Дәріні жарнамалау керек пе?

«Айқын» 2012 M10 3
596
0
0
0

  03.10.12.Әрбір азамат дәрі алу үшін жылына орта есеппен 5000-10000 теңге көлемінде ақша жұмсайды. Әйтсе де ел халқының 90 пайызы дәрігерге де, дәріге де жүгінбей, өзін-өзі емдегенді жөн санайды...

 
03.10.12.
Әрбір азамат дәрі алу үшін жылына орта есеппен 5000-10000 теңге көлемінде ақша жұмсайды. Әйтсе де ел халқының 90 пайызы дәрігерге де, дәріге де жүгінбей, өзін-өзі емдегенді жөн санайды. Ал 42 пайызы аурудың алғашқы белгілері сыр бергенде-ақ, дәрігердің кеңесіне құлақ түрмей, дәріханаға беттесе, 53 пайызы кез келген антибиотиктік дәрілерді емін-еркін тұтынады.

Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова халықтың «дәрілік сауатын» арттыру шаралары қолға алынатынын мәлімдеген болатын. «Германия мен Ұлыбританияда қолданылатын дәрілік қамтамасыздандыру мен халықты ақпараттандырудың тәжірибесін зерттеудеміз. Дәріні пайдалану бойынша халықты ақпараттандыру механизмдері қарастырылуда» деген еді Салидат Қайырбекова. Сондай-ақ министр бірқатар іс-шараларды да тізбектеп шықты. Мәселен, халықтың өзін-өзі емдеу һәм дәрілерді дұрыс пайда­лану бойынша кеңестік орталықтар құрылып, фармацевтикалық нарықты, бағалар мен дәрінің кері әсерін зерттеу орталығы да іске асырылмақшы.
Әйткенмен өзін-өзі емдеп, дәріні оңды-солды пайдалану үрдісі үгіт-насихат жұмыстарымен шектелмейтіні аян. Сырқаттың себебін жете түсінбей, өзімен күресуге асығатын науқастар дәріханадағы кез келген дәріні сатып алуға әзір. Бірақ дәрінің салдары қандай болатынын маманнан басқа ешкім топшылап айта алмас. Шектеу демекші, өткен жылы елімізде құрамында есірткілік заттары бар бірқатар дәрілердің сатылуына тыйым салынғаны есте. «Пенталгин», «Спазмалгон» сынды дәрі-дәрмек дәріханаларда тек қана дәрігердің рұқсатымен сатылатыны бірнеше рет айтылған еді. Дегенмен шектеуге пысқырып қараған ешкім жоқ. Тіпті дәріханаларда аталмыш дәрілер еркін сатылады. Басы ауырып, балтыры сыздағандардан дәрігердің нұсқауы да талап етіл­мейді. Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының зерттеуіне сүйенсек, дәріні дұрыс пайдаланбау адамның өмірімен қоштасуына себепкер бес фактінің біріне жатады. Мамыр айында көршілес Ресей ешбір нұсқауы жоқ дәрі-дәрмектердің жарнамасына шектеу қойды. Ресейдің бастамасының ізін ала украиналықтар да шектеу қоюды заңмен реттеуді қолға алып, іске асырды. Ал біздің елімізде
10 мыңға жуық фармацевтикалық өнім тіркелген. Дәріханаға кірсеңіз, «дәрілер көрмесіне» бас сұққандай әсерде боласыз. Сондықтан да болар, халық үшін сан түрлі дәріні қолдану һәм сатып алу да оңай. Бір қызығы, ел азаматтары отандық дәрі-дәрмектен гөрі, шетелдік дәрілерге көбірек сенеді. Әлеуметтік зерттеулерге жүгінсек, халықтың
34 пайызы шетелдік дәрі-дәрмектің сапасына сенсе, 35 пайызы дәрінің сапасы шығарушы елге байланысты деген пайымды ұстанады. Бір айта кетерлігі, елімізге көршілес Ресейден, Түркиядан, Еуропа мемлекеттерінен фармацевтикалық өнім көбірек келеді. Соған сәйкес, дәрінің құны да шығарушы елге байланысты болады. Халықтың
56 пайызы дәрінің құны оның сапасына әсер етпейтінін ал­ға тартса, 19 пайызы дәрі қанша­лықты қым­бат болса, сапасы да соншалықты жақсы болатынына сенеді. Әсіресе, жастар мен орта жастағы азаматтардың ұстанымы осындай.

Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ


 

Оцените пост

0