Ақтауда құрылысшылар референдум өткізу идеясын қолдады
Маңғыстауда АЭС салуды қолдау бойынша Халықтық штаб өкілдері «Айком» ЛТД қызметкерлерімен ел аумағында стратегиялық маңызы зор кешен құрылысы жөнінде өзара пікір алмасты.
«Айком» ЛТД құрылыс компаниясы бірнеше жылдан бері өңірдің жылжымайтын мүлік нарығында түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. Басқосуда әлемдік тәжірибелер легі мен іргелі ғылыми зерттеулер ортақ талқыға түсті.

«Мамандар мәліметіне сүйенсек, елімізде энергия тапшылығы жыл сайын 3 пайызға өсіп отыр. Бұл көрсеткіш уақыт өткен сайын артады деген негізді болжам бар. Бір нәрсеге тоқталғым келеді. Әлемдік тәжірибеде АЭС құрылысына қатысты қауіпсіздік пен қорғаныс факторлары жан-жақты терең зерделенген. Алпауыт державалар атомның жойқын қуатын экономиканың үдемелі дамуына бағыттап отыр. Қытайда атом өнеркәсібін қуаттау бойынша жаңа жобаларға жан бітіру көзделген. Президентіміз ел ертеңі үшін елеулі мәселені халық талқысына салу арқылы азаматтарды шешім қабылдау процесіне қатысуды қуаттап отырғаны қуантады. Мен баршаңызды референдумға қатысып, өз азаматтық ұстанымыңызды білдіруге шақырамын» -деді АЭС салуды қолдау бойынша халықтық штаб мүшесі Ғазиза Тәжібаева.

«Айком» ЛТД» компаниясының бас инженері Нұралы Өшербаевтың мәлімдеуінше атом энергетикасы экономика салаларының дамуын алға жетелейтін және жалпы ішкі өнімнің өсімін қамтамасыз ететін қуатты құрал болмақ.
«Мен жылу және атом электр станцияларының құрылысы мамандығы бойынша білім алдым. Атом қуатының зор әлеуетін халық игілігіне жарату құптарлық мәселе. Себебі елімізде энергия қуатының тапшылғы айқын білініп келеді. Алайда АЭС салынатын аймақта жан-жақты ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бұл ретте пайдалы тұстары мен ықтимал қауіпі және залалы жан-жақты саралануы маңызды. Халық ел болашағына қатысты мәселеде белсенділік танытады деген ойдамын»,-дейді Нұралы Өшербаев.
