Yvision.kzYvision.kz
kk
Екпiн
Екпiн
Екпiн
431 постов3 подписчика
Дарынды жастар мен замандастарымыздың өмірлік тәжірибесі, мақсаттары, ойы, ұстанған қағидалары жайында сөз етеді. Фоторепортаж, шолу, тарихи маңыздылығы бар материалдармен бөліседі.
6
23:30, 17 октября 2013

Шетелде білім алу: Высшая школа экономики

Blog post image

Бүгінгі айдарымыздың кейіпкері асқан талаптылықтың үлгісі болуға әбден лайық. Мәскеудегі Экономика жоғары мектебінде білім алатын Асқар Кожепьянов өзінің тәжірибесімен бөлісті.

Blog post image

- Асқар, сәлем! Алдымен өзің туралы айтсаң?

- Мен Қостанай облысының шағын, бірақ жайлы Рудный қаласында дүниеге келдім. Қаладағы өзіндік дәстүрі бар мектептердің бірі – №2 гимназияда оқыдым. Мектеп бітіргеннен кейін алматылық оқу орнына түскім келді, бірақ ойдағыдай болмады – өз қаламның институтында ғана «Маркетинг» мамандығынан оқу грантын иелендім. Ата-анам жас кезінде қоғамдық істерде жоғары белсенділік танытыпты, комсомолда болған екен. Бұл белсенділікті мен де мұра етіппін, университеттің қоғамдық және саяси өміріне үнемі араласып тұруым арқылы көп нәрсе үйрендім. Оқуым, әрине, бірінші орында тұрды.

- Ал Мәскеуге оқуға түсуге шешім қабылдауыңа не түрткі болды?

- Дипломдық жұмысты қорғау жақындаған кезде Экономика жоғары мектебінің олимпиадасына қатысу мүмкіндігі жайлы білдім. Мен оқыған Рудный индустриалды институты мәскеулік оқу орнымен әріптестік қатынаста болғандықтан, бұл сайыстағы жеңіс университет магистратурасының есігін ашатын еді. Мен олимпиадаға қатысып көрдім, бірақ жеңіске жетпедім. Алайда, мәскеуліктер маған магистратураға түсудің басқа жолын ұсынды – ТМД елдерінің абитуриенттеріне арналған квота алу мақсатындағы сұхбаттасу. Өкінішке орай, квотаны да алмадым.

Бакалавр дәрежесін алған соң, табысты карьера жасау мақсатымен еліміздің астанасына көшуге бел будым. Алайда армандаған қызметіме бірнеше жылдық тәжірибе талап етілгендіктен, орналаса алмадым да, туристік компанияда жұмыс істеуге тура келді. Бұл жағдай мені, әрине, қанағаттандырмады. Мақсатыма жетудің мүмкін болатын жолдарын іздеу үстінде болдым. Барлығын және бірден иеленгім келді.

Жаңа вакансиялар, тәжірибеден өту бағдарламалары туралы ақпарат іздеп жүрдім, сонымен бірге Мәскеуге бару жайында да ұмытпадым. Нәтижесінде, университет аяқтағаннан кейін сегіз ай өткен соң әлемдік экономикадан олимпиадада жеңіске жетуім арқылы Экономика жоғары мектебіне оқуға түстім. Дәл сол уақытта Астанадағы ірі IT-компанияда тәжірибе жинақтау конкурсынан да өттім.

Таңдау қажет болды. Мен көп ойланбай білім алуды таңдадым да, Мәскеуге кеттім.

- Университет жайлы не айтасың? Алғашқы әсерің қандай болды?

- Қала мен университеттен алған алғашқы әсерімнің ерекше болғаны сонша, қазіргі күнге дейін сақталған. Кей кезде ғана күн сәулесінің жоқтығынан көңіл-күйім түсіп жүреді. Біздің күн шуағына бөленіп үйренгеніміз сонша, оған тәуелді де болып қалыппыз.

Университеттегі Ресей мен басқа елдерден келген өте ақылды студенттердің көптігі мені таң қалдырды. Әсіресе профессорлар мен студенттердің біздің еліміздің өкілдері жайлы пікірі қуантты, олар Қазақстан мен оның халқын жоғары бағалайды, елбасымыз жайлы жылы сөздер естідім. Осындайды естіп, көңілің қуанады.

- Ал оқу үрдісінде қандай айырмашылық байқадың?

- Шатты көңіл-күйдің басым болғанына қарамастан, оқу үрдісі туралы да ұмытпаған жөн. Экономист мамандығын таңдағандықтан, математикадан өте жақсы деңгей қажет болды. Әрине, ресейлік білім үнемі өзінің іргелілігімен ерекшеленетін. Мен білім алған оқу орны классикалық ресейлік және заманауи еуропалық білім беру модельдерін үйлестіре білді. Осындай оқу жүйесі мықты маман дайындауға жағдай туғызады, өзімнің Мәскеуде тапқан достарымды үлгі ретінде айта аламын.

- Өзің бірге оқыған, араласқан жастардың қандай ерекшеліктерін атап өтер едің? Бізбен салыстырғанда, айырмашылықтар көп пе?

- Студенттерге келетін болсақ, ресейлік және қазақстандық жастардың арасында қатты айырмашылық сезілмейді. Қызығушылықтарымыз бірдей. Қарапайымдықтың белгісі шығар, мен оқыған университеттің студенттері өздерінің білімдерімен ешқашан мақтанбайтын. Ал олардың білімді екендігіне күмән аз.

- Оқудан бос уақытыңда немен айналысасың?

- Мен үшін тек қана оқу үрдісіне берілу қызықсыз, басқа салаларда белсенділік танытуға тырысамын. Стоиктер философиясын зерттегенді, тарихи әдебиеттер оқығанды ұнатамын. Қыста достарыммен коньки тебеміз, жазда волейбол, футбол ойнаймыз.

Blog post image

Blog post image

Blog post image

Blog post image

Blog post image

- Шетелде оқитын студенттеріміздің бірігіп пәтер жалдау тәжірибесі кең таралған. Ал сен қайда тұрасың?

- Жатақханада тұрамын. Кір жуғыш машина, қысқатолқынды пеш, интернет сияқты қажеттің бәрі бар. Тұрмыстық жағдайлары өте жоғары деңгейде, студенттің оқу үрдісіне ештеңе кедергі жасамайды. Өзім бұған дейін жатақханада тұрып көрмеген едім, жақсы әсер алдым.

- Оқуда немесе күнделікті өмірде қиындықтар кездестірдің бе?

- Әрине, күнделікті тұрмыста көптеген ұсақ қиыншылықтарға тап боласың. Мысалы, 22 жасымда тамақ пісіруді үйренуге тура келді. Мәскеулік жаңбырларға көп уақыт үйрене алмай жүрдім. Сонымен бірге, әрине, жақындарымды сағындым. Бірақ студенттік өмірдің қызықтары аталмыш ыңғайсыздықтардың бәрін ұмыттырды.

- Шетелге, әсіресе Мәскеуге оқуға түсетіндерге қандай кеңес берер едің?

- Мәскеуге оқуға түсемін деушілерге талапты болуға кеңес берер едім. Ештеңеден қорықпаңдар. Мәскеу – үлкен әрі күрделі қала, миллиондаған халқы бар, сондықтан өте абай болу керек, бірақ мақсаттарыңды да естен шығармаған жөн, үнемі алға ұмтылу керек. Мәскеу талапты, жауапкершілігі мол және ұқыпты адамдарды жақсы көреді. Өзіңе осындай қасиеттер тән десең, қош келдің! Бұл қала сені уақыт, ақша және адамдармен қарым-қатынасты бағалауға баулиды.

Blog post image

Сұхбаттасқан: Айжан Байтанова

Фото: Асқардың жеке архивынан

Blog post image

«Шетелде білім алу» айдарында жарияланған басқа материалдар:

China University of Petroleum, Beijing

Nagasaki University

University of Cambridge

University of Cádiz

University of Wollongong in Dubai

Central Saint Martins College of Art and Design/CSM

Robert Gordon University

University of Warwick

Gazi Üniversitesi

University of Windsor

Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті

Université de Basse Normandie

Carl von Ossietzky Universität Oldenburg

Universität Greifswald

Шетелде ғылыми тәжірибеден өту: University of L'Aquila

Шетелде ғылыми тәжірибеден өту: Humboldt-Universität zu Berlin

İstanbul Üniversitesi

Institute of French Petroleum (IFP) School

Multimedia University of Malaysia

Oklahoma State University

6
1336
4