Махаббат теориясы
Махаббат деген не? Махаббат – әр адамға әртүрлі түсінің қалыптастырған ұғым. Мен үшін махаббат – қайталанбас сәттер, ешқашан қайта оралмайтын тәтті естеліктер, ес-түссіз ғашық болып, жігітің не қызыңның жазғанын, хабарласқанын асыға күту.
Махаббатты адамдар ертегіге теңейді. Әрине, ертегідегі “happy end”-ті көріп, өмірде де солай деп қабылдаймыз. Бірақ махаббат өзінің қуанышымен бірге қайғысын қатар алып жүретін сезім алапаты. Бәлкім біреуге махаббат тек қуанышпен, бақытпен, шаттықпен келер. Ал біреуге мұңын арқалап келеді.
Махаббаттың жарамдылық мерзімі – шексіз. Бір қателесерсің, екінші рет адасарсың, бірақ түптің түбінде өз адамыңды табарың анық. Екінші жартыңмен өткізген әрбір күн соңғы күндей көрінеді. Бар жақсыны сыйлайсың, бар құрметіңді көрсетесің. Мұхтар Шаханов «Махаббат ол - екі адамның сезім, пайым биігіне шығуы, Сол биікте тұрып және бірін-бірі ұғуы» дегендей, нағыз шынайы махаббат иелері сезімнің асқар шыңына жетеді.
Махаббаттың формуласы өте қарайым. Махаббат=сенім+сезім+адалдық. Мүмкін адамдар өз қалауларынша бұл формуланы түрлендірер. Бірақ менің қиялымдағы формула осындай. Бір-біріне адал болған жандар мәңгілік махаббатты құрастырады. Ал сезім мен сенім қатар жүрген жерде араға сызат түспейді.
Менің қиялым махаббатты осылай көреді. Санам оның тек қана бақытты сәттер емес екендігін түсінеді. Ал жүрегім бәрібір тек жақсылықты күтеді.
Ал сіз махаббатты қалай түсінесіз? Сіздің қиялыңыздағы махаббат қандай?
