Қош келдің Рамазан!

Medina Ray 2016-7-3 04:55
249
0
2
0

Рамазан – ерекше ай. Ол Тәңірдің адамзатқа берген айрықша сыйы. Отыз күн жұмаққа беттелген отыз қадамдай жанды баурап алатын қасиетті уақытта жүрек дүрсілі жиілейді. Дін күрделі дүние. Қай тараптан...

Рамазан – ерекше ай. Ол Тәңірдің адамзатқа берген айрықша сыйы. Отыз күн жұмаққа беттелген отыз қадамдай жанды баурап алатын қасиетті уақытта жүрек дүрсілі жиілейді.

Дін күрделі дүние. Қай тараптан да нұр таратқан ислам дінін бүгінде мазаққа айналдырғысы келіп жүрген қалталы ұйымдар көп. Дегенмен, бұл көзі ашық, көкрегі ояу, иманы мықты пендені тура жолдан тайдыра қоймайды. Себебі ислам қашан да мейрімділікті үндейді. Елімізде және күллі әлемде болып жатқан дін төңірегіндегі оқиғаларды көріп таң қалудан қалдық. Миссионерлердің құрбаны болып жатқан жастар бұл қадамға екі мәселе бойынша барады. Біріншісі, өзара қомақты қаражат уәделеседі. Қазір теледидар, ғаламтор байлықты жиі насихаттайды. Көп функционалды қалта сымтетіктерін, зәулім үйлерді, қос-қос мәшіне, саяхаттарды көріп, ауызы ашылып жүрген жастардың ақшаға деген құмарлығы ұлғаяды, қанағат дегенді ұмытады. Екіншісі, олардың діни сауаты төмен болғандықтан, кейде тіпті мүлдем жоқтықтан барады. Исламтану пәндерін бір оқу орындарында өтсе, бірінде өтпейді. Бала түгілі кәлимә келтіруді білмейтін ата-аналар да көп кездеседі. Бұл өкінішті жайт. Үлкен проблема. Ел боламыз десек діни сауатымыз, тәлім-тәрбиеміз, біліміміз зор болуы тиіс.

Рамазан – айлардың сұлтаны. Игі істер молайатын маусым. Біз Аллаһ Таалаға барынша жақын болғанымыз абзал. Жаратушымызға бұрылып бір қадам жасасақ, Жаратушымыз бізге қос қадам жасайды. Бірлігіміз, барлығымыз үшін күні-түні сансыз мадақтар мен алғыс айтуымыз тиіс. Шүкіршілік етуіміз керек. Тек қанағат етпей, бұл сөздің мағынасын аңғаруымыз шарт. Бұл ай діннен алыс адамдарды жақындатады, рухтарын асқақтатады, жақсылық жасау ниетін одан әрі дамытады.

Қасиетті Рамазанда шын ықыласпен ораза тұту арқылы, пенде өзін Алланың қаһарынан, тозақ отынан, қабір азабынан, Дәджәлдің арбауынан, мүнәфиктіктен сақтайды. Адам жаратылысы алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Сондықтан, Рамазан – ертеңгі күннің шуақтылығы үшін үлкен мүмкіндік, кепілдік, Алланың берген ерекше сыйы. Иман келтіргендер үшін ораза ұстау қиындық тудырмайды. Олар жыл сайын осы сәттерді қуана-қуана күтіп, бар ынтасымен ауыз бекітеді, ауыз ашар жасайды, садақа береді. Бар болғаны Аллаһ разылығы үшін. Аллаһ ұлық!

Ислам діні жанды түбімен балқытатын, жүректі жұмсартатын, рухты азықтыратын дін. Исламда жылы жүз таныту, күліп сөйлеудің өзі – сүннет. Ислам не үйретеді? Қашан да таза жүруді. Ашық-шашық киініп, жалаңаштанып көшеге шықпауды. Ар, намыс – 5 күндік фәнидегі барлық нәрседен жоғары тұратынын айтады. Мейлі жақын, мейлі бейтаныс болсын қолдан келіп жатса көмек беруді. Рақымдылық, ізгілік, адалдықты үйретеді. Бес уақыт намазды уақытылы әрі шын көңілмен оқуды парыз етеді.

Рамазан айында 83 жылдың сауабына пара-пар қасиетті Қадір түні бар. Бұл жамағат мешітке үйіліп, тәсбех тартып, құран оқып өткізетін түн. Сондай-ақ Рамазанда жасаған бар игі істер мен жақсылықтардың сауабы еселеніп жазылады. Міне, Жаратушы Алланың шексіз махаббаты, шапағаты, ұлылығы...

Әр бір батқан түн, атқан таң үшін Аллаға сансыз мадақтар болсын. Аллаһ ұлық, Мұхаммед Мұстафа (с.ә.у.) оның елшісі. Баршамызға Қасиетті ай мүбәрәк!  Рамазаннан рамазанға жете берейік! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Сауапты іс жасаудан өзімізді аямайық, құрметті оқырман, жадыңыза тұтыңыз, бұл дүниедегі барлық нәрсе осында қалады, арғы дүниеге тек жақсы амалдар мен дұға-тілектерді алып кетеміз...

Оцените пост

2