Күйші Сүгірдің ұрпақтары

«Айқын» 2012 M10 9
1312
0
0
0

  10.10.12.Шертпе күйлерімен исі қазаққа мәлім дарабоз күйші Сүгір Әліұлы туралы жазылып та, айтылып та келеді. Жазушы Тәкен Әлімқұлов «Телқоңыр» әңгімесін, ақын Бәтима Батырбекова «Күйші» поэмасын...

 
10.10.12.

Шертпе күйлерімен исі қазаққа мәлім дарабоз күйші Сүгір Әліұлы туралы жазылып та, айтылып та келеді. Жазушы Тәкен Әлімқұлов «Телқоңыр» әңгімесін, ақын Бәтима Батырбекова «Күйші» поэмасын, жазушы Өтеш Қырғызбаев «Сүгір» романы мен «Назқоңыр» пьесасын жазды. Дегенмен зерттеушілерге ашылмаған дүние көп-ақ. Соның бірі - күйшінің үш қызы және олардан тараған ұрпақтары. Бұл жөнінде «Күйші Сүгір» дастанын жазған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ескермес Жақсымбетұлы төмендегіше әңгімелейді:

- Сүгір 1882 жылы Арқаның кең жай­лауында дүниеге келген. Сүгір туған тама руының бұзау деген бұтағы - қыста Көк­шенің терең жалды құмын қыстаса, көк­тем шыға Бетбақ даланың шөлін басып өтіп, қоңырат, найман, қыпшақ елдерімен аралас Сарысу өзенін бойлап, Жеті­қоңыр­ды жағалай отырып, Арқаның жазиралы тауларына дейін мал жайып қайтатын болған. Міне, талантты бала Сүгірдің өн­ер­паз болып өсуіне көшіп-қонған сауық­қой ел тұрмысы игі әсерін тигізеді. Сүгір ал­ғаш рет күйді нағашысы, атақты қобыз­шы Ықыластан, одан кейін Саты­балдыдан үйренеді. Белгілі Созақ шежіре­шісі, қа­ламгер Есіркеп Өмірбеков өзінің «Шежі­ре­лі өлке» деген кітабында Сүгір күйшімен бір болып, әңгімесін тыңдаға­нын былайша баяндайды.

- Сүгір өзінің бір әңгімесінде: «Жоғар­ғы Сарысу бойында өткен Бағаналы елі­нің атақты адамы Өтжан деген кісінің ба­ласы Сауқынбектің бала сүндеттеткен тойында атақты бес домбырашыны көр­дім. Олар Қыпшақтан шыққан Жұмабай домбырашы, қоңыраттан шыққан Есен­берілі, Иса деген домбырашылар. Найман елінен шыққан Есжан, алшын Дайрабай да домбырашы еді. Бұлардың бәрі де бі­рінен-бірі өткен күй тәңірісі болатын. Мен батаны Сыздық төренің қасына ер­ген Оңлыбай деген домбырашыдан ал­дым» дейтін. Сүгірмен бәсекелес дом­бы­рашылар аз болмаған. Алшын Ілияс, тама Асан, қоңырат Шубай, Өксік­бай, Карбоз, Бейсен, Сүгірдің қызы Сара­күл­дің күйеуі Жайыл, саңғыл Ақтай, Алдабер­ген тамыл­жыта домбыра тартқан нағыз шеберлер екен.
Енді Сүгірдің отбасылық жағдайына келейік. Сүгір бозбала шағында Қарақұр өзе­нін жайлаған қоңыраттың Беген жетім­дер руынан шыққан Алдаш бидің қызы Айғанымға үйленеді. Бірақ Айғаным бала үстінде дүние салып, бесіккертпе құда болған құрақ тама Шынарбайдың қызы Сауқанмен тұрмыс құрады. Одан Саракүл туады. Сауқан кенеттен қайтыс болып, оның сіңлісі Сыпатайқызы Нәзі­кенге үйленеді.Нәзікеннен Ұлбала мен Оңғар туады. Ұл бала болмайды. Бір жылы тамалар мен қоңыраттар Арқадағы Атба­сар­ға базарға шығып, қыстық бидай­ларын әкеле жатады. Керуенге Ұлытаудың маңы­нан қарақшылар шабуыл жасап, би­дайларын тартып әкетеді. Бұл ел арасында үлкен дау-дамайға ұласады. Ел басшылары мен азаматтары аттанған бұл дауға көппен бірге Сүгір де барады. Осы сапарда қоңыр­жиембет Битан және Жаңғазымен достығы құдалыққа ұласады. Сөйтіп, қызы Сара­күл­ді әрі ақын, әрі мықты домбырашы Жайыл Битанұлына ұзатады. Ұзатылып барған жері Бақырлы ауылы еді. 1931 жылы ашаршылық пен Созақ көтерілісіне қоса елді шешек ауруы жайлайды. Осы ше­шектен Саракүл қайтыс болып, Жайыл соқыр болады. Қапас қараңғыда зарланған Жайыл күңірентіп жырлайды. Жайылдың «Соқырдың зары», «Сағыныш» деген дастандары да болған екен.
«Бәрінен жаман екен көз көрмеген,
Содан соң ажал жаман тез келмеген.
Қосылды соған келіп ашаршылық,
Бұл күні жанның бәрі безген менен.

«Ақ қаншық» зарланады, сұңқыл­дай­ды,
Қос саусақ тартады оны, бір тынбай­ды.
Қаншама төгіліп күй тартса дағы,
Қарны аш, көңілі пәс кім тыңдайды...», - деп басталып, кете береді.
«Аққаншық» дегені Сүгір сыйлаған қолындағы домбырасы екен. Көп ұзамай-ақ Жаңғазы «халық жауы» боп ұсталып, айдалады. Жеңгесі Мәрия мен Жайыл же­тектесіп, Келес үстіндегі ағайын-туыс­қын­дарын аралап кетеді. Кетерінде Сүгір атасының қолын алып, қоштасады. Осы­лай жүріп, Жайыл да екі жылдан кейін қайтыс болады.
Екінші қызы Ұлбала Андағұл жабал тама Айтбай Қауқанов деген кісіге тұр­мысқа шығады. Айтбай 1902 жылы туып, 1979 жылы өмірден қайтады. Ұлбала 1921 жылы туып, 2000 жылы қайтыс болады. Айтбай сауатты, білікті кісі болған. 1930 жылы Созақ көтерілісіне зорлап қатыс­ты­рылады. Ол туралы шежіреші Сүлеймен Тәбірізұлы өзінің «Созақ өңірі» атты кітабында Әшірбек Тастыбаев деген кісінің әңгімесінде: «...Осылайша біраз уақыт өтеді, үйге намаз оқуға дайындалу үшін құман сұрап, өзінің көмекшісі Қау­қанов Айтбай кіріп келіп Әшекеңді көріп, «аман екенсің ғой» деп қуанып кетеді. Айтбай үстіне тон, аяғына саптама етік, басына түлкі тымақ киіп, оң білегіне ақ шүберек байлап алған. Өзінің бұлайша киінуінің себебін түсіндірген Айтбай «енді құтылу үшін сен де осындай киім киіп аласың, одан кейін атыңа жетіп, ауылыңа тайып тұр» деп кеңес береді, - дейді. Айтбай көтерілістен осылай құтылған көрінеді. Сүгір осы күйеу баласы Айт­бай­дың қолын­да қайтыс болған. Айтбайдан Ұлбаланың жеті ұл, бес қызы бар. Олар Тынымкүл, Жеңіс­бай, Сапарбай, Алдабер­ген, Кеңес­бай, Роза, Сенбек, Рая, Дүйсек, Райхан, Кенжебек, Кенжекүл. Айтбайдың ұл-қыздары өсіп-өнген. Қазір Жеңісбай мен Сапарбай Созақ ауданының Тасты, ал Кеңесбай Ыбырай ауылында тұрады.
Сүгірдің үшінші қызы Оңғар 1936 жылы туған. Оңғар Әден Тұрсынбеков деген кісіге тұрмысқа шығып, көп жылдар аудан көлемінде инженер болып істеп, Шәуілдірдің Темір совхозына қызмет ба­ры­сында ауысады да сол жерде қайтыс болады. Оңғардың Әлімжан, Қалдыбай, Айжамал, Гүлжан, Марат деген үш ұл, екі қызы бар. Қазір Алматыда тұрып жатыр.
Сүгір Әліұлы 1961 жылы, 79 жасында қайтыс болады. Өзінің өтініші бойынша Қарабура әулие зиратына жерленеді. 1992 жылы Сүгірдің туысы Колхоз Сағындықов­тың ұйымдастыруымен үлкен ас беріліп, басына сағана тұрғызылады. 2007 жылы мамыр айында Сыздық Бор­сабаев деген азамат Сүгір Әліұлының 125, оның төл шәкірті әрі туысқаны Ергентай Борсабаев­тың 80 жылдығына арнап Созақ ауданы­ның Шолаққорған ауылында ас беріп, үлкен мерекелік жиын өткізді. Сүгір есімі­мен қазір аудан көлемінде көшелер және бір мектеп аталады.

Жазып алған
Төреғали ӘЛІПҰЛЫ


 

Оцените пост

0