Алматы облысының экспорты жаңа деңгейге көтерілді: өнімдер 61 елге жеткізіледі
Алматы облысы Қазақстанның экспорттық әлеуеті жоғары өңірлерінің біріне айналып келеді. Бүгінде өңірде өндірілген өнімдер әлемнің 61 еліне экспортталып, соңғы үш жылда сыртқы сауда көлемі 1,1 млрд АҚШ долларына (шамамен 515 млрд теңге) жетті. Қазіргі таңда облыстағы 49 кәсіпорын халықаралық нарыққа тұрақты түрде өнім шығарып келеді.

Соңғы жылдары экспорт географиясы айтарлықтай кеңейді. Егер бұрын өнім негізінен көршілес мемлекеттерге жөнелтілсе, бүгінде Алматы облысының тауарлары Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Ирак, Пәкістан, Германия, Польша, Румыния және Болгария сияқты елдердің нарығына шығуда. Соңғы үш жылда алыс шетелге экспорт көлемі 2,1 есеге өсіп, 291,7 млн АҚШ долларын құрады.
Өзбекстан Алматы облысының негізгі сауда серіктестерінің бірі саналады. Бұл елге экспорт көлемі үш жыл ішінде 110 млн АҚШ долларынан 203 млн АҚШ долларына дейін артқан. Көрші мемлекетке негізінен ұн, сүт өнімдері мен фармацевтикалық тауарлар жеткізіледі.

Өңір экспортының басым бөлігін ауыл шаруашылығы өнімдері және оларды қайта өңдеу арқылы өндірілген тауарлар құрайды. Жалпы экспорттың 60 пайыздан астамы осы салаға тиесілі. Сонымен қатар құрылыс материалдары, химия өнеркәсібі, фармацевтика және темекі өнімдері де халықаралық нарықта сұранысқа ие.
Экспортталатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің қатарында ет, құс еті, жеміс-жидек, көкөніс, сүт өнімдері мен түрлі сусындар бар. Ал көкөніс шырындарын шетелге экспорттау бойынша Алматы облысы республика көлемінде көш бастап келеді.
Алматы облысы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбол Рақымбаевтың айтуынша, өндірісті жаңғырту, инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар өңірдің экспорттық әлеуетін күшейтіп, жаңа нарықтарға шығуына мүмкіндік беруде.
«Алматы облысы біртіндеп еліміздің ірі экспорттық әрі логистикалық орталықтарының біріне айналып келеді. Бұған азық-түлік өнеркәсібі, фармацевтика және агроөнімдерді қайта өңдеу салаларындағы өндіріс көлемінің артуы әсер етті. Сонымен қатар Қытай – Еуропа халықаралық көлік дәлізі, Үлкен Алматы айналма автожолы, заманауи логистикалық орталықтар мен қоймалар жергілікті кәсіпорындардың өнімдерін сыртқы нарыққа жедел жеткізуіне жағдай жасап отыр. Бұл өз кезегінде жаңа экспорттық бағыттарды игеруге және жеткізу көлемін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Айбол Рақымбаев.
Өңір кәсіпорындарының жетістіктері де экспорттың тұрақты өсіп келе жатқанын дәлелдейді. Мәселен, Shin-Line компаниясы өткен жылы Қытайға, Сауд Арабиясына және ТМД елдеріне 15 мың тонна балмұздақ экспорттап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Fruit Art және LST AGRO кәсіпорындары өндірген қызанақ пен сублимацияланған өнімдердің 90 пайызы Ресейдің ірі сауда желілеріне жөнелтіледі. Ал RG Brands Kazakhstan компаниясы шырын, сусын және шай өнімдерін экспорттау арқылы жыл сайын шамамен 60 млн АҚШ доллары көлемінде табыс табады.
Экспорт көлемінің тұрақты артуы Алматы облысының өндірістік қуаты мен халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Бұл өңір экономикасының дамуына серпін беріп қана қоймай, қазақстандық өнімдердің әлемдік нарықтағы үлесін ұлғайтуға да ықпал етуде.
