Кезінде әрбір бала ұшқыш болуды армандайтын. Енді сол арманды орындайтын зор мүмкіндік туып отыр. Алматыдағы Азаматтық авиация академиясы – жастарымыздың арманына қанат бітіріп, елімізде заман талабына сай ұшқыштар даярлау ісін жолға қойған бірден-бір оқу орны. Қазір Академияны кезінде Авиация комитетіне жетекшілік еткен Бекен Қанелұлы Сейдахметов басқарып отыр. Ол уақытысында (Авиация комитетінің төрағасы болғанда) қазақстандық әуекомпанияларын «қара тізімнен» алып шыққан болатын. Енді міне, бүгін ол Азаматтық авиация академиясын халықаралық деңгейге көтеруге келіп отыр. Біз Академия ректорымен кездесіп, алдағы жоспарларымен танысқан едік.
Биік белестерді бағындырып келеді
Бүгінде ұшқыштардың қарашаңырағы – Азаматтық авиация академиясы биік белестерді бағындырып, толайым табыстарға қол жеткізіп келеді. Өткен жылы Академия АРТА (Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі) жоғары оқу орындарына сұраныстың ұлттық рейтингіне және «Жоғары оқу орындарының жалпы рейтингі» номинациясына қатысып, еліміздің 20 үздік ЖОО-ларының қатарынан көрінуі осының нақты айғағы іспеттес. Бұл рейтингте 2 мыңға жуық білім беру бағдарламалары жарияланды, Академияның көптеген бағдарламалары бірінші орындарға ие болды. Бұл Академияның өзіндік әлеуетін арттырып, авиамамандарды даярлаудың әлемдік нарығына шығуға және авиациялық жоғары оқу орындарымен бәсекелесуге дайындалып жатқанын нақты көрсетеді.
Айта кетейік, Бекен Сейдахметов басшылыққа келе сала ең бірінші Академияның 2020-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асыруға кірісті. Білім беру процесінің сапасын арттыру үшін Академияда азаматтық авиация саласындағы халықаралық стандарттар талап ететіндей, барлық білім беру бағдарламалары қайта қарап, жаңартуға күш салды. Бакалавриатта саланың талабы бойынша «әуежайлық қызметті ұйымдастыру» жаңа білім беру бағдарламасы енгізілді. Өткен жылы алғаш рет магистрант-ұшқыштар қабылданды. Академияны дамыту үшін 55 ішкі нормативтік құжаттар (стандарттар) жаңартылды.
Қазіргі таңда Академияда Даму бағдарламасында қарастырылған барлық арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшу жұмыстары қызу жүріп жатыр.
– Бірақ бәрі тек бағдарламалар мен құжаттарға байланысты емес. Кадрлық әлеуетке елеулі көңіл бөлінеді. Өкінішке орай, 30-дан астам мұғалім жаңа талаптарға сәйкес келмегендіктен, қызметтерінен бас тартуға мәжбүр болды. Оқытушылардың салада жұмыс тәжірибесінің, авиациялық сертификаттарының болуына және ағылшын тілін білуіне ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта 110 оқытушы мен нұсқаушы жетекші авиациялық оқу орталықтарында біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Академияға бірқатар жас ғылыми-педагогикалық кадрлар мен саланың жоғары білікті мамандары шақырылды. Олардың арасында басқа жоғары оқу орындарының PhD докторантура түлегі және ғылым магистрлері бар. Олар да алдағы уақытта тәжірибеден өтеді.
Авиацияға білімді жастар қажет
Негізі, авиация саласына білікті, сауатты жастар қажет. Сондықтан 2020 жылы пилотқа немесе авиадиспетчер мамандығына оқуға ниет білдірген талапкерлер үшін деңгей көтерілген. Олар ҰБТ бойынша кемінде 75 балл алуы тиіс болған. Бірақ осыған қарамастан Академияға оқуға ниет білдірушілердің саны айтарлықтай өскен. Оқуға түскендердің ҰБТ орташа балы – 85-ті құраған.
2021 жылы пилот немесе авиадиспетчер мамандықтарға ҰБТ-дан 90 балл алғандар ғана түсе алатын болады. Сонымен қатар ағылшын тілін жетік білетін болуы тиіс. Болашақ инженер, механик мамандығына түскісі келетіндер ҰБТ-дан 75 балл алуы керек болады.
Академия барлық бағыттар бойынша биіктерге жетуге тырысып келеді. Академияның авиациялық оқу кешенінің ұшқыштарды даярлау орталығы алғаш рет коммерциялық емес ұшуларды орындауға құқық беретін PPL-Private Pilot License ұшқыштарын даярлау бағдарламасы бойынша оқу ұшуларын өткізуді бастады.
Сондай-ақ, алғаш рет тікұшақ ұшқыштарын даярлау бағдарламасы әзірленді. «Академияда бар жаттығу кешенін (Boeing, Airbus, ALSIM) біз әріптестерімізге қуана ұсынамыз. Қазір студенттерімізден бөлек, «Эйр Астананың» және басқа да авиакомпаниялардың ұшқыштары өз шеберліктерін шыңдауда», — деп ойын ортаға салды Академия ректоры.
Академия авиапаркі итальяндық өндірістің жетінші – Tecnam P2002 оқу ұшағымен толықтырылды. Сондай-ақ жерүсті техникасы және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жабдықтар сатып алынды.
2020 жылы Академия өз қаражаты есебінен «Қырғызаэронавигация» кәсіпорнының базасында Әуе қозғалысын басқару диспетчерлерінде оқитын студенттер үшін жаттығу практикасын ұйымдастырды.
Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту орталығы ашылды
Аталмыш жоғары оқу орны базасында авиациялық қауіпсіздік бойынша ИКАО өңірлік оқу орталығы жұмыс істейді. Онда ҚР және ТМД елдерінің авиакәсіпорындарының топ-менеджерлері өз біліктілігін арттырады.
Сондай-ақ Академияда халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (ИАТА) тренинг-орталығын аккредиттеуге дайындық жүргізілуде, ол Орталық Азия өңіріндегі жалғыз және ТМД-дағы төртінші болады.
Аталған орталықтардың даярлау бағдарламалары жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келу үшін Академияның білім беру бағдарламаларына енгізіледі.
Уақыттың сын-қатерлері мен өсіп келе жатқан бәсекелестік цифрлық технологияларға жедел көшуді талап етеді. Мәскеу мемлекеттік университетімен ұқсас, өткен жылдың наурыз айында мультимедиялық технологиялар мен интерактивті сабақтар негізінде пәндердің оқу-әдістемелік кешендерін цифрлық форматта жасауға мүмкіндік беретін Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту орталығы ашылды.
Ақпараттық-кітапхана кешенінің барлық 7500 басылымдары цифрландырылып, agakaz.kz.сайтына орналастырылды.
IT-инфрақұрылымын дамыту шеңберінде инфокоммуникациялық желі жаңартылып, интернет жылдамдығы 300 Mb/s дейін ұлғайтылды. Бұл ҚР Білім және ғылым министрлігінің саралауы бойынша «орташадан жоғары» тобына сәйкес келеді.
Сондай-ақ, «Авиациялық қауіпсіздік» және «жерде қызмет көрсету технологиялары» инновациялық оқу және ғылыми-зерттеу зертханаларын құру жөніндегі жоба аяқталуға жақын. Талдау және бақылау модульдері бар «Platonus» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі негізінде оқу қызметін басқару жүйесі (LMS) жетілдірілуде.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт» енгізілді
Академияда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт» қолданысқа енгізілді, оның талаптары сыбайлас жемқорлық көріністеріне «нөлдік төзбеушілікті» қалыптастыруға және сапаны басқару жүйесін арттыруға бағытталған. Сапа және этика жөніндегі комиссия құрылып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу үшін комплайнс-офицер лауазымы енгізілді.
«Академиялық адалдық» қағидаларын сақтау талаптары әлдеқайда қатаң болды. Мұны емтихан нәтижелері мысалында бағалауға болады: 222 ұшқыш студенттің (2-4 курс) ұшу тәжірибесіне тек 151 адам жіберілді, ал академиялық адалдық нормаларын өрескел бұзғаны үшін оқудан шығаруға 61 студент ұсынылды.
Академия – авиация ғылымының орталығына айналды
Бір жыл бұрын Академия ИКАО қамқорлығымен Alicanto халықаралық авиациялық жоғары оқу орындары қауымдастығына кірді. TSI Көлік және коммуникация институтымен (Рига қаласы, Латвия), Б.П.Бугаев атындағы Ульянов азаматтық авиация институтымен ынтымақтастық туралы шарттар жасалды. Мәскеу техникалық университеті және басқа авиациялық университеттермен келіссөздер жүргізілуде.
– «Болашақ» бағдарламасына ұқсас «Шетелде кадрлар даярлау» бағдарламасы әзірленіп, енгізілді. Қазіргі уақытта академияда Қытай, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан және Түркіменстаннан келген 81 шетелдік студент пен магистранттар білім алуда. TSI (Рига қаласы) базасында PhD докторанттарының виртуалды халықаралық тағылымдама бағдарламасы іске асырылды. Академияның 30 студенті Чехияның «F-Air» ұшу мектебінде Еуропалық ұшқыштар даярлау бағдарламалары бойынша білім алып келеді, – деді Бекен Қанелұлы.
Былтыр аталмыш ЖОО-да еліміздің авиация саласында алғаш рет азаматтық авиация саласындағы ғылыми зерттеулерді дамыту, басқару және коммерцияландыру бойынша жаңа бөлімшелерден тұратын Ғылыми құзыреттілік орталығы құрылған. Академия алғаш рет 2020-2022 жылдарға арналған «AP08857126 авиациялық техниканы жөндеудің технологиялық процестері бойынша интерактивті оқыту бағдарламаларының кешенін әзірлеу» ғылыми жобасы үшін ҚР БҒМ Ғылым комитетінің грантын ұтып алыпты. Жобалардың ғылыми зерттеу тақырыптары азаматтық авиация қызметінің кең шоғырын қамтиды. Бұл ретте Академияның ғылыми қызметінің нәтижелері авиациялық кәсіпорындарда табысты енгізіліп отыр. Атап айтқанда, № 405 авиажөндеу зауытында авиациялық техниканы жөндеу технологиясын жетілдіру бойынша үш жоба коммерцияландырылған.
АҚШ, Еуропа және ТМД елдерінің ғалымдары өз мақалаларын ағылшын тілінде жариялайтын «Азаматтық авиация академиясының жаршысы» ғылыми журналының мәртебесі артып келеді. Сондай-ақ онда қазақстандық ЖОО авторларының жарияланымдарының саны артыпты. 2020 жылдың қаңтарынан бастап «Академия Жаршысы» Ресейдің ғылыми дәйексөз индексі (РҒДИ) базасына енгізілген. Бүгінде «Академия Жаршысы» журналын ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған басылымдар тізбесіне енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде (сараптамадан өтуде).
Қорыта айтқанда, ректор Бекен Сейдахметов өзінің бүкіл қабілет-қарымын, білім мен тәжірибесін Академиядағы білім беру сапасын әлемдік стандарттарға сәйкестендіру ісіне жұмылдыра отырып, ғажайып ізденістерді жүзеге асыруда, бүгінге дейін аса ауқымды міндеттерді еңсеріп келеді. Соның нәтижесінде Авиация академиясы еліміздегі ең үздік оқу орындары қатарынан көрінуде.
Академия ректорымен кездесер алдында ол кісіні танитын біраз адамдармен пікірлестік. Солардың басым көбі Бекен аға туралы жақсы сөздерін айтудан жалықпады. Осындайда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халқымыздың ғибратты сөзі ойға оралады. Сөз соңында Академияны халықаралық деңгейге көтеруге тырысып келе жатқан аяулы ағамыздың арманы орындалып, еңбегі жемісті болсын деп тілейміз. Академияның алар асуы көп болсын!!!
https://almaty-akshamy.kz/akademiyany-alar-asuy-alda/?fbclid=IwAR0ezNT7YkJSpuMA5hAwL-6oi8wQ0T-K6lGBdbzcFH3ouDUHDd2XWh7OCh4
Серік ЖҰМАБАЕВ