Хадис авторлары жын-шайтанды көрген бе?

nurmura 2013 M05 16
1955
0
5
0

Аты «ислам» демесеңіз, шын мәнісінде ол діндерде Құранның рөлі жоғалуға айналған. Көптеген халықтар Исламды өздерінің дәстүрлеріне ауыстырды. Құранды ақиқаттың бастауы деп қабылдасақ, ырымшылдыққа...

Аты «ислам» демесеңіз, шын мәнісінде ол діндерде Құранның рөлі жоғалуға айналған. Көптеген халықтар Исламды өздерінің дәстүрлеріне ауыстырды. Құранды ақиқаттың бастауы деп қабылдасақ, ырымшылдыққа, жын-шайтана қатысты жалған нанымдар өз-өзінен жойылар еді.

Мешітте жұма намазында тұрып, тәкбір қақпас бұрын оң жақ иықтарына түкіретін жігіттерді көрген шығарсыз. Мұнда қандай сыр бар, бұл қайдан келген ғұрып? Сұрастыра келсем, олар намаз кезінде шайтан азғырмауы үшін осылай істейді екен. Яғни, намаз бастамас бұрын иықтарыңа қарап түкір, сонда шайтан мүлдем жоламайды.

Исламның сүнниттік бағытында шайтанға қатысты көптеген нанымдар бар. Шайтан мен жын туралы уағыздарын тыңдасаң, кәдімгідей қорқасың. Жын-шайтанның ертегі кейіпкерлеріне тән керемет мүмкіндіктері хадистерде жиі кездеседі. Сол себепті ол нанымдар мешіттерде көп уағыздалады.

Шайтан желаяқ, шапшаң қимылдайды, түн уақытында тіпті күшті, азғырып адастырады, адам баласын жек көреді. Шайтанның қасиеті мен мінез-құлқы осындай. Бірақ сипаты белгісіз. Дегенмен, кейбір хадистерде шайтанға сипаттама берілген. «Қара иттер шайтаннан» деген хадис бар. Мұнда адам санасына кереғар, жалған мәлімет жатыр. Қара иттердің түрі (мысалы, доберман) кей адамдар үшін қорқынышты көрінуі мүмкін. Бірақ шайтан екеуін байланыстыратын ештеңе жоқ екені есуасқа да белгілі болса керек. Мынадай бір хадис бар: Түнде әйел адам жалаңаш жатса, шайтан келіп жыныстық қатынасқа түседі. Сол секілді екпеттеп жату, мешітке сол аяқпен кіру, сол қолмен тамақ ішу шайтанның әскеріндегі адамдардың әрекеттері болып саналады. Намаз оқып отырып есінеуге болмайды – ауызға шайтан кіреді. Осындай хадисті білесіз бе? Жалпы есінеу туралы хадистер көп. Есінеген кезде оң қолдың алақан жағымен ауызды жабу керек. Оң қолсыз адам болса, сол қолымен. Әйтпесе, ауызға шайтан кіреді де адастырады, ал адасқандар тозақтың отында күйеді. Дінбасылар осылай қорқытып отырса, сол мағынасыз, қисынсыз хадистерде айтылғанды істемеуге адамдарда ерік бар ма?

Мұндай хадистерге сенетіндер көп. Діни дәстүрдің «Пайғамбар айтқан, пайғамбар солай істепті» деген бір ауыз сөзі жеткілікті.

Дәстүрлі мұсылмандықтың түрлі ағымдарында айтылатын жын-шайтан, періштелер – өзге мәдениеттерден, оккультті діндерден алынған кейіпкерлер. Пұтқа табынушылық пен сүннизмнің өзара жақын екендігі осы жын мен шайтан мәселесінен анық көрінеді. Жын зороастризмдік немесе үнділік пантеондардың элементтерімен сипатталады. Сүнниттердің ұғымындағы шайтан мен періштелер қанатты, жыныссыз, мүйізді, тірі жанды мақұлық. Түрлі мұсылман халықтары өздері тұратын аймақтардағы ежелгі пұтқа табынушылықтан қалған «кейіпкерлерден» әлі арыла алмай келеді.

«Шайтан мен періште туралы түсініктеріміз жалған» дегенде оларды мүлдем жоққа шығармақ ойымыз жоқ. Біз тек оларды сипаттап, түрлі әрі нақты қасиеттер берудің жалғандық екенін айтпақпыз. Біз олар туралы Құран аяттарын ақылмен дұрыс түсінуге шақырамыз. Құрандағы «мәляика» мен халық арасында танымал «періште» ұғымы бір емес.

Періште махаббат символы деген ұғым бар. Жастар сүйіктісіне «періштем» деп жатады, ақындар да осылай өлеңдеріне қосады. Ондай наным-түсінік бойынша, періште қанатты, ұша біледі, әдемі, киелі садағы бар, сол садақпен атса махаббат сезіміне бөленеді. Періштенің қанатының ұзындығы 3 айлық сапардай болады дейтін хадистерде кездеседі. Бір абыздар періштеде сексен қанат бар десе, екіншілері «жоқ, 100» деп таласады.

Мұның бәрі Құранда айтылған періштеге қарама-қайшы. Дін иелері Құранды өздерінің шамандық, зороастрлық, индуистік сенімдерімен түсіндіріп келді. Әр аймақтағы мұсылмандық дәстүрге қарасаңыз, оған жергілікті халықтың мәдениетіне қатысты ырымдардың араласып кеткенін көресіз. Аты ислам деп аталғанымен, шын мәнісінде ол діндерде Құранның рөлі жоғалуға айналған. Көптеген халықтар Құранды өздерінің дәстүрлеріне ауыстырды немесе Ислам мен дәстүрді араластырды. Құранды ақиқаттың бастауы деп қарастыра алсақ, ырымшылдыққа, жын-шайтанға қатысты осындай жалған нанымдар өз-өзінен жойылар еді.

Аман Құмаров

 

Оцените пост

3
Дальше