Қазақстанның атынан «Әлем аруы – 2026» байқауына Бағым Балтабаева қатысады
«Miss Qazaqstan 2024» ұлттық байқауының жеңімпазы Бағым Балтабаева 7 тамызда Вьетнамда өтетін «Әлем аруы – 2026» (Miss World 2026) халықаралық байқауына аттанып, Қазақстанның намысын қорғайды.
Әлемнің жүзден астам елінен келген арулар бақ сынайтын додада қазақстандық қатысушы ұлттық мәдениетті, қоғамдық бастамаларды және еліміздің заманауи келбетін таныстырады.
Халықаралық байқауға дайындық бірнеше ай бойы жүргізілді. Осы уақыт ішінде Miss Qazaqstan командасы қатысушыны шығармашылық, әлеуметтік және халықаралық кезеңдерге жан-жақты дайындады. Байқаудың басты ерекшелігі – сыртқы сұлулықпен қатар интеллекті, көшбасшылық қабілет пен қоғамдық белсенділікті бағалауы.
Сұлулықтың басты өлшемі – қоғамға қызмет
Miss Qazaqstan директоры Рамина Ибрагимованың айтуынша, ұлттық байқау бүгінде жас қыздардың әлеуетін ашып, оларды халықаралық деңгейде елдің лайықты өкілі ретінде қалыптастыратын жобаға айналған.
«Біздің мақсат – халықаралық байқауларға қатысатын аруларды ғана емес, Қазақстанды әлемге заманауи көзқараспен таныстыра алатын, қоғамға пайдасын тигізетін көшбасшы қыздарды тәрбиелеу», – дейді Рамина Ибрагимова.
Оның айтуынша, «Beauty With a Purpose» («Мағыналы сұлулық») қағидасы ұлттық байқаудың негізгі бағытымен толық сәйкес келеді.
«"Әлем аруы" байқауында қатысушылардың тек келбеті ғана емес, білімі, азаматтық ұстанымы, қоғамдық белсенділігі және қайырымдылық жобалары да бағаланады. Сондықтан әрбір жеңімпаз өз әлеуметтік бастамасын жүзеге асырып, қоғамға нақты үлес қосуға ұмтылады», – дейді ол.
Әлеуметтік жоба – басты басымдық
Бағым Балтабаева халықаралық байқауда жалғызбасты аналар мен қиын жағдайдағы балалы отбасыларға қолдау көрсетуге арналған қайырымдылық жобасын қорғайды.
Бұл бастама бірнеше кезеңнен тұрады және байқаудың ең маңызды бағыттарының бірі – Beauty With a Purpose бағдарламасы аясында таныстырылады.
«Мен үшін ең маңыздысы – осы жоба. Себебі оған көп уақыт пен күш жұмсалды. Бұл бастама арқылы адамдардың өміріне нақты өзгеріс енгізуге болатынын көрсеткім келеді», – дейді Бағым Балтабаева.
Аққу бейнесі – ұлттық киімнің негізгі идеясы
Биыл Қазақстанның ұлттық киімі де ерекше концепциямен әзірленді.
Команда бұрынғыдай жауынгер әйел бейнесіне емес, қазақ қызының нәзіктігі мен рухани болмысын бейнелейтін көркем шешімге тоқтаған.
Ұлттық костюмнің басты символы – аққу. Ол тазалықтың, адалдықтың, даналықтың және ішкі үйлесімнің белгісі ретінде таңдалған.
«Мен әлемге қазақ әйелінің тағы бір қырын көрсеткім келді. Нәзіктік, сұлулық, мейірім мен тектілік – біздің ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі. Сондықтан аққу бейнесін таңдадым», – дейді қатысушы.
Байқау талаптарына сәйкес ұлттық киімнің толық нұсқасы әзірге жарияланбайды. Дегенмен оның авторлық дизайнмен әзірленгені, қолөнер элементтерімен безендірілгені және ақ пен көгілдір түстерге негізделгені белгілі.
Қазақстанды әлемге танытатын мүмкіндік
Өскемен қаласының тумасы Бағым Балтабаева Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін тәмамдаған. Ол педагогика саласындағы ғылыми олимпиадалардың жүлдегері әрі қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын жастардың бірі.
Алдағы бір ай бойы ол халықаралық байқаудың барлық кезеңіне қатысып, таланттар сайысында өнер көрсетеді, қайырымдылық жобасын қорғайды, спорттық және мәдени бағдарламаларға қатысып, халықаралық қазылар алқасымен сұхбаттасады.
Miss Qazaqstan командасының пікірінше, «Әлем аруына» қатысу – бұл тек халықаралық тәж үшін бәсеке емес. Бұл – Қазақстанды оның мәдениеті, ұлттық құндылықтары және білімді, белсенді, елжанды қыздары арқылы әлемге танытудың маңызды алаңы.