Корей толқыны мен қазақ жастары

Алия 2013 M02 15
13187
12
20
0

Оңтүстік Кореяда сонау 90-шы жылдардың ортасында батыстың электропоп, хип-хоп, заманауи R’n’B сынды музыкалық жанрлардың элементтерін бойына жинаған жаңа музыкалық жанр пайда болды. Әлем бойынша өте..

Жаңа жанр

Оңтүстік Кореяда сонау 90-шы жылдардың ортасында батыстың электропоп, хип-хоп, заманауи R’n’B сынды музыкалық жанрлардың элементтерін бойына жинаған жаңа музыкалық жанр пайда болды. Әлем бойынша өте белсенді дамып жатқандығына таңқалған пекиндік журналистер бұл кореялық музыкалық жанрды K-pop деп атады. Басында тек музыкалық жанр ретінде пайда болған K-pop көп ұзамай миллиондаған әлем жастары арасында танымалдылыққа ие болып, оңтүстіккореялық сән мен стильге еліктеген жастардың субкультурасына айналып үлгерді.

Көпшілікке танымал емес K-pop кореялық IT-индустрияның соңынан ілесе дами отырып, сол кездері жаңадан пайда бола бастаған әлеуметтік желілер, ұялы телефондардың дүниеге келуімен таныла бастаған еді. Сөйтіп интернеттің, жаңа технологиялардың дами түсуі дүние жүзі бойынша K-pop табынушылар санының артуына басты себеп болды.

Қазақстанға жеткен толқын

Интернеттің арқасында осыдан 2 жылдай бұрын корей толқыны біздің де елге келіп жетті. Ал соңғы уақытта жастар кореялық сериалдарды тамашалап, музыкасын тыңдап қана қоймай, кәріс тілін үйренуге деген құлшыныс білдіруде. Сондай-ақ қазақстандық жастар кореялық танымал әншілердің, әртістердің елімізге келулерін сұрап, оларға түрлі хаттар жолдап, корейліктер ұйымдастырған түрлі байқауларға белсенді қатысып жүр. Әлеуметтік желілерде түрлі пабликтер мен блогтар ғана ашылып қоймай, байқап қарасаңыз, қазақстандық интернет контент біртіндеп K-pop-қа арналған сайттармен де толығып келеді.

Осыдан жарты жыл бұрын «Караван» газеті қазақстандық жастар арасында танымал «Жігіт сарбаздары» сериалының жұлдызы Ли Мин Хомен сұхбаттасып, газетінде эксклюзивті материал жариялаған болатын. Бұл сұхбатта Ли Мин Хо: «Мен өзімнің қазақстандық фанаттарым жайында жақсы білемін. Олардан интернет арқылы күнделікті көптеген хаттар алып тұрамын және жасаған түрлі роликтерін YouTube арқылы жиі қараймын. «Жігіт сарбаздары» сериалы көрермендердің сұрауы бойынша сіздерде бірнеше рет қайталап көрсетілгендігін туралы естіп, қуанып қалдым», — деп айтқан екен.

Қазақстандық «K-pop»

Шоу-бизнес — бұл жарқыраған әдемі жұлдыздардың әлемі ғана емес, үлкен бәсекелестіктің әлемі. Күнде пайда болып жатқан бір әншінің аяқ асты жұлдыз болып кетуі, ең бірінші, тыңдайтын құлақтың, көретін көздің, яғни халықтың қолында ғана. Поп музыканттарға әлемдік трендтің әсері турасында шоу-бизнестің қазанында қайнап жүрген отандық танымал топпен сұхбаттасқан болатынбыз.


«V-Alem» тобы

Екпін: Корей толқыны қазақстандық шоу-бизнеске қалай әсер етіп жатыр деп ойлайсыңдар?

Жалын: К-поп негізінен бүкіл әлемді бей-жай қалдырып жатқан жоқ. Оның ішінде өзіміздің Қазақстан да бар. Корей толқыны Қазақстандық шоу-бизнеске қалай әсер етіп жатыр дегеннен гөрі «K-pop қазақтың жас әншілеріне, топтарына не берді?» деген дұрысырақ болар. Өйткені естеріңізде болса, кеңес үкіметі кезінен кейін әншілердің киіну стилі бірқалыпты болатын. «Мына киімді киюге болмайды, сахнада бұл әрекетті жасауға болмайды» деген сынды қағидалардың да болғаны белгілі. Ал K-pop бұл қағидаларды жоққа шығарды. Өздерінің киім киісімен, биімен, стилімен бүгінгі топтарға кішігірім бастау жасап берді. Бірақ бұл K-поп Қазақстанға енгенге дейін қазақ жігіттері стильсіз болды дегенді білдірмейді. Өйткені оған дейін халықтың көңілінен шығып, назарын өзіне аудартып жүрген ерекше стилі бар деп «Орда» тобының жігіттерін ауыз толтырып айтсақ болады. Шыны керек, қазіргі кезде корей топтарына, әншілеріне еліктемейтін жастар жоқ. Бірақ оларды көшіріп алып, не пародия жасап танылудың қажеті жоқ деп есептеймін. Тек өзімізге жарасымды тұстарын ғана алып, өзіндік ерекше стиль қалыптастыру қажет.

Екпін: Кореялық «Жігіттің сарбаздары» сериалындағы жігіттерге ұқсайды деп «Меломен» тобын бүгінгі күні танымайтын жас жоқ шығар. Егер «Меломен» тобы заманауи стильді таңдамаса, осындай танымалдылыққа ие болар ма еді?

Жалын: «Меломен» тобының жігіттері өздерінің биязылығымен, имандылығымен, жағымды әндерімен-ақ халықтың жүрегінен орын алды деп ойлаймын. Стильдері бір кездері танымалдылыққа ие болған «Жігіттің сарбаздары» сериалындағы жігіттерге ұқсас болса, болған шығар, бірақ олардың танымалдылығы оған байланысты деп айта алмаймын. Өйткені бұл жігіттердің әдемі әндері расында да халықтың жүрегіне жол тапты, хитке айналды десек болады.

Екпін: Шоу-бизнес әлемінде келбеті әдемілер жұлдыз бола ма, әлде дауысы әдемілердің ғана жолы болады деп ойлайсыз?

Ардақ: Негізінен әншілерді олай бөлуге болмайды. Бірақ, шыны керек, біреудің әні хит болса, біреудің түрі тартымды болып, танылып кетіп жатады. Әрқайсының өз аудиториясы бар және бәріне бірдей жағу мүмкін емес. Түрі келбетті болса, белгілі бір жас аралығындағы қыздар соларға ғашық болып тыңдайды, ал сөзі салмақты әндер болса, оларды жасы үлкендер бағалайды. Осы екеуін де бір жерге біріктіре білген тұлғаны ғана шынайы әнші деп санауға болады. Менің әнім жақсы екен деп түріне қалай болса солай қарауға, не керісінше істеуге мүлдем болмайды. Өйткені әнші болу — ән, би, келбет жағынан да халық алдындағы үлкен бір жауапкершілік. Олардың өзіндік бір синтезі болуы қажет.

Екпін: Ал «V-Alem» шоу-бизнесте қандай отандық немесе шетелдік бойзбендтерді үлгі тұтады?

Жалын: Топ құрыларда, шынын айтсақ, шетелдік топтарға қарадық. Оның ішінде Америка, Еуропа, Корея да бар. Бірақ біздің мақсатымыз белгілі бір топқа ұқсау емес, тек үлгі алу болғандықтан әрқайсысынан қажеттімізді алдық. Өзіміз әніне биі жарасымды «Орда», «Ринго» сынды ағаларымызды үлгі тұтамыз.

Екпін: Бейнбаяндарыңнан, жалпы өзге де концерттерден байқап жүрміз, стильдерің еуропалық топтарға қарағанда осы K-pop-қа жақын. Стильдеріңді кім таңдады?

Азамат: Біздің бірінші бейнебаян «Іздеймін сені» деген әнге түсірілді. Ондағы стиль,
мэйкап — бәрі өзіміздікі. Оны түсірерде арнайы стилистіміз болған жоқ. Биді, киім киісімізді тіпті түсірілім алаңында ойлап тауып жаттық. Ішімізде жүрген стильдерді сыртқа шығардық десек те болады. Бұл бейнебаянымызға байланысты айтылған сындарға, сөздерге қарағанда халықтың көңілінен шықты деген ойдамыз. Негізінен қай уақытта кімнен қандай үлгі алсақ та — батыс, корей, не басқа болсын — тек жақсысын ғана алып, өз стилімізді қалыптастырамыз. Не дегенімен, жүрегіміз қазақ деп соққаннан кейін қазағымыздан алыстап кетпейміз ғой.

 

Ютубта танымал корей топтарының әндеріне кавер жазып жүргендер өте көп, солардың арасында қазақстандық жастар да бар, мысалы, Сәуле мен оның достары.

Сәуле, студент, кавер-орындаушы:

K-pop туралы алғаш рет 10-сынып оқып жүрген кезімде білдім. Бірақ ол кездері кәріс музыкасына қарағанда сериалдарына, киноларына және кәріс тіліне деген қызығушылығым басым болатын. Университетке түскеннен кейін корей толқынына деген шынайы махаббатым ашылды. Өзім шығыстану факультетінде оқығандықтан Шығысқа деген қызығушылығым қалыпты жағдай сияқты болып көрінуі мүмкін... Алайда, 2008 жылы менің K-pop-қа деген қызығушылығым екі есе артты. Әуендерін жиі тыңдап, бейнебаяндарына қызықтым. Мен үшін әннің әуенінен гөрі сөзі маңызды болғандықтан, кәріс тілін оқи бастадым. Кейін өзім видео түсіремін деп шештім. Өйткені бұл қызық және өз-өзіңді танытудың бір жолы. Сонымен қатар, артық энергияңды шығарудың бір амалы. Кавер өте керемет дүние деп білемін. Өйткені оны орындайтын әр адам ән арқылы тыңдарманымен өзінің жеке бір әлемімен бөліседі.

Мен үшін K-pop деген энергияға, жастыққа, би мен көңіл көтеруге, жақсылық пен өжеттілікке толы әлем. Ал бұндай әлемнен кім бас тартар?

K-Pop-тың елімізге тамыр жая бастауын әркім әрқилы қабылдар. Осы корей толқынын зерттеп жүрген «Массагет» сайтының контент менеджері, кезінде «Корей толқыны» блогын жүргізген Анар Мұстафинамен «Корей толқыны» және оның қазақстандықтарға әсері турасында біраз әңгімелескен едік.

Екпін: Қазақ жастарының Корей толқынына деген қызығушылығының жоғары болуы неден деп ойлайсың?

Анар: Қазіргі таңда техника, технология дамыған заманда жастарымыздың талғамы биік. Сахнаға микрофон құшақтап шығып, ән айтып кете салумен тыңдармандардың махаббатына бөлену екіталай. Корей поп мәдениеті жаңаша стильдегі, жақсы өңделген, харизмаға толы әндерді ұсынады. Оған қоса әрбір әнге арнайы би, костюм дайындайды. Сырт көзге өте тамаша көрініс, шоу жасай біледі. Бұл кез келген көрерменге ұнамай қоймасы анық. Сонымен қатар, көрермендер арасында корей телехикаялары өте танымал. Ал сол телехикаялардағы басты рөлдерді көбіне танымал бір топтың мүшесі сомдауы мүмкін. Ол харизмасымен қыздардың жүрегін жаулап алады, кейін қыздар ол ән айтатын топты тыңдай бастайды. Бұның да әсері бар деп ойлаймын.

Екпін: K-pop үрдісі отандық шоу-бизнеске қалай әсер етіп жатыр?

Анар: K-pop отандық шоу-бизнеске біраз теріс әсер етіп жатқан сияқты. K-pop әуендерін тыңдаған соң отандық музыкамен салыстыратының анық. Және бұл екіншінің пайдасына шешіле қоймайды. Алайда, отандық топтардың арасында К-поп жұлдыздарына еліктейтін топтарды байқап жүрмін. Нақты аттарын атап бере алмаймын. Бірақ «Орда» тобы әу баста 2000 жылдары шыққан бойда К-pop өнерін мысалға келтіріп, солардың деңгейіне жетіп алсақ қайда жатыр, дегені есімде. Қазіргі таңда олар өз деңгейін жоғалтқан емес деген ойдамын. Бірақ, бізде K-pop жұлдыздарына имиджді ұқсатқанмен, олардың деңгейінде әуен жаза алатын да мамандар керек. Бәлкім осы тұрғыдан қиыншылықтар бар шығар, ол жағын айта алмаймын.

Екпін: K-pop-тың біздің жастарға берері бар ма, әлде керісінше санасына, рухани құндылықтарына, қазақ өнерін насихаттауда кері әсерін тигізіп жатыр ма?

Анар: Маған «Big Bang», «Girls Generation», «Super Junior» және т.б. топтар ұнайды. Мысалы, «Big Bang» тобының соңғы шыққан «Blue» әнін, оған түсірілген бейнеклипті тамашалап көріңіздерші. Немесе «Love song» әніне түсірілген бейнеклипті. Кейде сол бейнеклиптерді айналдырып көре беретін әдетім бар. Әннің әуенінен бастап, бейнеклиптің әрбір бөлшегіне дейін қарап отырған ұнайды, тамаша рухани ләззат аламын. Бұл бір жағынан адамның талғамына әсер етеді деп ойлаймын. Және «Massaget» сайты осы бейнеклиптердің қазақша аудармасымен айналысып келеді. Аудармадан байқағаным, К-pop әндері позитивке толы. Қандай қиыншылық болсын мойымауға, алға жылжуға, өмірдің рахатын сезінуге шақырады. Бұл тұрғыда жастарға оның еш кері әсері жоқ деп ойлаймын. Ал қазақ өнерін насихаттаудағы кері әсері жайлы айтатын болсақ, меніңше әншілерге солардан үйреніп, болмасаң да, ұқсап бағатын дүниелер жасауға тырысу керек. Қалай болғанда да, олар жаман дүние жасап жатқан жоқ.

K-pop-ты корей жастарының барлығы мақтан тұтады десек артық айтпағандығымыз болар. Өйткені туған мәдениетіңе әлем жастары бас иіп жатса, оған ешкім қарсы шықпас. K-pop-қа табынушылардың бірі Виктория Казбекова есімді бойжеткен кәріс поп мәдениеті туралы былай дейді:

K-pop мен үшін жанұя сияқты. Біз бір әуенмен, бір арманмен байланғанбыз. K-pop идолдардың арқасында менің үлкен арманым пайда болды, осы әуен арқылы мен өзімінің мақсатымды айқындадым, өмірде не қалайтындығымды түсіндім. Бұл керемет! Көңіл-күйім болмағанда немесе жалғызсырап отырғанымда маған көмек беретін, қолдау көрсететін осы K-pop. Өзім K-pop-ты тыңдап жүргеніме 2 жылдан асты. Бұл ерекше музыкалық жанрда ән айтатын Boyfriend, U-kiss, Teen Top, EXO, 100%, B1A4, Shinee, BtoB, C-clown сынды орындаушыларды сүйіп тыңдаймын. Кейде K-pop-ты не үшін соншалықты жақсы көретіндігімді сұрайтын достарым бар. Мен оны сөзбен жеткізе алмайтындығымды айтамын. Өйткені бұл музыка өзіне тартып тұрады. Мысалы, менде еуропалық әуендерге деген бұндай құлшыныс ешқашан болмаған.

Корей музыкасына қызығушылығы бар қандасымыз, Қазақстанда біраз уақыт тұрып, қазір Англияда өмір сүріп жатқан Саттар Көседен Қазақстанның шоу-бизнесіне K-pop қалай әсер етіп жатандығын салыстырмалы түрде сұрағанымызда ол:

Менің ойымша корейлік топтар танымал болғандықтан Қазақстандық әншілер болсын, басқа елдің әншілері болсын соларға еліктеп, ұқсағысы келеді. Қазақстанда жүргенде K-pop стиліне «Rin’Go» тобын ұқсаттым. Киген киімдері, шаш үлгілері осы стильді еске салады. Сондай-ақ «Орда» тобын K-pop-қа ұқсатып жатады. Бірақ мен олай айта алмаймын. Өйткені «Орданың» өзіндік ерекшелігі бар. Киген киімдерінен бастап, әндеріне дейін стилі мүлдем бөлек.

 

Gangnam style мен рэп

Gangnam Style әніне түсірілген бейнебаянымен ютубтағы 1 миллиард көрілген клип ретінде Гиннес рекордтар кітабына енген корейлік рэпер PSY-ды бүгінгі күні әлемде танымайтын адам жоқ шығар. Корей рэпін әлемге танымал еткен жұлдыз рэп музыкаға қандай өзгеріс енгізді? Осы орайда AshKazakh лейблының әртісі Truman-ның ойын білген едік:

Иә, «Gangnam style» танымал болғанға дейін корей рэпіне Қазақстанда онша қызығушылық болған жоқ. Ал қазір қазақ эстрадасында Ерболат Құдайбергенов танымал PSY-ге пародия жасап та үлгерді. Алайда қазақ рэперлері корей рэперлерінен үлгі алады деп айта алмаймын. Себебі корей рэперлері Қазақстанда әзірге танымал емес.

Біздің рэп орындаушылар рэптің Отаны Америкалық музыканттарға көбірек көңіл бөледі. Сондай-ақ Ресей рэперлерін тыңдайды. Өзіміздің отандық орындаушылардан «Орда» және «Mysterions» тобын сол стильге жақын деп айта аламын. Сондай-ақ батыс елдерінде американдық танымал топ «Black Eyed Peas» те K-pop стилінде айтып жүр.

Жақында Алматы қаласының Корей Орталығында K-pop жанры бойынша фестиваль өтті. Көрермен ретінде болдым. Менің пікірімше, корей рэпінде нәзіктік, жасандылық басым сияқты. Рэп — қаталдау, шынайы болу керек.

Корей толқыны әлем елдерінің музыкасын ғана емес, кино әлемін де біртіндеп жаулап келе жатыр. Отандық арналар кәріс сериалдарын көрермен сұрауымен бірнеше мәрте қайталап жатады, ал интернеттен кез келген сериалды жүктеп алып, асықпай тамашалауға мүмкіндік бар. Бұл толқынның әсерінен былтырғы жылы көрші Қырғызстан «Как выйти замуж за Гу Чжун Пе?» атты кинокартинаны да түсіріп үлгерді.

Басты рөлді сомдайтын Әлия (Нұрия Тәжідинова) корей сериалындағы басты кейіпкерге өлердей ғашық, сериал үшін сабағынан қалып, күні, түні Гу Чжун Пены ойлаумен жүреді. Фильмнің кейбір эпизодтары корейлік сериалдарға тән романтика, юмор, әдемі музыкамен әрленген. Бір сөзбен айтқанда, бұл жоба басқалары сияқты өз уақытының көрінісі, сәнге, трендке деген ілтипат.

Сұхбаттасқан: Айнұр Ракишева

Оцените пост

19

Комментарии

2
K-Pop тың жылда Алматыда жекелеген топтар, немесе арнайы ұйымдастырған фандарға арналған концерттері болып тұрады екен. Былтыр жыл аяғында Анара, Айкона, мен сондай бір патиге тап болдық))) сонда алғашқы ойға оралғаны біз Сеулде жүрікпе деген сұрақ)))) киімдері де түрлеріде аумайтын фандарды қызықтадық)!))!) клиптері расында керемет))))
2
Байқағаным, Шығыстану мен Аймақтану факультеті студенттері уақыт өте өз аймағының адамдарына ұқсап қалады. Менталитеттері, мәдениеттері, кейде түрлері де. Әсіресе жапон-корей, үнді және түркия) Қызық
0
Айнур, мақалаңды оқып шықтым. Өте жақсы екен. Бірақ менің де пікіріңді қоссаң вообще қатып кетер еді
1
"вообще қатып кетер еді"
:))))
Показать комментарии