орын алса, ҚазҰУ-ға түсу – өмірімнің нақты миссиясына айналды. 

Алғаш рет университет ауласына аяқ басқан сәтімде толғаныс сезімі бойымды биледі. Арманымның бастауында тұрмын деген ой жүрегіме ерекше әсер сыйлады. Дәл сол сәтте ойымды студенттер мен ұстаздардың жарқын дауыстары бөліп жіберді. ҚазҰУ ұстаздары мен шәкірттерінің келбетінен жылы шырай мен әсерлі көзқарас сезіледі. Бұл ортада өзімді жаңа мүмкіндіктер мен ұмтылыстарға толы әлемге қадам басқандай сезіндім. Алматының қақ төрінде, Алатаудың аясында орналасқан ҚазҰУ қалашығының әсем шыршалармен көмкірілген көздің жауын алатын табиғаты мен айырықша атмосферасы жан дүниеме ләззат сыйлады.

Биыл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің алтын бесігі журналистика факультеті университетпен бірге 90 жылдық мерейтойын атап өтуде. Қазақстандағы кәсіби журналистер даярлайтын бірден-бір жетекші оқу орны болып табылатын факультет іргетасын университетпен қатар 1934 жылы қалаған екен. Университет құрамында қазіргі уақытта 17 факультет бар. Соның ішіндегі журналистика факультеті мен үшін ең ыстық, ең керемет әрі болашағы жарқын білім ұясы. Мен таңдаған факультет білімнің тереңдігімен ғана емес, шығармашылыққа құштар шәкірттерінің жүрегіне асқақ рух пен шалқар шабыт сыйлайтын орда екендігімен дараланады. Сондықтан да келешекте өзімнің журналистік қабілетімді шыңдап, әлеуметтік мәселелерді тереңінен түсініп, қоғам назарына ұсынуға мүмкіндік беретін маман болып шығатыныма сенімдімін. Қазақ журналистикасының дамуы ұзақ әрі маңызды жолды артта қалдырды. Бұл жолда еліміздің ақпарат кеңістігінің негізін қалап, бағыт-бағдарын айқындаған үш ірі тұлғаның орны ерекше: 

  • Темірбек Қожакеев – қазақ журналистикасындағы сатира жанрын ғылыми-шығармашылық тұрғы да дәйектеген қаламгер. Сатириктің мірдің оғындай өткір тілі, ащщы шындықтың бетін ашатын айқын образдары мен қоғамдағы толғақты проблемаларды алға тосқан ақиқаты журналистикадағы батылдық пен адалдықтың үлгісі болды. Профессор Темірбек Қожакеевтің зерттеу еңбектері мен шығармашылық туындылары журналистика ғылымымен қатар көркем әдебиеттің де дамуына игі ықпалын тигізді. Зерттеуші сатира мен юмордың журналистикадағы орнын ерекше атап өтіп, осы жанрдың кәсіби деңгейде дамуына айырықша үлес қосты. Ұзақ жылдар бойы ҚазҰУ-де журналистика факультетінің деканы болған кездері жүздеген шәкірт тәрбиелеп ұстаздықтың ең асыл үлгісін көрсетті. Темірбек Қожакеевтің дәрісін тыңдаған шәкірттері бүгінде оның ізін жалғап, жаңа буын журналистерге ұстаздық етуде.
  • Марат Барманқұлов – қазақ тележурналистикасы ғылымының негізін қалаушылардың бірі. Профессор Марат Барманқұловтың зерттеу еңбектері қазақ телевизицияның дамытуға және Қазақстандағы ақпарат тарату мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге арналды. Ғалым тележурналистиканы тек ақпарат тарату құралы емес, сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, халықтың санасын қалыптастыратын маңызды күш ретінде қарастырды. Марат Барманқұлов телехабарлардың құрылымына жаңашылдық енгізіп, қазақ телевизиясының сапасын әлемдік стандарттарға сай етуді көздеді. Профессордың еңбектері тек қазақ журналистикасында ғана емес, ТМД елдерінде де үлкен маңызға ие болды. Ғалым ұстаздың теориялық кітаптары журналистика мамандығы бойынша білім алатын білімгерлер үшін әлі күнге дейін негізгі оқулықтардың бірі болып табылады.
  • Намазалы Омашұлы – қазақ радио журналистикасының теориясы мен тарихын зерттеуге ерекше үлес қосқан ғалым әрі практик. Профессор ұлттық журналистика тарихын жүйелеп, қазақтың баспасөз тарихының негізгі кезеңдерін айқындап берді. Намазалы Омашұлының еңбектері қазақ баспасөзінің қалыптасу және даму үдерісін түсінуге көмектесетін бағалы дереккөздер болып саналады. Намазалы Омашұлы журналистика теориясы мен тәжірибесін үйлестіру арқылы, ақпараттық кеңістіктегі жаңа бағыттарды айқындады. Намазалы Омашұлының ұстаздық жолы – қазақ журналистикасының жаңа буынын тәрбиелеудегі өнеге мектебі. Бүгінде Намазалы Омашұлының шәкірттері оның ұстанымдарын жалғастырып, ұлттық журналистиканың алтын көпірін бүгінгі күнге лайықтап, келер ұрпаққа жеткізу жолында табанды еңбек етуде. ЮНЕСКО-ның Қазақ ұлттық университетіндегі бұқарамен байланыс және журналистика кафедрасының меңгерушісі ретінде ол қазақ медиа ғылымының халықаралық беделін арттырып, оны жаһандық журналистика қауымдастығына танытты. Намазалы Омашұлының ғылыми ізденістері мен ұстаздық жолы қазақ радиожурналистикасының ұлттық болмысын сақтап, оны халықаралық деңгейде дамытудың жарқын үлгісіне айналды. Ғалымның ғылыми-теориялық еңбектері, публицистикалық шығармалары журналистика мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарының студенттері үшін әдістемелік нұсқаулық болып табылады. Ғалым 13 монографияның, 3 оқулықтың, 9 ғылыми-публицистикалық еңбек мен очерктер жинағының, 9 оқу құралдың және 300-ден астам ғылыми, публицистикалық мақаланың авторы. Н.О. Омашевтың ғылыми еңбектері қазақстандық ғылыми ортада ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын шетелдерде де үлкен резонанс тудырған. Намазалы Омашұлының еңбектерінде қазақ баспасөзінің алғашқы үлгілері, ұлттық журналистиканың идеологиялық және мәдени рөлі, сондай-ақ ақпарат таратудағы кәсіби этика принциптері баяндалып, жан-жақты талданады. Намазалы Омашев – қазақ журналистикасының рухани шамшырағы, еңбегімен елдің алғысына бөленген көрнекті ғалым. Оның жарқын ғұмыры мен шығармашылық жолы түрлі марапаттармен және құрметке лайық істермен өрілген. Әлі күнге дейін профессор Намазалы Омашев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде ұстаздық етіп, ғылым мен білім саласына жаңа леп беріп, ұлттық журналистиканың дамуына өз үлесін қосып келеді.

Темірбек Қожакев , Марат Барманқұлов, және Намазалы Омашұлы– қазақ журналистикасының үш биік шыңы. Осынау ізгі тұлғалардың ізбасары болу – орасан зор жауапкершілік. Журналистика мамандығын таңдаған әрбір жасұлан Темірбек Қожакев , Марат Барманқұлов, және Намазалы Омашұлы сынды ұстаздардың қаламынан туған еңбектерді оқып, көкейілеріне тоқып, жаңа белестерді бағындыруға ұмтылуы тиіс.

Актуреева Асель 

Алматы қаласы, №58 ЖББМ 11 А сынып оқушысы

Шығармашылық жетекшісі: Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ доценті Әбдіжәділқызы Жидегүл 

0
0
2254

Еще по теме