Күрдтер туралы қызықты деректер
Күрдтер туралы оқып отырып, мынадай қызықты деректерді кездестірдім

Егер, 1927 жылы Түркияда тұратын күрдтердің саны 2 млн. 323 мың болса, 1926 жылы Қазақстандағы қазақтардың саны 3 млн. 627 мың болыпты, қазіргі күні Түркиядағы күрдтер саны 20 млн. көлемінде болса, Қазақстандағы қазақтар саны 14 млн. шамасында. Яғни, өсім жақсы, тағы бір қызығы қазіргі күні Түркияда тұратын түріктерге қарағанда күрдтердің саны екі есе көбірек өседі екен. Осы қарқынмен, 2060 жылы олардың саны 33 млн-ға жетіп, Түркия халқының үштен біріне айналуы мүмкін. 2000 жылдары Түркиядағы күрд әйелдері орташа есеппен бір әйелге 5,47 баланы дүниеге әкелген. Жалпы, 1927 жылы Әлемдегі күрдтердің саны 4 млн. шамасында болса, қазіргі күні олардың саны 40 млн. асты. Бір қызығы, Түркияда тұратын күрдтердің шамамен 6 млн. өз ана тілін білмейді немесе өте нашар біледі. Түркиядағы алевит күрдтердің 70 проценті үйінде түрік тілінде сөйлейтінін жеткізген. Есесіне Стамбұлдың әрбір бесінші тұрғыны күрд екен. Тағы бір қызығы, Түркияда түрік-күрд аралас некесі де жетерлік, мысалы, 2013 жылғы деректердің өзінде 2,7 млн. аралас неке орын алған. Айтқандай, Реджеп Ердоғанның ізбасары Хақан Фидан сондайлардың бірі. Бірақ, субэтникалық топтар арасында тек бір ұлт арасында неке орын алады, мәселен, Арменияда тұратын, шарфадин (езидтер) дінін ұстанатын күрдтердің арасында өз ұлты арасындағы неке 98 процентті құрайды. Бұл Әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Жалпы, күрдтер туралы айтқанда олардың Азиядағы ірі халықтардың бірі екенін білеміз. Олардың санын 40 млн. шамасында деп болжауға болар, олай дейтініміз дәл санын анықтау мүмкін емес, дегенмен, Түркияда 20 млн., Иракта 8 млн., Иранда 10 млн. бар деп айтылады. Әрине, Сирияда да едәуір күрд тұрады. Олардан өзге, Армения мен Әзербайжанда, Германия мен Израильде, Ливан мен Францияда, Ауғанстан мен АҚШ-та, Палестина мен тіпті алыстағы Суданда, Ресей мен Қазақстанда да баршылық. Жалпы алғанда, күрдтер Әлемнің қырықтан астам елінде тұрып жатыр. Қазақстанда тұратын күрдтердің саны 1999 жылы 25 425 адам болса, 2009 жылы 32 764 адамға жеткен. 2021 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 47 880 күрд ұлтының өкілдері тұрады деп есептеледі. Күрд тілі Үндіеуропа тіл семьясының Иран тілдерінің солтүстік-батыс тобына жатады деп саналады. Күрд тілі курманджи, сорани және т.б. диалектілерге бөлінеді. Оның ішінде зазалардың орны ерекше. Кейбір зерттеушілер Ирандағы лур, бақтияр тілдерін күрд тілінің диалектілері деп санайды, алайда оларды жеке тілдер деп санаймын. Күрдтер көп жағдайда екі тілді, мысалы, өз ана тілдерінен өзге, тұрып жатқан елдерінің тілдерін біледі, мысалы, ол түрік, араб, парсы тілі. Қазақстанда тұратын күрдтер тіпті үш тілді. Айтқандай, күрд тілінде сөйлейтін еврейлер де бар, олар Изриальде тұрады, лахлухи деп аталады. Боша деп аталатын Кавказ сығандарының бір тобы күрд тілінде сөйлейді, оларды мыртып немесе қарашатырлы деп атайды. Күрдтердің діні. Күрдтердің арасында шиіттер мен сүнниттер де бар, алавиттер да кездеседі, одан өзге, бахаи, езидизм дінін ұстананатындар да баршылық. Дегенмен, күрдтердің басым көпшілігі сүннитер, сонымен бірге заза және зазактар деп аталатын этноконфессиялық топтар тағдыры да қызықты, олардың діндерінде христиан және ескі таным-сенім қалдықтары әлі де сақталған. Соның ішінде езидтер туралы ерекше айту керек болар, Олар Ирак Күрдістанында тұрады және 2014 жылы ДАИШ содырларынан көп теперіш көрді. Езидтердің бір бөлігі Кавказда да тұрады. Айтқандай, күрдтер руларға да бөлінеді, мысалы, негізі төрт тайпалық құрылымы мыналар: курмандж, лур, калхор, горан. Айтқандай, күрдтер қазақ халқы сияқты Наурыз мейрамын тойлайды. Бұл менің асығыстау жазған қысқа материалым еді және этнографиялық мақсатта жазылған, оған себеп болған кеше Ютубта көрген Армениядағы езидтердің отбасына барған Түркиялық күрд қызының саяхаты еді. Әрине, езидтер, жалпы, күрдтер туралы бұрыннан білемін дегенмен, Азиядағы ең ірі халықтардың біріне зерттеушілердің назарын еркісіз аудару заңды да және?! Айтқандай, ресми дерек бойынша Шығыс Әлемінің атақты қолбасшыларының бірі Салахатдин күрд болып саналады, дегенмен, басқа деректер оның Кіші Азиядағы түркі тайпаларының бірінен шыққан, түркі тілінде сөйлеген дейді, сол сияқты, күрдтердің тағдыры жанындағы өзге халықтармен әбден біте қайнасып кеткен!
Суретте: Луи Огюст Гюста́в Доре́нің Салахатдин атты картинасы!
