Атақ пен миллион кімге бұйырады?

Гүлнұр Кәкімжанова February 9, 2014
501
0
0
0

...Мына күн де, мына аспан да, дала анау, Бәрі бізден, бәрі бізден қалады-ау. Өмір дейтін тағатсыз бір қозғалыс, Өмір дейтін - өлемін деп қарамау... Мұқағалидің бұл өлеңін оқып отырып, ойға қалдым...

...Мына күн де, мына аспан да, дала анау,

Бәрі бізден, бәрі бізден қалады-ау.

Өмір дейтін тағатсыз бір қозғалыс,

Өмір дейтін - өлемін деп қарамау...

Мұқағалидің бұл өлеңін оқып отырып, ойға қалдым. Қазір тұрмыстың сазына батып жүріп, жұмысыңды сүйіп істеу мүмкін бе деген сауал сумаңдап көкірегімді кернеді. Барлығына демей-ақ қояйын, бірақ көріп жүргенім, көбіне керегі - атақ-даңқ, абырой, одан қалса әрине қалтаңды томпайтатын жалақы. Өзіне алғысы келеді, ал өзі терін төгіп, еңбегін бергісі келмейді. Көз алдыма қол бұлғап келе қалған жайттар мыналар еді:

Бірінші, журналистикаға оқуға түскен кезімізде ұстаздарымыз қыз балаға қиын жұмыс таңдапсыңдар деген болаты. Ренжідік әрине. Бірақ, түйсінбеппіз. Қазір сол көп сылқым сұлулар көгілдір экраннан күліп қарап, біреудің жазып бергенін жаттап айтып, көрерменнің көзайымы атанғысы келеді. Бойларын ынтызарлық кернейді, арманға малынады. Танымал болғысы келетіні соншалық, ақша деген аждаһаның аузына басын көлденең тігуге дайын-ақ. Ал еңбектеніп, ізденіп жүргендерді көрсе, күндестігі қозады.

Екінші, арттағы нөпірге жол нұсқамай, тіпті талантын таптауға дайын алдыңғы көштің өкілдері келді есіме. Осыған орай Абай да Менімен сен тең бе деп мақтанасың, білімсіздік белгісі ол баяғы деді емес пе? Жұмыс істеп отырып енді келген жас буынды қағытып, анау қолыңнан келмейді, мынаны істеме, былай жасама, әліңді біл деп ақыл беретіндерді де көрдік. Кітап оқыма деп кеңес беріп жатқандарды да естігенім бар. Тәжірибелі маман мүмкін талантын танып айтып тұрған шығар дейін десең, оның бағасына лайық жас маман әлі келмеді ме деп ойлайсың. Біреуді төмендетіп отырып өзінің артықшылығын көрсеткісі келеді. Өзін мақтайды. Басқалардың ол жайлы жақсы айтқанын бірақ әлі ести қоймадым. Мүмкін Марк Твеннің кеңесіне жүгіну керек шығар: өзгенің өзіне деген сенімін өшіретін адамнан аулақ болған жөн депті ол. Ә.Нұршайықов та талант от сияқты уақытылы отын салып отырмасаң сөніп қалады деген. Шын мәнісінде ұлы адамдар жастың бойынан от көрсе отын салып отырмас па еді?

Үшінші, әйелдер ерлерге қарағанда 4 есе жалқаулыққа бейім келетіні дәлелденген екен. Тек жалқаулық емес, өсек-аянға да құштарлық көп есе жоғары дер едім. Біздің жұмыста бір үйдің отанасы бар. Карьера қуғысы келмейді. Одан соң армандаған жұмысын істеп жүргеніне разы. Тапсырмасын уақытылы орындап, үйіне асығады. Ал оған ерте тұрмыс құрып, карьера қумағаныңның кесірінен пәтерден пәтерге көшіп жүрсің деп жігерін жасытады. Экраннан шығуға құмар ол жоқ бірақ. Байқауымша, өзгелердің ажарынан бөлек қызулы, саналы от бар жанарында. Қатты сөз оған шабуыл үстіндегі шұбырынды ұзақ сарын сияқтанды. Оның екі беті нарттай жанып, көзімен шоқтай қадалды оларға. Жанына батқан болар. Көңілге салқындау қабыздаған белгісіз бір мұң тұлан тұтыпты оны. Бірде маған келіп, жұмыс істегім келмей жүр. Бүгіндері шүкіршілік пен күпірліктің арасында ілмиіп жүрсем де, армандаған жұмысымда жүргенім бақыт болып көрінетін. Бір жағынан барлығы біртүрлі жанымды жабырқатып бітті деп жылап жіберді. Мен жұмысымды жақсы көргендіктен істеп жүрмін, атақ қуып жүрген жоқпын деген кезінде, ойланып қалдым.

Әркім өзінше долбарлайды әрине. Жұмыстағы бұл жымысқы неме жұғыспай қоймайды. Мазмұн жадағайлығы, ойдағы бойкүйездік сезіледі. Одан қалса, өсекшіл жел де жүрегіңді қажайды. Вулканын тұншықтырған жанартаулар секілді жарыла жаздап, ішіңе сыймаса да, оған уақытыңды кетірмей, өз ісіңді адал атқарғың келеді. Сөйтіп олардың әңгімесіне тағы бір мәрте арқау боласың. Бірақ Ғ.Мүсіреповке сенемін. Ол «шала білім, шалағай мәдениет бір құлатпай қоймайды», - деген.

Ғылым-білімге қанағатсыз деп Шәкәрім ат қойған  адамдар шығармашылығын одан әрі ұшталғысы келеді делік. Ал әлгі екі топ сылаңдап езу тартып, сылқылдап күледі. Бірін жаңағы ағаларымыз аяғынан шалмақ болады, бірін алдыңғылар күндес көреді. Суық келсе суыр да қамбасына қашады деген бар. Білімге келсек, әлгі екі топ бұлармен тістеспек түгілі, шаужай қағуға да қауқарсыз болатынын сезбейді. Мақсаты - аяғынан шалу.

Астында тағы барлардың бәрінің басына білімі бақ болып қонды дей алмайсың. Талғам таразысына салып, өз жолыңды бағамдайсың. Ақылды арқау етесің. Ескі бірдеңені еске алып көресің. Мысалы,

Әнуар Садат бүкіл Египеттің түкпір-түкпіріндегі әдемі үйлерді президент билігіне көшірсе, одан кейінгі Хосни Мүбарак ол стереотипті бұзып, өзі ескі үйінде тұра берген деседі. Ал 1963 жылы Вьетнам халқының ұлттық жиынында Хо Ши Минді «Алтын жұлдызбен» марапаттағанда, ол бас тартыпты. «Атақ-даңқтың керегі маған шамалы, Қалады досым, қалады бәрі қалады», - деп жоғарыдағы өлеңінде айтып кеткен Мұқағали өзінің жанының қалауымен айналысып-ақ танылды, аты қалды артында.  Конфуций айтпақшы, жаның қалаған жұмыс таңдасаң өзіңе жеңіл болмақ. Ол өзіңе үлкен ләззат қана бермейді, нәтижесі де зор болады. Ал атақ бәрібір оны қуғандарға жеткізбейді деп түйдім. Жер өртеп жүрмесең, әрине.

 

Гүлнұр Қуанышбекқызы

 

Оцените пост

0