КЕЗЕКТЕН ТЫС КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
Онлайн форматта өткен конференция жұмысына бастауыш партия ұйымдарынан сайланған делегаттар, Саяси Кеңес мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Күн тәртібінде Жаңақала аудандық филиалының кезектен тыс ХХVІІ конференциясына Жаңажол, Көпжасар және Бірлік ауылдық округтерінің әкімдеріне «Nur Otan» партиясынан кандидаттарды ұсыну туралы бір мәселе қаралды.

- Пандемияның ауданымыздағы ахуалын ескере отырып (санитариялық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты) «Nur Otan» партиясының ХХVII конференциясын аудандық бюро шешімімен онлайн-форматында өткізуді ұйғардық.

Осыған байланысты, аудандық филиалдың барлық 14 бастауыш партия ұйымдарының жиналыстары 28-29 маусым күндері өткізілді. Сол жиналыстарда бүгінгі конференцияға 55 делегат сайланды. Конференцияға 48 делегат қатысып отыр, 7 делегат түрлі себептермен қатыспауда. Бәрімізге белгілі 25 мамыр 2021 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстандағы сайлау туралы» Конституциялық заңға әкімдерді сайлауды енгізу мен барлық үміткерге қарсы дауыс беруді қарастыратын түзетулерге қол қойды. Осы жарлыққа байланысты Жаңақала ауданы бойынша әкімдерінің мерзімі аяқталған Жаңақазан, Жаңажол, Көпжасар және Бірлік ауылдық округтерінде сайлау өту керек. Біз конференцияда осы округтерге партия атынан кандидаттарды ұсынумыз керек. Сондықтан аудандық саяси кеңес бюросында арыздары қаралып, кеңес мүшелерінің келісімін алған партия өкілдерін ұсына аламыз, - деді филиал төрағасы, аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин.

Күн тәртібінің мәселесі бойынша «Nur Otan» партиясы Жаңақала аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Рухолла Саматов Жаңақала ауданының Жаңажол, Көпжасар және Бірлік ауылдық округтерінің әкімдеріне «Nur Otan» партиясынан кандидаттар ұсынды. Мұнан соң Жаңақала ауданы бойынша Жаңажол ауылдық округі әкіміне Асылан Уразалиев, Көпжасар ауылдық округі әкіміне Нұрбол Бектлеу, Бірлік ауылдық округі әкіміне Ерсайын Еслямгалиев ұсынылғаны жөнінде қаулы қабылданды.
