Өкінішке толы матчтар немесе соңғы уақыт синдромы

qaragulyesbol November 2, 2013
251
0
1
0

қазақша футбол

Қазақ футболына биыл 100 жыл толды деп жатырмыз. Аз уақыт емес әрине, бүтіндей бір мемлекеттің құрылып, қалыптаса алатынындай ұзақ мерзім. Атандай бір ғасыр. Еліміздің осы уақыттарға дейін не көріп, нені бастан өткергені баршамызға мәлім. Сол уақыттармен түйдей құрдас деп айтсақ, артық айтқанымыз емес. Айтып-айтпай не керек, сол ұзақ мерзімнің ішінде қазақ футболы сан құбылды, мың түрленді. Бірде өзінің сала-құлаш ойынымен (ащы да болса шындық) елдің көңілінен шықпай жатса, бірде жақсы ойын мәнерімен жеңіске жетіп, жанкүйерлердің ынта-ықыласына бөленді. Бірақ шаттанып, кеудемізді қуаныш кернеген сәттерден гөрі, жүзімізден сол қуаныштан жиырылған езулердің жоғалған сәттері көп болды. «Әттеген-ай!» дейтін кездеріміз де өте көп. Сөздің шыны керек, ұлттық құрамамыздың әрбір ойынының алдында «Мүмкін ұтып қалармыз» деген күмәншіл сенім әрбір қазақтың көкейінде орын алары анық. Кейбіріміз мүлдем бөлек ойдамыз. «Өй, қайтесің Қазақстанның футболын қарап? Бекер көресің, ақыры жеңілеміз, өзің білесің». Міне, осындай сөздерден кейін футбол тұрмақ, еліңе деген сүйіспеншілік сезімің де төмендейді. Қазақ болып туғаныңа өкінесің. (қазақ аяқдопшыларының намысына осылай тию керек) Ойлаймын, неге осы ой бізді мазалауы керек? Керісінше, құрамамызға үміт артып, жеңетініне толықтай неге сенбеске? Неге жігер бермеске?.. Бізден де (яғни жанкүйерлерден де) қате бар, жетіп артылады.
Мен бұл жерде бапкер жайлы, құрамамыздағы қаптаған легионерлер немесе құрама сапында қазақ ойыншыларынан гөрі өзге ұлт өкілдерінің көп болуы жайлы сөздерді қозғамай-ақ қояйын. Олар жайлы баршамызға мәлім. Сан түрлі мақалалар да жазылды, эфирлерден де айтылды. Құрамамыздың сапында кемінде 2-3 қазақ доп тебеді. Бұл не масқара? Бұны аңғарған өзге мемлекеттің азаматтары сол қазақтарды құрамадағы легионерлер деп ойлауы әбден мүмкін. Ал 90 минут бойы құр жүгіретін орыстарды елдің намысы деген мүлдем алаңдатпайды. Себебі, олар қазақ емес. Бойларын намыс кернеп жатқан олар жоқ. Жалақысын уақытылы алып тұрса болғаны, оларды алаңдатары осы ғана. Ұялғаннан жерге кірер бір ойыншыны көрген емеспін. Кей сұхбаттарда: «Сәттілік жетіспеді, бағымыз жанбады. Келесі ойында барымызды саламыз» деп, құр уәдемен ауыз бекіте салады. Бұл сөздің де құтысы қашқанына қай заман? Сонда қай уақытта бағымыз жанбақшы? Қай кезде сәттілік жетіспек? Әй, қайдам!!!...(өзегім өртенуде)

Енді қазақ футболының тарихынан ойып тұрып орын аларлықтай матчтар туралы сөз етсек. Құрамамыздың әрбір ойыны үшін жанымыз күйіп-піседі, әрине. Бірақ жеңіп тұрып, сол жеңісті уысымызда ұстай алмауымыз жиі қайталанады. Ойыншыларымыздың физикалық ахуалы нашар ма, әлде футболға деген махаббаттары ойын соңына дейін басылып қалады ма, не керек, әйтеуір құрамамыз жеңіле береді. Сонымен қатар бізді алаңдататын ең үлкен жайт – соңғы уақыт синдромы. Яғни, матчтың соңына қарай бір доп біздің қақпаға міндетті түрде кіреді. Бұл - қалыптасқан дәстүр ма деп ойлаймын. Ойыншыларымыз 80-минуттан асқаннан кейін саябырси бастайды. Жеңіп тұрып, жеңіледі немесе ұпай бөлісіп тұрып, есе жібереді. Мейлі ұлттық құрамамыз болсын, мейлі клубтық ұжымдарымыз болсын.  Мәселен, еліміздің мақтанышы «Ақтөбе» футбол клубы 2009-2010 жылдардағы чемпиондар лигасының 3-квалификациялық раундында Израильдік «Маккаби-Хайфа» клубымен кездесу өткізіп, 3-4 есебімен жеңісті қолдан беріп қойды. Бұл қос ойынның алғашқысы өз жерімізде 0-0 есебімен аяқталған болатын. Келесі ойын қонақтар жерінде өтті. Есеп 3-4. Алғашқы уақыттардан белсенділік танытқан жерлестеріміз ойын барысын өз қолдарына алғанымен, артынша жеңілістің ащы дәмін татты. Есеп ашып, есепті ұлғайтқанмен, 2-таймда 4 голдың қақпамызға қалай домалағанын да көрдік. Себебі де мәлім, ауа-райының тым қапырық болуы. Суыққа үйренген біздікілер үшін бұл үлкен проблема еді. Израильдік команданың бұл жолы айы оңынан туды.

Бұндай синдром 2012 жылы тағы да қайталанды. Бұл жолы ұлттық құрамамызда. Бразилиядас өтетін 2014 жылғы Әлем Чемпионатына іріктеу сындарында Қазақстан құрамасы Ирландия құрамасымен бір топқа түсті. Алғашқы кездесу 2012 жылдың 7-қыркүйегінде «Астана-аренада» болды. Матч екі команданың кезекті шабуылдарынан басталған болатын. 37-минутта құрамамыздың капитаны Нұрдәулетов есеп ашып, команданы алға сүйреді. Әттең осы счет ойын соңына дейін сақталмады. 2-тайм да басталды, біршама қауіпті соққылар да жасалды. Ақыры 89-минутта қақпамыздың алдында ойын тәртібі бұзылып, пенальти белгіленді... Есеп 1-1. Осылай сақталса, жақсы ғо. Оған ілесе, араға дәл 1 минут салып қақпамыздың торы тағы да бір бүлк етті. Ал сол бір сәтте, матчты тамашалап отырған әрбір қазақтың жүрегі бүлк етпек түгілі, сыздап, қақ айрылардай болып кетті...

Айтып тізе берер болсақ, ондай мачтар көп-ақ. Оны айтып қозғап жатқанымның да себебі бар, ағайындар. Ондай ойындар қайта қайталанбаса, осы ойындар бізге сабақ болса екен деймін. Тағы айтарым, жақында ғана өткен Швеция-Қазақстан арасындағы кездесуде біздің асығымыз тағы да алшысынан түспей қалды. Иә, мойындамасқа да шара жоқ, Швеция құрамасы бізден мықты. Сөзсіз мықты. Бірақ енді ойын басталмай жатып гол жіберу деген не масқара?! Әлде, соңғы уақыт синдромы алғашқы уақытқа көшкен бе? Бұл өте ұят жағдай болды. 26-секундта Ибрагимович соққан голдан кейін қаншама соққылар да орындалды. Бізден де, олардың тарапынан да. Ал соғылған голдан кейін, 90 минут бойы доптың емес, шведтердің соңдарынан жүгірдік.  Бұлай жалғаса берсе, футболымыз дамымақ түгілі, құрдымға кетері анық. Ашығын айтқанда, бізге Азияға оралған дұрыс секілді. Қорытарым осы.

 

Оцените пост

1