место в рейтинге
  • 213881
  • 181
  • 42
Нравится блог?
Подписывайтесь!

Қабанбай батыр Ақмолода жерленген

ҚАРАКЕРЕЙ ҚАБАНБАЙ БАТЫР АҚМОЛАДА ЖЕРЛЕНГЕН

( Қабдеш Жұмаділовке жауап)

«Ақмола қаласы өзі негізі қаланған 1832 жылы қаладан 28 шақырым жердегі,
Нұра өзенінің бойындағы қыраттағы киргиздың (қазақтың) моласының үстіне
қойылған ескерткіштен атауын  алған.
Ақмола- тікелей «Белая могила» деп аударылады...»

Уфимцев, Омбы губерниясының коллегиялық хатшысы, 1851 жыл. (Ақмола бекінісіне жасаған
инспекциялық тексеру жазбасынан)

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ағамыз Қабдеш  Жұмаділов біршама сүбхаттарында, мақалаларында  Қаракерей  Қабанбай батырдың зираты қай жерде деген сұраққа
оралып отырады. Бір- жар жыл бұрын Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетіне осы мәселе жайлы мынадай жауап беріп еді: «Шығыс... Оның әулеті де, ұрпағы да осында, туған жері де осында, мына Барлық пен Барқытбелдің бауыры, Алакөлдің бойы. Ал, қайтыс болған жері де осы жақ. Қазір, иә, әркім әр саққа жүгіртіп жүр, ал менің көзқарасым басқа. Өйткені, біреулер аноу бір Астананың маңайындағы ескі бейітті Қабанбайдың бейіті деп жұртқа жаңсақ түсіндіріп, сол жерге кесене орнатты, маған айтқан да жоқ, ақылдасқан да жоқ, мәселен, айтпауға тырысты, ұрлап жасауға тырысты».

Қабдеш ағамыз мұнымен де тоқтамапты. «Жас Алаштың» үстіміздегі жылғы 28 ақпандағы санында «Қаракерей Қабанбай батыр өз өсиеті бойынша Тоқта тауының шығыс қапталындағы  Сарыбелге
қойылған» депті. Бірақ, бірде- бір нақтылы дәлел келтірмей, жалаң сөйлепті. Тарихқа беделін жүргізгісі келіпті. Алайда, ол кісінің «көзқарасы» нақтылы тарихи дәлелдер келтіргенде ғана ғылыми негізделген дәйек бола алады. Онсыз кез- келген «көзқарас»- жай сөз. Ағамыз үнемі дау- шар туғызып келе жатқан осы мәселеге «Жас Алаштың» орын бергені өте дұрыс болыпты. Қабанбайдың Ақмоласы-қайда? Қабдекеңнің амалын тауып, айналып соғып отырытын осы түйіткіліне жауап берейік.

Әңгіме «Ақмола» атауына байланысты болғандықтан Ақмола қаласының тарихына да аздап тоқталғанымыз артықтық етпес. Білгенімізді ортаға салайық.

Сонымен Қаракерей Қабанбай батыр қайда жерленген?

Бұл сұраққа жауап беру үшін мынадай мәселелер қамтылуы тиіс.

Аңыз, дастандар не дейді?

  1. Шежірелер мәліметі қандай? Ол ғылыми деректерге сай ма?
  2. Тарихи құжаттар бар ма?
  3. Топономика.
  4. Ғалымдар, ата ұрпақтарының пікірі.

Сонымен сөзді дастандардан өргізейік. Жырлардың негізінде, (Қазақстанның Ғылым Академиясында 18 дастан, Омбыдағы Потанин құжаттарында бір дастан, Қазандағы Университеттің сирек қолжазбалар бөлімінде бір дастан бар екенін Филология ғылымдарының докторы Болатжан Абылқасымов 1979 жылы жазып кеткен) дүние жалғанның өтерін түсінген Қаракерей Қабанбай батыр Қубас атымен арыздасып:

Мен келдім жетпіс сегізге,

Сен
келдің отыз сегізге. –деп қанша жасағанын айтады. Іле- шала:

Дүйсенбі, қарашаның, Он үшінде өтпекпін. – деп жан тапсырар күнін де атайды. Сонан соң:

Жиылып тегіс, ас беріп, Ту биені сойыңдар.

Арқаға арнап бейіт соғып,

От орныма қойыңдар, – деп тапсырады.

Демек, бабамыз «от орны – туған жері» – Арқа екенін қадап тұрып, нақтылап көрсетеді.
Өзін Арқаға жерлеуді аманаттайды. Қабдеш аға елді иландырмақшы Тоқта, Барлық,
Сарыбел туралы жарым ауыз сөз жоқ. Батыр өсиеті көңіл сұрай келген дала аталығы
Бұхар жыраудың, Абылай хан, Қанжығалы Бөгенбай бастаған Үш Жүздің игі- жақсыларының,
найманның сөз ұстар азаматтарының, Гауһар- Майсарыдай батыр қосағының, «сен тұр, мен атайын» жеті ұлының, Назымдай батыр қызының алдында айтылады. Бұған дәлел Бұқар дананың:

Кеше түсте естідім,

Қабанбай ауру дегенді, –

деп, сол күні кешке қарай келуі, Үйсіннің Сарышуаш жырауының:

–Албанға келді бір хабар, Үйсінге түсті бір шабар,

Дулаттың жиын жақсысын, Арыздасып қалсын деп,

Өзіңе тарттық бір сапар, – деуі.

Сол заманның адамдары көңіл сұрауларын осылай бастайды. Хан Батырды науқас меңдегені, әл үстінде жатқаны жөнінде төрт тарапқа ат шаптырылған. Ғалымдар осы жылдары Бұхар жырау Асақарлыда (бүгінгі Осакаровка) отырғанын айтып жүр. Екі орта 65- 70 шақырым. Ендеше, қыс көзі қырауда Бұхар жырау келген жерге көрші қонысты Абылай хан, Қанжығалы Бөгенбай батыр неге келмесін? Ол жылдары Абылай мен Дарабоздың қатар көшіп жүргені бесенеден белгілі. Енді ойланайық. Осындай алқалы топтың ортасында айтылған аманат орындала ма, жоқ па? «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін қазақ, намысшыл жұрт қайтсе де Хан Батырдың соңғы тапсырмасын бұлжытпай орындайды. Орындамаса, сол күні қалың найманның, ну қаракерейдің тірідей өлгені. Бұл – даланың жазылмаған заңы.

Дастандардың біршамасында Хан Батырдың келіні, Дәулетбайдың келіншегі бүй дейді:

Есіл мен Нұраның

Арасына сыймаған,

Қайран менің қайнағам!

Әне, Хан батырдың көз жұмар тұстағы мекені қай жер екенін тап басып айтады. Мойын бұрғызбайды. Қабдеш ағаның Қаракерей Қабанбай батыр «...Жоңғар қақпасын күзетіп жатамын» деуі  шындыққа жанаспайды. Батырдың бұлай деуі мүмкін емес. Себебін алдыда айтамыз. «Жоңғар қақпасы» туралы бір
ауыз сөз- ХІІІ ғасырдың алғашқы жартысында Қарақорымға сапар шеккен Вильгельм Рубрук пен Плано Карпинилер қақпаны екі түрлі атайды. Бірі «Тышқан қақпа», екіншісі «Тау қақпа» деп жазады. Ал Алакөл жырда бар:

«Айнала жел соғады Алакөлге,

Алакөл сусын болған талай елге.

Әркімнің өз тілеуі өзіне деп,

Қабекең көшіп кетті Сарыбелге.

Алайда, Қабдеш ағамыз Арқадағы Алакөл мен Жетісу, Семейге ортақ Алакөлдің үлкен йырмашылықтары барын білмейтін сыңайлы.

1. Семей, Талдықорғанның Алакөлінде ешуақытта айнала жел соқпайды. Не оңтүстік
шығыстан ебі, не батыстан сайқан (қыбыла) соғады.

2. Алакөлді – Итішпес дейді кейде. Себебі, суы ащы. Сусын болмайды.

Ендеше, бұл Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесінің шығысындағы, 60 шақырымдағы әмісе айнала жел соғатын Арқаның  Алакөлі. Малға жайлы, ірілі- ұсақты хайуанның бәрі су ішеді. Бұл жақта үш Алакөл бар.

Енді Сарбелге келейік. Иманжүсіп «Абылай аспас Арқаның Сарыбелі» Нұраны басып, Ерейментаумен аяқталатынын ту заманда жырлап кеткен. Арқаның тең ортасы. Дәулетбайдың келіншегі айтатын Есіл мен Нұра, қатар ағып жатыр. Қайталап айтамыз, он сегіз дастанның бірде- бірінде Қабдеш Жұмаділов
ағамыз аузынан тастамайтын  Барлық, Барқытбел, Алакөл, Қоңырала саз айтылмайды. Бұл- жаңылысу.

Қазір кесене тұрғызылған жерді маңайдағы жұрт «Найман қорым» және «Қаракерей Қабанбайдың ақ моласы», «Қабанбай тауы» дейді. Кесене маңы қалың мола. Қабдеш аға айтатындай «айдалада, шырақшысыз жалғыз» қалмаған.
Молаға 1931 жылы Қабанбай атамыздың тікелей ұрпағы Қыдырмолда жырау үш түнеп, шырақшы болып отырған Досан ағадан көп әңгіме естиді. Байжігіттер шығысқа, Жетісуға көш түзегенде батырдың немересі Садырбай бір баласын шырақшылыққа тастап кетіпті. Қабанбай ұрпақтарының соңы Арқадан 1857 жылы қозғалыпты. Досан аға сол ұрпақтан. Осы адамды танитын сан адаммен өзім кездестім.

Тасқа басылған дерек бар ма дегенге келейік. Бар болғанда қандай! Тарих ғылымдарының докторы Н. Апполова «Қазақстанның ХVІІ- ХҮІІІ ғасырдағы Россиямен экономикалық және саяси байланыстары» атты еңбегінде: «ХVІІІ ғасырдың  қырықыншы- алпысыншы жылдары Арқада қауымдық жерлерді иелену аяқталды. Мысалы, Қабанбай батыр Есіл мен Нұрада көшіп жүрді» дегенді алдыға тартады.  Бұл орыс әйелінің Қабдеш ағамыз бен біздің арамыздағы неше жылдан бергі пікірталасқа еш қатысы жоқ. Орыс архивінен алғанын жазаған. 1760 жылдардың аяғындағы нақ осындай деректі мәскеулік туысымыз, тарих ғылымының докторы Н. Бекмаханова Кенесары туралы «Легенда о невидимке» деген кітабында атап жазады. Ар жағындағы бірер жылда Қаракерей Қабанбай батыр «от орнында»- Арқадағы Нұра өзенінің
жағасында дүниеден өтті.

Бері таман түссек, тарих ғылымдарының докторы семейлік Мұхтарбек Кәрімов мынаны айтады: «Мен профессор, тарих ғылымдарының докторы Нәби Дауылбаевтан дәріс алдым. Ол кісі ақмолалық. «Қаракерей Қабанбай батырдың сүйегі Ақмоладан отыз шақырым жердегі «Октябрь совхозының территориясында жатыр» деп үйрететін.

Тура осындай деректі Қазақ Мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы
Байтұрсын Дәрішев те үнемі шәкірттеріне сіңіріп отырады екен. Үш жыл бұрын тарих ғылымының докторы Едіге Уәлиханов  соны бір дерек келтірді. Онда да Қаракерей Қабанбай батыр 1770 жылы  Арқада- мола тұрғызылған жерде  отыр және найманның сөзұстары.   Біз тарихи деректеріне сүйеніп отырған жеті ғалым архивте жылдап отырған, бұра тарту дегенді кәперге алмаған азаматтар.

Көздеріңіз жеткен шығар- дастандардағы деректер мен нақтылы ғылыми негізделген мұрағаттық жазба деректер бірдей шықты. Әдетте шежіре- ауыз әдебиетінің деректері мен тарихи дәлелдер сәйкесе бермей,
әр қиырға тартып тұратын. Қаракерей Қабанбайдың моласы тұрған жер жайлы бірауызды. Бұл – бір және ең бастысы.

Күні кеше кеңес үкіметі құлағанша Семей, Өскемен, Талдықорған өңірінде Қаракерей Қабанбай, оның аталастары, ата- бабалары, ұрпағы, замандастарына байланыстырыла қойылған топономикалық атау бар ма еді?  Ал Арқада ше? Ақмола облысының картасында ғана Байжігіт, Жанжігіт, Қожақұл, Шүңет, Шахаман, Әлі, Мырзакелді, Садырбай, Жангөбек, Байгөбек, Кешу, Жолымбет, Еспенбет, Есенгелді, Ағанас, Қалытон, Ақымбет, Шағалақ, Жапақ атаулары кезігеді. Бұл орыс әбден басып кеткеннен кейін
қалғаны ғой. Егер орыс алғаш келген 1830 жылғы картаны таба алсақ, тіпті кенелер едік. Қабдеш аға осындай атауларды білмейтін секілді.

Десек те, сөзімізге қайта оралайық. Егер Қаракерей Қабанбай батыр 1760 жылдары, Қабдеш ағамыз айтатындай, Алакөлге жете қонса, неліктен ол маңда бірде- бір топономикалық атау Қабекеңе байланыстырылмайды. Қабекең тұрсын, ол кісінің аталары да бұл жақта тумаған.  Батырдың аталарының
да- Байжігіт, Мәмбет, Қожақұлдардың туған, өлген жері Арқа, Нұра бойы. Бұған жоғарыдағы деректер дәлел. Бұл – екі.
Әңгіме арасында айта кетейік. Қытайдағы қазақ ғалымдарының ағасы, қазақ тарихының аса білгірі Нығмет ата Мыңжан қазақ хандығы шаңырақ көтергенде наймандар негізінен, Сыр бойында, Ұлытаудан тартып, солтүстікке қарай Есіл- Нұрада, одан әрі мекендегенін жиырма жыл бұрын «Қазақтың қысқаша тарихы» атты кітабында жазып қалдырған. Қытайда өсіп, білім алған Қабдеш ағаның орыс, қазақ ғалымдарын оқымаса да, Нығмет атаны білетін жөні бар еді. Амал қайсы?!

Қытайда танылған және бір дара тұлға Кәрібай Таңатарұлының «Мұрын және Байжігіт» атты дастаны бар. Оқиғаны  Қаракерей Қабанбайдың тікелей ұрпағы, төбе би Сүлейменнің айтуымен 1916 жылы жыр
жолдарына түсіріпті. Дастан «Отырар» кітапханасында сақтаулы. Осы дастанда Байжігітке қалыңдық іздеген Мақта қыз Матай ішіндегі Қаптағайлардың Бақберген деген азаматының  үйіне жолай түседі,
Бүрлен деген қызын ұнатқаны айтылады. Содан:

Жайлауы Дәулеткерей, Есіл, Нұра,

Құдалық бұрынғыдан қалған мұра.

Аттанды ел жайланып, отырған соң,

Жолымбет көп жолдаспен бас боп құда.

Міне, Қабанбайдың арғы түп атасы Байжігіт Есіл, Нұра бойында отыр. Сол жердегі матайға ағайын болмақ. Қабдеш ағаның «Қабанбайдың ата- бабаларының мекені шығыс» деуі жалған айтылған.

Үшінші.
Қаракерей Қабанбай батыр қайтыс болған 1770 жылы (Бұл да жорамал. Қазір екі дерек табылды. Атамыз бұл мерзімнен сәл кеш өтуі де мүмкін сияқты. Сол деректі зерттеудеміз) Алакөлде кім отырды? 1785 жылғы 13 шілдеде Шанышқылы Бердіқожа батыр Семей бекінісінің комендантына мынадай жағдайды жеткізіпті: «Аягөз өзенінің сол жағалауына өткізбейді. Қарақолға қарай өтіп едік, қуып тастады».
Нақ осы кезде Аягөздің оң жағалауында  Жаңаби бастаған 700 үй байсуандар, Долы, Дәулет бастаған 400 шаңырақ албан- қоңырбөрік,  Әжібай, Алтай бастаған 300 шаңырақ қызылбөрік (ол да албан), Қойсоймас, Қараша бастаған 1500 шаңырақ шапырашты, Атанбай бастаған 700 шаңырақ найман- қызай, 600 шаңырақ ақбарақ, ақболат Итемген, Жошан билердің басшылығында, Садық бастаған 120 үй қаңлы, Игілік бастаған 500 шаңырақ қашқарау, Жолдыбай, Шымырбайлар бастаған 600 шаңырақ жалайыр, Байғабыл, Өтеп
бастаған 100 шаңырақ жаныс (дулат), Тайлақ батыр бастаған қайнардың 600 шаңырағы отыр. Олар 1758- 1762 жылғы Қандыжап- Мамырсу келісімдеріне сәйкес Аягөзді кешіп ары өте алмаған.

Осыдан сәл ертерек, 1772 жылы (Атамыздың өмірден өткеніне екі жыл толған) Алакөл, Тарбағатай, Барлық, Барқытбелді, Ақсу, Сарқанды кім мекендегенінен Қабдеш ағамыздың хабары аз. Ол кісі тарихи құжаттармен жұмыс істемеген, архивтерде отырмаған. Әйтпесе, 1772 жылы Н.Г.Андреев Сарқан, Ақсу бойында хойттар; Алакөл, Үржар, Барлық, Тарбағатай Шәуешекте шаталақ, аладой, бугунут, тунгут, орат,
ардахинь, жахауин, кумирен тайпаларының қалмақтары көшіп жүргенін, олар қытайға бағынышты екенін тайға таңба басқандай етіп жазып қалдырған. Нақ осындай деректі Н.Аристов да ұстанады. Сөз түгел болсын, айта кетейік. Сол мезетте цаган, харацин, нарцин рулары күнгей Алатаудан, Шелектен, Ұлыңғыр көлінен, Бош- Шагансудан (?), Көксу, Қаратал өзендерінің бойынан, Қопалыдан көрінеді. Осыдан қытайлар 40- тай әскери топ құрыпты.

Бұл деректерге күні бүгінге дейін бірде- бір сауатты қазақ тарихшысы талас тудырған жоқ. Ал

А.Г.Андреев кейіннен қазақпен қоян- қолтық араласып, тілімізді жетік меңгереді. Орыс пен екі ортадағы туындаған шаруаны қазақ жағы осы адам арқылы шешіп отырыпты. Қазақтар Андреевке үлкен сеніммен, сыйласыммен қарапты: «Семейтау» – қазіргі Семейдің жанындағы жер атауы екенін сол тұста жазып кетті. Бұған да рахмет.
Кейбіреулер «Семей» – «Семипалатинск»  деп жаңылдырып келді ғой.

Қазақ пен қалмақтың шекарасын 1810 жылға дейін Аягөз бөліп тұр.

Ш. Уәлиханов, М. Тынышбаев, Х. Қалиди, Н. А. Аристов, А. Г. Андреев, Қ. Жанұзақов әлем таныған
тарихшылар. Бұлардың тарихи деректерін жоққа шығарған әзірше бірде- бір ғалым кезікпейді.
Сол ғұламалардың барлығы бірауыздан «Наймандардың Аягөзден өтіп, сол жағалауға қоныстануы 1810 жылдан басталады» деп жазып кеткен. Ол тұста Қаракерей Қабанбай батырдың дүниеден өткеніне – аттай қырық жыл. Дарабоз елінің Тарбағатай маңынан алғаш көрінуі, Байжігіттердің орыс құжаттарына түсуі – 1817 жыл. Онда атамыз жерленгені 57 жыл толған. Ал Алакөлге жете қонуы тіпті бері. Мөлшері 1850- 1860 жылдарға дейін Итішпесті қызайлар мекендеген. Мұны тарих ғылымының докторы, сол өлкенің
түлегі М. Кәрімов нақтылы дәлелдеген. Осы мөлшерде Тазабек би бастаған қызайлар ағайын арасындағы өкпемен жер ауыстырады. Босаған өлкеге қаракерейлер орналасады. Бұл, міне, Қабдеш ағамыз айтатын жер. Мұнда  Дарабоз елі- Байжігіттер Хан Батыр көз жұмған соң, 80- 90 жылдан соң жетті. Ендеше, атамыз мұнда қалай жерленбек?

Енді, Арқаға айнала соғайық. Жоғарыда топономикаға тоқталдық. Самсаған Қаракерей, оның ішінде Сыбан мен Мұрындар. Оған қоса М.Тынышбаев: «Матайдың ұраны- Бөрібай.
Бөрібай батыр ұлдарымен бірге 1740- 1745 жылдары Сарысу бойында, Атбасар өңірінде жерленген» дегенді жазып кеткен. Осы маңнан терістікке жүрсек, Омбы мен Қызылжардың ортасына төтелей түсесің. М. Кәрімов: «Тоқтарқожа Байыс бидің жылқысын баққанда би ата Қазаншұқыр, Қараағаш,  Жалтыркөл деген жерді мекендепті. Бұл Мұрын шежіресінде айтылады. Ол тұста Байжігіттер Мұрынның құрамында болып, Мұрын –Байжігіт аталыпты. Кейін тез өскен соң, Байжігіт өз алдына шығады», – дейді.
Осы Қазаншұқыр, Қараағаш, Жалтыркөл атаулары сол күйі әлі тұр. Ұмытылмапты.

«Сонау жақта қалай жүр?» деп Қабдеш аға таңданбасын. Найман ХІІІ ғасырдың басында бүгінгі мыңғұл жерінен құлаған. Басы тәжіктегі таулы Бадахшан, өзбек, қырғыздағы Самарқан, Ошқа өтіп кеткен. Самарқаннан 40 шақырым жердегі Өкіреш Шалдың қабірстанын 2009 жылғы ақпанда таптық. Өкіреш Найман, Қара найман, Қызыл найман, Дүрмен найман ауылдары бар екен. Басына «Укірач қобирстаны» деп, 1988 жылы үлкен қызыл жұлдыз темірден белгі қойыпты. Оны 2010 жылы қазақтар ауыстырып, биіктігі үш метр граниттен құлпытас қойдық. Одан бері Төлегетай баба
(Төлек атай) Сыр бойында – Жаңақорғанда тынымдаған. Қытай Жезқазған маңында секілді.

Арқадағы жоғарыда келтірген найман атауы кездейсоқ па? Жоқ бұл – наймандардың от орны.
3. Сәнік ағамыз- Дарабоздың тікелей ұрпағы: «1824 жылы Нұра өзенінің бойындағы Ақымбет ауылында барлық наймандарың түселі өтті» дегенді Бейсенғали Садықанның жазба деректеріне сүйеніп жазады. Нақ осы деректі Омбының мұрағатынан таптық.
Онда «В году 1824, по реке Нура, прошел съезд всех найманов» делінеді. Осы түселде наймандар ақ патшаға жеті талап қойған хат жолдапты. Соның біріншісі:
«1. Бұл жаққа келсеңдер, жер наймандікі екенін мойындайсыңдар». Бұл не деген сөз? Демек, сол тұста Ақмола наймандар мекені ғой. Сондай- ақ, ең соңында:

«7.Біз тек патшаға бағынамыз. Бізді 3 жыл сайын патша өзі қабылдасын». Мұндай сөзді кім айтады? Патшаға кім доңайбат көрсетеді? Өзіне, жан басының молдығына сенген ру ғана сөй дейді. Қабдеш аға түсел өткізу үшін қалың найман Тоқты, Барлық, Өскемен, Жетісудан сойыс малын айдап, үйлерін көтеріп, ит арқасы қиянға сабылып келмейтінін түсінетін шығар. Найман түселі найманның қақ ортасында
өткен. Ал екінші найман түселі бір айтуларда 1897 жылы, екіншілерде 1905 жылы өткен деген мағлұмат бар. Жазушы ағам қытайда шыққан осы деректерді қалай ғана білмейді?

Келесі бір дерек- 1830 жылы подполковник Шубин бастаған экспедиция маусымда Ақмолаға келіп
тоқтады. Осы жердегі халықтың жан санын алады. Сонда Ақмола маңында жиырма бір мың шаңырақ найман отыр. Арғын алты мыңның үстінде. Жиырма бір мыңның он жеті мыңы қаракерейлер. Бұл мөлшері 75- 80 мың жан. Үш мың шаңырақтай матай, бір мың шаңырақтай төртуыл түседі есепке. Ал Ақмола маңынан ары отырған наймандардың тізімі алынбаған. Бүгін Астанадан батысқа қарай, Есіл қаласына дейін наймандар мол отыр. Тұрсын Жұртбай, Қаржаубай Сартқожа, осы өлкеде туып- өскен тарихшы, профессор Баянғали Құсайынов және бірнеше адам  ол жақты екі күн аралап көрдік.

М.Тынышбаев 1917 жылы 830 мың найман барын патша санағына сүйене мәлімдейді. Ал, 1830 жылы
ше? Ары дегенде 400- 450 мың. Қазақ наймандары ол кезде де, бүгін де – Балталы, Бағаналы, Көкжарлы, Бура, Сарыжомарт, Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуыл, Терістаңбалы болып, он атаға өрбиді. Не себебі барын түсінбейміз Түркістан, Шымкент, Қызылорда, Ақмола маңайындағы Дүрмен наймандар шежіреге кірмепті. Ендеше, 1830 жылы қаракерей қанша өсті десеңіз де, 100- мыңнан аспайды. Олай болса,
1830 жылы барлық қаракерейдің 75- 80 пайызы әлі Арқада, Қабанбай батырдың Ақмоласы маңында отыр. Ендеше, Батыр осында, өз жұртыңың ортасына жерленбесе, енді қайда жерленеді?

Сөз реті келген соң айта кетейік. Ақмола өңірінің өткеніне аса жетік адам Клара Әмірқызы еді. Ақмолада 21 мың шаңырақ найман отырғанын, оның 17- мыңы қаракерей екенін «Егемен Қазақстан» газетіне 1991 жылы Омбыдан алған деректерін көрсетіп, алғаш жазған осы апайымыз:

– Бұл жақта екі Ақмола болған. Бірі – Қаракерей Қабанбай батырдікі. Оны үлкен Ақмола дейтін. Екіншісі – Қыпшақ Нияз бидікі. Оны кіші Ақмола дейтін. Расында да Нияз атанікі Қабанбай атанікінен әлдеқайда кіші еді. Ертерек құлапты. Үйіндісі бар.
Ал Қаракерей Қабанбай батырдың моласы 1950 жылдардың аяғына дейін тұрды, –дейтін.

Кереметі – бұл сөздің де тарихи құжатын таптық. 1851 жылы Омбының коллегиялық секретары
Уфимцев Ақмолаға жасаған инспекциялық сапарынан соң, былай деп жазыпты: «Город Акмолинск
при основании своем в 1932 году назван по белому памятнику, находящиемуся над киргизской (қазақ дегені) могилой, от города в 28 верстах, на сопке лежащей вдоль берега реки Нуры. Слова «Акмола» на языке туземцев выражает буквально «белую могилу». Между туземцами есть предание о могиле большого размера (улькун) сложенных из квадратного кирпича...» Аңдадыңыз ғой, әңгіме үлкен Ақмола жайында. «Ақмола» атауы қайдан шыққаны жөніндегі жалғыз нақтылы тарихи құжат әзірше осы ғана. Қабдеш ағамыз бұл деректі қайдан білсін. Ал қалған айтуларға сенім жоқ. Дерексіз. Қалай десе де «Ақмола» атауы Клара апамыз айтқан екі моланың бірінен шыққан. Бүгін «мынадан» деп, дөп басу қиын. Тағы бір дау
шығару қажет емес.

Айта кетер бір жағдай- 1832 жылы Ақмола бекінісіне қарасты Алшын- Жағалбайлы болысы өз алдына жеке құрылады. Болысы- Қабанбай Байғұлов. Ал, сол кезде қолданылған Сперанскийдің Ережесі бойынша бір ауылда 10 шақты үй, бір болыста 50 шақты ауыл болуы тиіс. Демек, алшындар мен жағалбайлылардың үлкен тобы Арқада ежелден отыр. Сол сияқты жалайырлар да біршама.

Мына бір пайымға назар аударайық. Ақмола бекінісінің негізі 1832 қаланды. Демек, 1851жылға дейін бар- жоғы 19 жыл өткен. Ендеше, Ақмола бекінісінің тұсау кесер тойында болып, 7 зеңбіректен оқ атылғанын, Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының дуан басы болғанын, Ақмоланың салт атты қазақ атқа мініп тұрған Гербісі қабылданғанын,  Ақмола атауының қайдан шыққанын нақтылы білетін адамдардың көзі тірі. Уфимцев деректері осы себептен күдік туғызбайды. Ол нақ сол қазақтардан, патша шенеуіктерінен алғанын жазып қалдырған.

Осынша тарихи құжаттар нені дәлелдейді? Қабдеш ағамыздың пікірі түбірімен қате, жазушының фантазиясына құрылған, ешқандай тарихи құжатқа сүйенбеген, ғылыми негізі жоқ екенін көрсетеді. Жалпы, Қабдеш ағамыз әр жерде, әр кезде, әртүрлі пікір айтады. Тұрақты позиция ұстамайды, құбылып, ауытқып отырады, өз сөзінен өзі айный береді. Ту баста Ақмоладағы ескерткіш кімдікі болса да, Қаракерей Қабанбайдікі емес деген сыңай танытты. Сөй дейтін себебі бар. «Дарабоз» атты кітабында бабаны Алакөлден шығысқа қарай жерлеп қойды ғой.

Одан соң «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қотыраш Қабанбаев деген болыпты. Соныкі болуы бек мүмкін» деді. Подполковник Шубин бұл кісіні 1830 жылы маусымда Санжар Қасымұлын (Кенесарының ағасы) және Кенесарыны шақыруға жұмсағанын Омбыға түсірген ақпаратында жазады. Қабдеш ағам бұдан, әрине, бейхабар.  Хатқа алғаш түсуі – осы сәт. Отыздан жаңа асқан жігіт. Еттірі азамат. Әкесінің аты – Қабанбай. Әке мен баланың арасы 25- 30 жыл десек, Қабанбай әке мөлшері 1770- жылдарғы. Бұл Дарабоздың көз жұмған шағы. Ырымдап ат қойылған сияқты. Бірақ, бұл Қабанбайдан Қотыраш тууы үшін ол үйленуі, балалы болуы қажет. Сонда, тіпті, ол Қабанбай 16 жасында үйленді, ертесіне өліп, әйелі ауыр аяқ қалды десек те, Қотыраш 1786 жылы туады. Осы мөлшерде Қотыраштың әкесіне кесене тұрғызылуы керек. Алайда, 1778 жылы капитан Бардашев  «Ақмола»  деген атауды алғаш рет орыс жазба дерегіне түсіреді. Оның алдында Рычков пен Шангин 1770 жылы Ақмола өңірінің картасын жасап, көп аралайды. Олар Ақмоланы ауызға алмаған. Жазбаларында кезіктірмедім. Себебі, атамыз осы жылы қарашаның 13- інде (қазақша ай санаумен) көз жұмады. Қабдеш ағамыз осындай деректерден мүлде хабарсыз. «Маған телефон соғып, «Қотыраш Қабанбаев деген болыпты деді» деп жазады. Бар- жоғы осы. Қотыраш Қабанбаевты телефоннан ғана естіген.

Әрі кесене салынған  қыраттың осы тұсын жергілікті жұрт «найман қорым» атайды. Ауылда өскен қазақ баласы білетін шындық бар. Ол – Қабанбай заманы емес, тіпті, бертін де екі ру бір қорымға кісі қоймағаны. Себебі, аталарымыз моласымен шекарасын, жерін  белгілеп отырған. Сондықтан да
«найман қорымға» арғынның қанжығалысының биі жерленбейді. Бұл жазылмаған заң еді ол кезде. Оның үстіне Қабдеш аға қанжығалы Қабанбай би Қаракерей Қабанбайдан елу жыл кейін өмір сүрген дейді. Онда бұл жарықтық би Ата, мөлшері, 1820 жылдары туады. Бірақ, зират  Бардашев жазғандай би Ата туардан 42 жыл бұрын, 1778 жылдан белгілі. Бір дерек аз десеңіз, Демидов деген кеңесшінің 1825 жылғы мына мәліметіне назар салайық. «По р. Нуре, у горы Ак- Мула кочует известный в степьи хан Вали». Сонда қалай болғаны? Қателессек аруақ кешірсін, бұл жылы  би Ата туды ма екен? Өтіріктің ең құрыса қисыны болушы еді. Қабдеш ағамда  ол да жоқ. Бірақ, Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінен үш шақырым Нұраға қарай кейінірек өткен арғын Қабанбайдың моласы бар.

Ақмола жайлы сөз қозғаған соң мына бір деректерге соқпай кетуге болмайды. Жоғарыда Ақмоланың
астана болатыны құдайға ғана аян екенін айтқан едік. Десе де, 1846 жылғы 31мамырда Адольф Янушкевич «Даланың болашақ астанасы- Ақмола» деп жазып кетіпті. Бұған не дерсіз? Осы автор  Ақмоланы- «Ақ тау» деп аударыпты. Мұнда да бір сәйкестік бар. Қабанбай батыр мен Нияз би аталардың
моласы маңынан жер қазсаңыз бір күрек бойламай- ақ ақ қеріш топырақ шығады.

Бір сүхбатында Қабдеш ағамыз тіпті асыра сілтеп: «Сол кездегі тәртіп бойынша батырларға, дұшпаны, қасы көп батырларға кесене тұрғызылмайтын. Қойғаннан кейін топырағын тегістеп, үстіне шым қалап,
батырлардың қас жаулары оларды қорламасын деп зираттың орнын тегістеп жіберген» депті. Ал «Дарабоз» романында мүлдем басқаша жазып еді: «Белгі ретінде басына тас үйілді. Алайда туыстары алыстан тас әкелуді қиынсынып, орташа ғана оба тұрғызған. Келер жылы Самарқаннан ұста алдырып, айшықты күмбез орнатамыз дескен- ді. Амал не, ол да орындалмайтын көп сөздің бірі болып қала берді...Әне-міне деп жүргенде, ұрпақ ауысып, ел жаңаланды. Зират басына үйілген обалар мүжіліп, бірте- бірте жұрт жадынан өше бастады». Қайсысына сенейік? Тағы да екі сөйледі. Мұндай «тәртіпті» Қабдеш ағамыз жанынан шығарған. Тұтастай жалған. Себебі, Албан Райымбек, Керей Жәнібек, Мұрын Нарбота, Тоқпақ Қасабай, Дулат Бармақ батырлардың бейіттері осы батырлар соғысқан, жауларын күйреткен
қалмақпен шептің үстінде, қырғызбен шекарада. Ендеше, неге Аягөздің ар жағында төбесін күнде көріп отырған қалмақтан қорықпай Нарботаға, Қасабайға, Әлі батырға, Боранбай биге, Керей Жәнібекке тағы да басқа аталарға кесене салынған. Ал Райымбек, Сәмен, Бармақ батырлар қырғызбен ең көп соғысқандар. Оларға да төбе астындағы қырғыздан қорықпай кесене тұрғызылған. Бұл аталарда жау жоқ па еді?
Қабдеш ағамыз жоқты айтады.

Оның үстіне қалмақ, Есіл- Нұрадан Қаракерей Қабанбай батыр қайтыс болғанда 1000 шақырым жырақта .Әбден тынышталған. Қазақты шаппақ тұрсын, қытайдың қырғынына түсіп, басымен қайғы болып кеткен. Әрі, 1758, 1762 жылғы Қандыжап- Мамырсу бітімдеріне сәйкес қытай тарабы қалмақтардың алдағы уақытта қазақ жеріне өтпеуіне кепілдік беріп, қазақ пен қалмақтың арасында әскер ұстап отырған. Бекіністер салған. Мысалы, Үржардың жанындағы Талды деген жерге 1762 жылы қытай генералы орналасып, оны өз ыңғайына қаратып Бәйар атапты. Онысы Ақжар дегені. Ауыл қазір осылай
аталады. Демек, қалмақтан еш қауіп жоқ.

Қырғыз да бас көтеруден қалған. Абылай мен Қабанбай қолы оларды тас- талқан етіп, тентіретіп жіберген. Ендеше қалың қазақтың ортасындағы кесенеге кім тиіседі?
Қабдеш ағанікі өз білместігін көлегейлеу амалы. Енді мынаны оқыңызшы: «Қоңырала саз» деген жерде Қабанбайдың жайлауы болған. Қайтыс болған жері де сол Барлықта». Ағамыз Ұлы Сардардың өмірден озған уақытын да білмейді. Әйтпесе, қараша айының аяғында жайлау қайда! Ел қыстауда ғой! Атамыз қазақы жыл, ай санаумен қарашаның 13- інде қайтады. Бүгінгі қарашаға қазақылану үшін 13- 14
күн қосамыз.  Сонда  26- 27 қараша, Арқада саршұнақ аяз. Саят Қожашев ақсақал қыс болғандықтан мола үстіне Батырдың сегіз қанат киіз үйі тігілгенін, оны жаз шыққанша күзету үшін жанына және екі үй тігіліп, көңіл айта келгендерді осы үйлерде қарсы алып отырғанын жазып қалдырған еді. Қабдеш аға
тіпті лағы кетеді.

«Дарабоз» романында тарихи шындықтан ауа жайылатын тұс көп. Қажет болса санап, дәлелдеп береміз.
Екі- үш мысал. Жазушы ағамыз Қабанбай батырдың кенжесі Әлі батырдың бәйбіше, тоқалдарын ажырата алмайды. 1760 жылдары Қаракерей Қабанбайдың найманға Алакөл, Тарбағатай, Барлық маңындағы жерлерді бөліп, әр рудың орнын белгіледі деуі – Қабдеш ағамыздың фантазиясы. Бұл өңірге наймандар Қаракерей Қабанбай батырдың қайтыс болғанына 40 жыл толғанда аяқ басады.

Атап көрсететін бір оқиға- Қабдеш ағамыздың романында Қабанбай Сардар Үрімжіге сауда қуып баратыны бар. Бірақ ғұмырын Ұлы Бабасы Қаракерей Қабанбайды зерттеуге арнап келе жатқан, батырдың кіндік төлі Зейнолла Сәнік қытайдан мынадай хат жолдапты: «Бабамыз Үрімжі саудасына бармаған. Оған сол кездегі Үрімжінің амбыны Нусанның Бейжіңге жолдаған мына ақпараты куә: «9 айдың 17 күні Бас батыр Қабанбайдың баласы Едіге мен інісі Туматай бастаған алғашқы қазақ сауда тоғанағы келді. 57 адам. Олар 380 жылқы әкелді». (Дерек «Маңшың үкіметінің Батыс өлкелермен сауда- саттық»  атты кітабінен алыныпты) Нақтылысы осылай. Қабдеш ағамыз қытай дерегін тапқан Зейнолла Сәнікті «суайт» деп айдарлапты. Алайда ол кісінің жазғандары түгелдей тарихи деректермен дәлелденген фактілер. Зекеңнің айтары тек шындық. Ендеше нағыз судыр- суайт кім екенін жұрт түсініп отырған шығар. Қабдеш ағаның
«оралман» деп тиісе беретіні осы кісі сияқты. Күлкілісі, Қабдеш ағамыз да сол «оралмандардың» бірі- қытайдан келді емес пе? Мұнысы несі?

Қазақ жұртының қайда, қашан орналасқанын білудің бір жолы – ата-бабалардың моласы.
Мысалы, ХІV- ғасырда найманның үлкен бөлігінің Самарқанда отырғанын Өкіреш Шалдың, одан бері Сыр бойында тұрғанын Төлегетай бабамыздың, Арқада, Есіл- Нұрада мекендегенін Қаракерей Қабанбайдың молаларынан білуге болады. Ал Қабдеш ағам айтып отырған Барлық, Үржар, Тарбағатай, Алакөл маңындағы ең көне зираттар нақ осы 1810 жылдан бері көтерілген. Мәселен, Семей өңіріндегі ең көне молалардың бірі – Ырғызбай әулие, Талдықорған өңірінде Көтен тәуіп әулие мен Шіре ана. Бұл
кісілер ХІХ ғасырда өтеді өмірден. Мұндай деректерді Қабдеш ағамның білмейтініне бәс тігемін.

Сондай- ақ, осы өңірде отырған «менмін» деген шежіреші қарттар алты атасынан арғы бабаларының зиратын дәлдеп айта алмайды. Бұл – 150 жыл. Міне, сізге тағы бір қазақы дәлел. Егер найман осы жақта Қабанбай батырдың арғы аталары туғанда отырса неге аруақтарын ұмытып қалады?

Осы тұста Күдеріқожа бабамыздың «Найманда елдің ағасы, алтынды тонның жағасы» деп басталатын толғауындағы:

«...Қайран Есіл- Нұрамыз,

Қайда барып сиямыз».

деген жолдарды да еске сала кеткен артық болмас. Күдеріқожа  толғауын көш үстінде, Қарқаралыда айтыпты.

Қазақ тарихының білгірі, тарихшы, Академик Манаш Қозыбаев Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесіне үш рет келді. Үнемі адам көп кезде ат басын тірейді. Сол ғалымның былай дегені бар:

– Сен, Камал, айналайын, мына кесене салынбай тұрып- ақ маған келгенсің. Сонда не айттым? Негізінде,
әрбір тарихи оқиға, тарихи факті, тарихи тұлға үш фактор арқылы мойындалады, сөйтіп қана тарихи шындық ретінде қабылданады. Ол, бірінші – халықтың мойындауы, екінші – тарихи дәлелдердің сәйкестігі, үшінші – мемлекет тұрғысынан мойындау. Ара- тұра, бірінші фактор қазақ жағдайында жазба дерек емес, шежіреге сүйенетіндіктен тура болмайды. Оны қосымша дәлелдеу қажет.

Енді, нақтылы Қаракерей Қабанбай батырға келсек, дастандарда айтылатыны – Арқа, оның ішінде Нұра бойы. Қабанбай атамыздың жағдайында бұл фактор халықтық тұрғыдан толық мойындалған. Ал тарихи дәлелді өзің айттың. Оның үстіне мен де көзім жеткен соң келемін. Мұны мен саған кесене салынбай тұрып жолыққаныңда Алматыда айтқанмын. Мемлекеттің мойындауына келсек, мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаевтың кесенені ашуы – үшінші фактор болып табылады. Әрі Әбіш бауырымыз мен басқаратын
Тарих және этнология институтымен, менімен ақылдасты. Бұл – Қаракерей Қабанбай батырдың моласы. Кім не десе де, шындық осы. Қалғандары, әсіресе жазушылар, айта береді. Сенікі дұрыс.

Қабдеш ағамның бір мақаласындағы мына жолдар назар аударуды қажетсінеді: «... кесене орнатты маған айтқан да жоқ, ақылдасқан да жоқ, мәселен айтпауға тырысты, ұрлап жасауға тырысты». Қып- қызыл өтірік. Кесене салынып жатқанын естімесе, білмесе алдын- ала «Қазақ әдебиетіне» мақала дайындап, таласа жөнелер ме еді? Бәрін біледі. 2000 жылғы көктемде Қайрат Сатыпалды бастаған ұлттық Ат спорты
Федерациясы барлық республикалық баспасөзге, оның ішінде «Қазақ әдебиеті» газетіне де Қаракерей Қабанбай батыр кесенесін салуға сауын айтқан мақалалар, жарнамалар берді. Есеп- шотын айтты. Семей, Өскемен, Талдықорғанның облыстық газеттеріне басылды. «Хабар», «Қазақстан» телеарналары әлденеше хабар беріп, құрылыс жұмысымен таныстырып отырды. Ендеше, Қабдеш ағамыз газет оқымайды,
теледидар көрмейді дегенге сенесіз бе? Мен сенбеймін. Демек, «ұрлап жасады, жасырды» деген сөзі түбірімен жалған. Кесене жұмысы жалпы жұрттың көз алдында жүрді.

Бірақ бір расы бар. Ешкім Қабдеш ағадан ақыл сұрамады. Ағамыздың бір өкпесі осы жерде жатпаса деңіз.

Жалпы, бір- жар ағаларымыз Қаракерей Қабанбай батырды жекешелеп алғысы келеді. Бірақ Ұлы Қолбасы приватизацияға жатпайды. Бабамыз қазақ қана емес, иісі түркі, арысы мұсылман үмбетінің ортақ батыры, ортақ мақтанышы. Осы себептен де Қаракерей Қабанбай батырдың мұрасын зерттеу, кесенесін көтеру үшін ешкімнен рұқсат сұралмайды.

Алдыңғы жылдары Қабдеш ағамен тілдесіп қалдық. Таң қалғаным: жазушы ағамыз Дарабоздың жұрт сақтап отырған заттарының бір де- бірін білмейді. Мұны қалай түсінесіз? Бүгін бас Сардардың сапысын, жалбағайын, қалпағын, басқағын, қылышын, оқшантайын, қолтырамышын, кісесін  ұрпақтары ұстап
отыр. Аралап, тауып,  қалпағы мен кісесінен өзгесінің бәрін өз көзіммен көрдім. Суретке түсіріп алдым. Осыны айтқанымда ағамыз «Ойбай, көп емес пе?» деп аса жаратпаған сыңай танытты.
Сондай- ақ батырдың атасы Мәмбет батырдың Туын да ұрпағы көзіндей көріп, сақтап келеді. Туматайдың шапаны және бар. Ағамыз ел арасынан дерек жинаса оларды білер еді- ау.

Айтқандайын, ілгеріде өткен бабалардың кім екені көңіл айту, естірту, жоқтау үстінде көрінетіні бар. Сондай жоқтауды Қаракерей Қабанбай батыр қайтыс болғанда, Мырзакелді атамыз Назым анамызға жазып берген екен. Мұны бізге атаның тікелей ұрпағы Қ. Әубәкірұлы айтып беріп еді. Соның үзіндісі:

Жиылып тегіс ас беріп,

Қайтқан жерін айтайын – Есіл- Нұра арасы.

Ақ атанын шөгеріп,

Жатқан жерін айтатын – Сарыбелдің сағасы.

Ол кісі жоқтауды шөбере ағасы Мұстахымнан естіген екен. Бұған нендей қарсылық жасайсың?

Манадан бергі деректерді, дәлелдерді жинақтасақ, мынадай түйінге жетеміз:

1. Қаракерей Қабанбай батыр Арқада туып, Нұра өзенінің жағасындағы Сарыбелге жерленген;

2. Наймандардың топтала Аягөздің сол жағалауына өтуі 1810 жылдан бері.

3. Байжігіттердің бір тобының Тарбағайға жете қоныстануы 1817 жылдары. Осы маңда бұдан ерте қойылған бірде- бір найман, бірде- бір Байжігіт сүйегі жоқ.
Қаракерей Қабанбайдың замандастары мен балалары Арқада, Аягөздің оң жағалауына қойылған. Мысалы, Әлі батыр атамыздың кенжесі. Дарабоздың қырық жеті жасында туған деседі. Әлі батыр ұзақ жасапты, сексеннен мол асып, қайтыс болыпты. Сонда Әлекең мөлшері 1735 жылдан бері туса, 1820 жылдары өмірден өткен. Бұл да Байжігіттер Аягөздің сол жағалауына 1817 жылдан кейін өтті деуімізге – бір
дәлел. Қазақ салтында кенже ұл – Қарашаңырақтың иесі. Әке мен шешенің сүйегі осы үйден шығады. Ол заманда бұл қатаң сақталған. Ендеше, Хан батыр 1760 жылдары Алакөлге жетіп алса, Әліні неге тастап кетеді. Тағы да қисынсыз- ақ.

Нарбота мен Қасабай батырлар 1757 жылы Әмірсананы қуып келген  Фу Денің әскерімен соғыста ерекше
көзге түседі. Нарбота соның алдында Әмірсананың таңдаулы бес жүз жанкештілерін қырып салады. Осы оқиғалар нақтылы деректелген Ю. Кузнецовтың «Әмірсана» атты монографисын оқыса Қабдеш ағамыз жаңылмас еді. Бұл екі атамыздың да бейіттері белгілі. Жасырған түгі жоқ. Қалмақ қорлайды десе,шекараның тап үстінде отырған осы батырларды тығып, жасырып қойса керек еді.  Қасабай батырдың бейіті Аягөзден 3- ақ шақырымда, ол кездегі қалмақ күнде көріп жүретін жерде. Сондықтан, Қабанбай батырды жасырып қойды деу –аңыздан аңыз туғызу ғана.

Қабдеш ағам, әйтеуір, маған тиіспей, маған соқтықпай кетпейді.
Қайтсе де жеке басымды ебін тауып қаралауға ұмтылады. Негізінде, пікірталаста жеке басқа тиісу- айтар аргументінің жоқтығының, дөрекіліктің, бейшаралықтың, сорлылықтың, мәдениетсіздіктің, өргенсіздіктің  белгісі. Мен ешуақытта үлкен кісінің жеке басына барған емеспін. Мен Дарабоздың «тікелей ұрпағымын» деген емеспін. «Бар қазақ бабамызға жат емес» деймін.

Не жазса да, ағамыз мені кемсіткісі келеді. Менің ұзақ жылдар Талдықорған облыстық «Қазақ тілі» қоғамын, облыстық мәдениет, тіл, кино басқармаларын басқарғанымды жақсы біледі. Қадеш аға Талдықорған  облысы 2000 жылы таратылды деп ойлайды екен. Шындығында  1997 жыл.  Алматыға қосылған соң   үш жыл жұмыссыз қалған жоқпын. Қалалық мәдениет және тіл басқармасын басқардым. Осы кезде, 2000 жылы көктемде мені Астана қаласының әкімі шақыртты. Таң қалдым. Келе білдім,
Қаракерей Қабанбайға кесене тұрғызылмақ болып, басына үй тігіліп, кірпіш түсіріліпті.

Кесене салу мәселесі екі ай бұрын шешіліпті. Қайрат Сатыпалдымен осы жолы таныстым. Қайратқа
Қабанбай батырдың құлаған моласын көтеруге ақыл қосқан Иманғали Тасмағанбетов екен. Қабдеш аға «200 долларды Қайрат шығарды» деп өтірік соғады. Қайрат бар ұйымдастыру жұмыстарын мойнымен көтерді. Қаржы қазақ даласының халқынан жиналды.

2000 жылғы қарашада мені Талдықорғанның азаматтары қала әкімшілігіндегі мәжіліс залында
сый- сияпатын беріп шығарып салды. Кесенеге келген соң көп ұзамай Иманғали Тасмағанбетов Үкіметке сектор меңгерушілігіне шақырды. Ол қызметті өз еркіммен өткізіп беріп, Қаракерей Қабанбай батырдың 
басына келгенімді баспасөз жазған. «Дүрілдеп, байып» жатпасам да, атаның кесенесіне  ол кезде елде жоқ джип машинамен келгенмін. Қабдеш ағаның мен  бәлен үй салды, ағайындарының бәрін жинап алды, байып жатыр дегені, Қайрат Сатыпалдыға анадай ұсыныс жасады деуі миғұланың ғана ойына келетін сандырақ. Судыр суайт та мұндай болмас.

Айтқандайын, жазушы аға мені 2000 жылы ғана Қабанбай батыр кесенесін естіпті деп ойлайды
екен. Өтірік. 1991 жылы жазда Талдықорған облысынан он шақты адам арнайы келіп, құран оқығанбыз. Дерек жинап видео, аудио таспаларға түсіргенбіз. Оны «Алатау»  бағдарламасы көрсеткен.  Кереметі, сол адамдар іле- шала ірі- ірі қызметтерге орналасты. Әлі күнге ел көзінде жүр. Мұнан соң 1993- 1995 жылдары екі рет кесене басына қонып кеттім. Ал 1998 жылғы мауысымда моланы  Астана қаласының тұсаукесеріне шақырылған бір топ азматтарға көрсеттім. Олар да қызметте тез өсіп кетті.. Сол мереке күні Қаракерей Қабанбай батырдың құлаған моласына Иманғали Тасмағанбетовпен бірге келіп, тәу еттік. Имекең тебіреніп, арқаланып:

-Япыр- ай, талай әулиеге барып жүрміз ғой. Бір де бірінде мұндай күйге түспеп едім. Тізем дірілдеп кетті! Ғажап, өлі Қабанбайдың мысы мынадай, тірісінде қандай болды екен!- деп, бізді таң қалдырып еді.

Қабанбай әулие берер белгісін қазақтың бір тума ұлы Иманғали Тасмағанбетовке берді. Шынында
да, ғажап қой!

Кесене басына келгелі мұнда көлемі 600 шаршы метр екі үй салдық.. Бірінде өзіміз
тұрамыз. Екіншісі қонақ үй, қатымханаға лайықталған.  200 түп қарағай, 200 түп қайың ектік. Бүгін
кесене маңы жасыл желекті. Оларды қоршай бір қатар үйеңкі, қарағай, бірқатар
жиде жайқалып келеді. Екі жерден, қырдың ең ұшар басын  бұрғылатып, 100 метр тереңнен ауызсу
алып отырмыз. Ел азаматтары, басы Өмірбек Байгелді ақсақал болып, қазақ
батырларының сауыт- сайманын, қару- жарағын, киім- кешегін әкеліп жатыр.
Қабанбай батырдың өз дүниесі – жез леген де біздің қолда.

Кесене салынғалы бері мыңғұлға, қытайға, өзбекке, Ресейге, Қырғызға әлденеше рет барып
дерек жинадық. Өкіреш Шал, Төлегетай (Төлек атай) бабаларымыз туралы мол
мағлұмат алдық. Оларды жарияладық.

Айтпақшы, Қабдеш ағам менің руымды да өтірік жазыпты. Мен тоқпақ емеспін. Сонан соң, майлыққа да, шайлыққа да жететін менің де, келіншегімнің де бизнестеріміз бар.
Атаның кесенесін ұстап отырғанымызға риза азаматтар Қабдеш ағамдай іштері тар емес. Көмектеседі. Үкіметтен көк тиын көмек алмасақ та Қабанбай әулиенің басын көркейтіп отырмыз.

Айтып, айтпай не керек, Қаракерей Қабанбай батырдың қайда жерленгені тұрғысында сонша
жалған сөйлеп, өзінің лағып кеткені аздай жұртты адастырғысы келетіні, ұсақтап кеткені, бірмойындылық Қабдеш Жұмаділов ағамызға жараспай- ақ тұр.

Мен кесене басына келгеннен бергі он екі жылда бір- ақ адам, Қабдеш Жұмаділов дау туғызды.
Бір- ақ адам, Мырзатай Жолдасбеков әулиеге қиянат жасады. Кесене үш жылдай Президенттік мәдениет орталығында баланста тұрған. Орталықтың директоры қайтыс болған соң ол орынға келген Мырзекең қайта- қайта телефон соғып, тексерту шақыртыпты. Есеп комитетінен. Марқұмның соңына түскісі келсе керек. Тексеру ештеңе таппайды.  Сол кезде батыр кесенесінің жылдық шығыны 1 миллион теңгеге жетпейтін. Осыны көп көрсе керек Жолдасбеков. Маған айтқан сылтауы- «Есеп комитетті шұқылап жатыр» болды. Комитетке бардым. Жігіттер «Астапыралла!» деп, ыршып түсті. Жазған анықтамаларын көрсетті- кесене туралы бір ауыз сөз жоқ. Мырзатай Жолдасбековтің осы сорақылығын әлі
түсінбеймін. Біздің шалдарды қай шайтан түртіп жүр? Адам елінің қамын жеп, ата- баба аруағын сыйлап, тәуір істің жанынан көрініп, жаман істен жерініп, әдемі қартайса жөн емес пе. Мырзекеңнің шын бейнесі осы болар.

Кеудесінде «қазақпын» деген сәулесі бар азаматтар Қаракерей Қабанбай батырды, барлық бабаларымызды зерттеуге, кесенесін күтіп ұстауға ат салысып жатыр. Біз Ұлы Сардардың әрбір ісін, әрбір сөзін, өзі ұстаған дүниесін тірнектеп жинап жүрміз.
Бұл шаруа адамды байытпайды. Мұнда саясат та, күнкөріс те жоқ. Тап- таза қазақы патриотизм, ата- баба мұрасына деген адалдық қана бар. Ойымыз қазақтың ата тарихын байыту, бабамызды кейінгі ұрпаққа нақтылы тарихи бейнесімен табыстау.
Шындыққа жету. Жалғаннан арылту.

Камал ӘБДІРАХМАН,

Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы

 
9 апреля 2013, 17:48
2386

Загрузка...
Loading...

Комментарии

Керемет жазбп
Совет-Хан Габбас(профиль)
0
"Құбақалмақ заманы" аталған Жоңғар шапқыншылығының да шындығы әлі ашыла қойған жоқ. Іргеміздегі екі империяда жасырын от қарумен көмектесіп, "жабайыларды біріне бірін құрттырып", Ұлы даланы бөлісіп алу мақсатында болғандары әлі айтылмаған ақиқат. Міне, мұндай соғыста жүйеленген тактикасыз және бір орталыққа бағынған Қолбасшысыз жеңіске жету мүмкін емес. Қазақ халқының жер бетінде "иә қалу, иә қалмауын" шешкен осы ұлы Отан соғысының Үлы Қолбасшысы, тірі кезінде - Хан батыр -Дарабоз - Көкірек әулие - атанған Қаракерей Қабанбай батыр болатын. Олай болса, Тәуелсідігін алған Қазақ елі ешкімге жалтақтамай, Орыстар - Суворовын, Кутузовын, Француздар - Напалионын қалай құрметтеп марапаттаса, Қазақ та Ұлы Қолбасшысы Қабанбай батырды солай асқақтата марапаттауымыз керек-ақ. Мынау Астанада қойылатын ескерткішін шешкен азаматтарға алғыс айта отырып, жоғарыда айтылған мәселемен қоса, Қабекеңнің жатқан төбесінде, сол Жоңғарды жер жастандырған, Ұлы Отан соғысының мемориал ескерткішінн салуды ойластырған жөн. Сол замандағы Отаны үшін құрбан болған, күллі батырларымыздың жарқырай көрінгендері, ұрпақ үшін теңдессіз ескерткіш болар еді. Елімізге келген Шет Ел басшыларының тағзым етер қасиетіне айналса қандай керемет. Қадірлі шырақшылық қызыметіңді жан-жақты жетілдіріп отырған Камал бауырым, осынау айтылған ұсыныстар да кәперіңде болса екен...
Құрметпен: Жазушы-ғалым, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, проф. Совет-Хан Ғаббасұлы.
Қадірлі Камал бауырым, мынау мақалаң ғылымый жүйеге құрылған үлкен еңбек екен. Міне, тарихи деректерді жазсаң осылай жазу керек. Сен Қабдеш пен Мырзатайға ренжіп, олардың өтіріктері мен қаскөйліктерін дәлелдеумен, қаншалықты салауттылық пен парасатқа жеткеніңе риза бол. Ал ОЛ ЕКЕУІ өз жазаларын "бұл дүниеде де, ол дүниеде де алатындарын" ескеріп, Қазақ халқы мен қасиетті аруақтың алдында кешікпей кешірім сұрағандары жөн. Азаматтықтары жетсе осылай істеулері керек...

Оставьте свой комментарий

Спасибо за открытие блога в Yvision.kz! Чтобы убедиться в отсутствии спама, все комментарии новых пользователей проходят премодерацию. Соблюдение правил нашей блог-платформы ускорит ваш переход в категорию надежных пользователей, не нуждающихся в премодерации. Обязательно прочтите наши правила по указанной ссылке: Правила

Также можно нажать Ctrl+Enter

Популярные посты

Инструкция для аллергиков. Как бороться с аллергией в период обострения

Инструкция для аллергиков. Как бороться с аллергией в период обострения

Я аллергик с детства. Имею аллергию на пыльцу березы, липы, полыни (выяснил это благодаря кожным пробам), а также пищевую аллергию на горчицу. Свои проблемы знаю, однако это меня не спасло.
Romeo_17
15 авг. 2017 / 17:21
  • 38286
  • 63
СМИ – ассистент провокаторов? Как гости из соседних стран сеют раздор в Казахстане

СМИ – ассистент провокаторов? Как гости из соседних стран сеют раздор в Казахстане

Инцидент с пьяным киргизским гостем на борту Air Astana, наверное, остался бы только во внутренних сводках авиакомпании, если бы г-н Доган, не поднял громкий крик о государственном языке.
openqazaqstan
вчера / 14:43
  • 5559
  • 14
Алматы предложили сделать центром секс-туризма

Алматы предложили сделать центром секс-туризма

Известный политолог России Андрей Карпов предложил сделать Алматы центром секс-туризма. Но для этого сперва нужно легализовать проституцию в стране.
tala03
13 авг. 2017 / 14:48
Казахский национализм раньше выглядел несовременно. Теперь он другой

Казахский национализм раньше выглядел несовременно. Теперь он другой

Националисты стали совсем другими. По-английски хорошо говорят, русскую классику цитируют. Очень современные, образованные, адекватные. А после Крыма в националисты уже чуть ли не любой казах готов был записаться.
Aidan_Karibzhanov
16 авг. 2017 / 16:52
«Доехать до Алтын Орды» – как мошенники обманывают алматинцев

«Доехать до Алтын Орды» – как мошенники обманывают алматинцев

Из множества грустных откровений постепенно сложился перечень самых распространённых уловок охотников за нашими деньгами. В нём ожидаемо лидировали профессиональные попрошайки.
caravan_kz
16 авг. 2017 / 15:05
  • 1517
  • 2
Недоразумение с грантами в ВУЗы: «медалисты» до сих пор имеют преимущество

Недоразумение с грантами в ВУЗы: «медалисты» до сих пор имеют преимущество

Многие способные выпускники без Алтын Белги готовились к тестированию, чтобы в честной борьбе попытать счастья на гранты без ущемления со стороны якобы "золотых" выпускников.
DanaJarlygapova
14 авг. 2017 / 14:35
Приложение казахстанских школьниц признали лучшим на конкурсе в Сан-Франциско

Приложение казахстанских школьниц признали лучшим на конкурсе в Сан-Франциско

Команда алматинских школьниц выиграла главный приз международного конкурса Technovation Challenge 2017 по разработке мобильных приложений.
yviNews
11 авг. 2017 / 16:38
  • 2329
  • 5
Сколько дней казахстанцы отдохнут на День Конституции и Курбан айт

Сколько дней казахстанцы отдохнут на День Конституции и Курбан айт

Многие уже сейчас планируют отпуска и праздничные выходные. Сколько дней отдыха будет в этом году в честь Дня Конституции и мусульманского праздника Курбан айт?
yviNews
11 авг. 2017 / 15:08
  • 1322
  • 0
На EXPO через Балхаш и Боровое своим ходом

На EXPO через Балхаш и Боровое своим ходом

Мы объехали по кругу озеро Иссык-Куль, о чем повествует предыдущий пост, и вернувшись из поездки подумали, а почему бы нам не рвануть на наше озеро, не менее прекрасное?
yelenasergiyenko
13 авг. 2017 / 13:13
  • 1286
  • 6