Маржан ЕРШУ, ақын: Менің қырсық бір мінезім бар...

«Айқын» 2012 M10 1
1876
0
2
0

29.09.12. - ТҮРКСОЙ тарапынан татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың туғанына 125 жыл толуына орай 2011 жыл - «Ғабдолла Тоқай жылы» болып жарияланды. Өзің де Тоқай өлеңдерін қазақша сөйлеттің...

29.09.12.

- ТҮРКСОЙ тарапынан татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың туғанына 125 жыл толуына орай 2011 жыл - «Ғабдолла Тоқай жылы» болып жарияланды. Өзің де Тоқай өлеңдерін қазақша сөйлеттің. Әңгімені осыдан бастасақ...
- 2010 жылы ТҮРКСОЙ-дың ұйымдастыруымен Кипрде өткен Қорқыт ата тақырыбына арналған симпозиумге қатысып, «Ақындардың арғы атасы - Қорқыт» тақырыбында баяндама жасадым. Сол шара кезінде ТҮРКСОЙ-дың басшысы Дүйсен Қасейінов келер жылды татардың ұлы ақынына арнап отырғандарын айта келіп, осыған орай Тоқайдың өлеңдерін қазақшаға аударуға ұсыныс білдірді. Тоқайдың өлеңін кезінде Жақан Сыздықов, Қадыр Мырза Әли секілді үлкен ақындарымыз аударған. Қазақшаға аударылмаған өлеңі де қалмаған болуы керек. Қайталап аудара бергенде не болады деп едім, Дүйсен аға: «Бұл ойың дұрыс емес. Ұлы ақындар айналып тұрған жарық шам іспетті. Әр ұрпақ оның шығармаларына өз көзқарасымен келеді. Сондықтан ойланып көр дегесін Тоқайдың оншақты өлеңін аудардым. Бұл ТҮРКСОЙ-дың тапсырмасы болған соң, Жақан Сыздықовтың, Қадыр Мырза Әлидің аудармаларымен қоса өз аудармамды да бір папкаға жинастырып тапсырдым. Ондағылар бұл өлеңдерді Татарстанға жібереміз деді.
Шынында да Дүйсен ағаның сөзінің жаны бар екен. Мен мұны Тоқайдың өлеңдерін аударғанда сезіндім. 100 жыл бұрын жазылса да, сол адам, сол мінез, сол әдет. Өзгерген техника мен заман ғана. Адамның адам болып қалуы қиын екені Тоқайдың жырларынан анық сезіледі.
- «Түркияда поэзия фестивальдерін өткізу жақсы дәстүрге айналған екен» дейсің. Бізде мүшәйра кең қанат жайып келеді. Поэзия фестивалінің мүшәйрадан қандай артықшылығы, не кемшін тұстары бар?
- Біздің мүшәйраның әдебиетке қосатын үлесі аз ғой деген ойдамын. Мүшәйра ақынды өсірсе жақсы, әрине... Түркияның поэзия фестивальдері қай жағынан да үлгі етуге тұрарлық.
- «Самсун» атты поэмаңнан үзінді оқыдым. Мұны қашан бітіріп жүрсің?
- Түркияда, түркітілдес ақындардың түрік тілін үйрену курсында оқығанымызда жанымдағы ақындар циклдік өлеңдер жазумен болды. Оларға қызыға қарайтынмын. Рифат Салахов деген татар ақыны «Түрік қызына» деп түрік тілінде өлең жазып, жаңалық ашты. Башқұрттың ақын қызы Лилия Кайыпованың «Шанақкале», «Мен келдім Орал тауларынан», «Анкара» деген өлеңдерін түрік ақындары аударып, баспасөзде жариялап жатқанда, ақындар маған Түркия туралы бір шумақ та жыр жазбадың-ау деді. Қысылғаннан, бір поэма жазуға дайындалып жүрмін деп қоям. Астанаға оралған соң, «Самсун» атты үш бөлімнен тұратын поэма жаздым. Қазір бұл поэмамды жолма-жол аудармасын жасап, түрік ақынының қолына табыстадым.
- «Ақын қиындық көрмесе, өнердің бағасын білмейді» деген пікірге қалай қарайсың? Жалпы, шығармаларыңның қуаты өзіңе қаншалықты әсер береді?
- 2003 жылы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығы қарсаңында «Махамбет» атты тұңғыш поэмамды жаздым. Менің «Махамбетім» сол жылдары көп қорлық көрді. Поэмамды үзіп-жұлып, бар бояуынан айырып, «Жалын», «Сарыарқа» журналдары жариялады. Тіпті «Атырау ақын-жазушыларының кітапха­насының 100 томдығының» 58-томында менің шығармаларыма орын беріліп, кейін бұл кітапты қолыма алғанда әбден өңінен айырылған бейшара өлеңдерімді көргенде, оның ішінде «Махамбет» атты поэмам да бар, қатты қиналдым. Мен жазбаған қызық өлеңдер де жүр. Еліміз тәуелсіздік алғалы, жас ақындардың бірде-бірінің өлеңі осылай баспа бетінде қорланған емес. Бұл өзі менің шығармашылықпен жан сала айналысуыма жол ашты, сірә. «Шырақ», «Пырақ» атты кітаптарымды «Айек» деген атпен шығардым. Оның себебі 2003 жылы шыққан «Атырау ақын-жазушыларының 58-томында» өлеңдерім баспа тарапынан «қорлық» көрген соң осындай оқыс қадамға баруыма тура келді. Менің псевдониммен кітаптар шығарғаныма біреулер күлді, біреулер күле алмады, бұл қалай болды деген сұрақтар оқырманды толғандырғаны анық. «Айек» деген сөз қандай мағына береді деп сұрайтындар көбейді. Айек - (негізінде - Әйек) жарықтық жақсы адам болған екен. Сұлтан Бейбарыстың - анасының аты. Менің де өлеңдерім де Бейбарыстай күшті, қалпақпен ұрса құламайтын мықты болса деп арман еттім ғой. Қазір жас оқырмандарым мектеп қабырғасында оқиды екен. Әсіресе, атыраулық жерлестерімнің көңілі алабөтен. Бес оқушы менің шығармашылығым бойынша аудандық, облыстық ғылыми жоба жарысында озық шықса, біреуі республикалық ғылыми жоба жарысына қатысып, бақ сынаған. Менің шығармаларымды шама-шарқынша талдап, қызығып оқып жүрген іні-сіңлілеріме ризамын. Олар менің кітаптарымды облыстың кітапханасынан іздейді ғой. Бір ізденуші оқушы: «Маржан апай! Мына «Атырау ақын-жазушыларының 100 томдығындағы» 58-томындағы өлеңдеріңіздің сапасы өте нашар екен. Ал «Шырақ» пен «Пырақта» басқаша. Неге бұлай?» деп сұрайды. «Міңгірлеп тұрған кісіден, күмбірлеп тұрған кісі артық» деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, балалар сұрағасын, солай ғой деп шындықты айтамын. Сендер болашақтың ізденуші ғалымы, қаламгерісіңдер. Сондықтан да мұны біліп айтып жүргендерің дұрыс қой деп қоям.
- Атырау қаласы әнұранын жазуға не түрткі болды?
- 1996 жыл болатын. Қалалық мәдениет басқармасының бастығы әрі әнші Ақмарал Машимова университетке мені іздеп келіпті. Жанында Болат Қохаманов деген жергілікті композитор бар. Музыкасы дайын болған Атырау әнұранына сөз жазсаң деді. Ол кезде бұрынғы Гурьев атауының өзгеріп, Атырау атанғанына төрт-бес жылдай болған шақ еді. Уақыт тығыз. Төрт күннен кейін өтетін қала мерекесінде бұл ән орындалуы керек екен. Түн ұйықтамай жаздым. Ертесіне әніміз дайын болды. Қала мерекесінде «Атырау қалам» әнін алғашқы болып Ақмарал Машимова орындап шықты. Халыққа ұнады. Сол жылы «Жылдың үздік ақыны», «Жыл адамы» атандым. «Атырау қалам» бұл күнде халықтың сүйікті әніне айналып кетті. Бұл әнді Атыраудағы Кіші өнер академиясы оқушыларының хоры шетелдік конкурстарда шырқап, жүлделі орындарға ие болса, әншілер Нағима Есқалиева, Нұрлан Абдуллин, Медеу Арынбаев, Гаухар Қаспақова, Ренат Гайсиндер бірігіп шырқап жүр.
- Айтпақшы, драма жазуыңа не себеп болды?
- Драма жазуыма себепші болған бір жақсы адам бар. Оның атын айтпай кетпесем болмас. Ол - Ресейдің халық артисі Сергей Безруков. 2010 жылы Астана күні мерекесіне Безруков театры орыстың ұлы ақыны Сергей Есенин туралы «Хулиган» атты спектаклін әкелді. Орыстардың Есенинді шеберлікпен сахнаға шығарғаны мені қатты толқытты. Сол кезде мен шіркін-ай, біздің Мағжан, Ілияс, Жұмекен сынды ақындар және күй атасы Құрманғазының өмірі драмаға сұранып тұрған жоқ па деп ойладым. Безруковтың әсерімен Дина Нұрпейісова туралы «Дина» атты алғашқы мистикалы музыкалық драма жаздым. 2011 жылы қала күні мерекесіне Безруков театрымен тағы да келіп, «Пушкин» атты туындысын көрермен назарына ұсынды. Спектакльді көріп отырсаңыз, Пушкин заманына кіріп кеткендей, Пушкин мұңымен мұңдасқандай боласыз. Бұл туынды да менің қиялымды қозғады, шабытымды оятты. Бұдан соң мен ақын һәм батыр бабамыз Махамбет Өтемісұлы туралы «Қайран, Нарын» атты тарихи драма, Айша бибі мен Қарахан туралы «Махаббат туралы аңыз» атты трагедия жаздым. Сергей Безруков сағындыратындай адам екен.
- Бұл драмаларыңды неге жарыққа шығармай жүрсің?
- 2006 жыл болуы керек, Алматыда опера және балет театрында Сәуле Жанпейісова «Ән-аманат» атты жеке концерт-спектаклін өткізген еді. Сол концерт - спектакльдің режиссері Болат Атабаев болды. Сол кезде Сәуле мені Болат ағаға таныстырмақ болып, ақын деп аты-жөнімді атап еді, режиссер ағамыз тәкаппар, паң қалыппен «естімедім» дегені. Менің бір қырсық мінезім бар. Бұл мінезім өзіме ұна­ғанмен, өзгелерге ұнай бермейтінін білетінмін. Сол мінезіме салып, «Шырақ» атты кітабымды ұсындым да, «Уақытыңыз болса оқып шығарсыз, мен күшті ақынмын» дедім. Содан бір күні режиссер Атабаев: «Кітабыңды түгел оқып шықтым. Шұбатылған поэма, ертегі-аңыздарды. Композицияны жақсы құрасың. Сюжеттерді ойната білесің. Бұл ақындарда сирек кездесетін қасиет. Әй, сен поэзияда неғып жүрсің?! Сен драматургияның адамысың ғой. Маған бір драма жазып берші» дегені. Бұл қалай деп өзім де ойланып қалдым. Драма жазу оңай ма?! Проза жаздым. Сатира да жаздым. Елге ұнады. Түрік әдебиетінің поэзия, прозасынан аудармалар жасадым. Осы аудармаң жақсы, Әзиз Несинді неге көп аудармайсың дейтіндер шықты. Сөйтіп, драматургияға да аяқ басқым келді. «Дина» атты алғашқы драмамды, «баяғыда өзіңіз бір драма жазып берші деп айтқан едіңіз, міне, жаздым» деп Болат ағаға бергенмін. Оқып шыққаннан кейін ол кісі сөйлегісі келмегендей қалып танытқаны. Мен ішімнен «ұнамаған ғой» деп ойлап қалдым да, «еркін сөйлей беріңіз аға, мен өкпелемеймін» дегенімде, Болат аға: «осы кезге дейін сахнадағы әйелдеріміз бейшара, бағы ашылмаған сорлы, бейбақ, одан қалса жезөкше, ақсақ-тоқсақ, мүгедек кейпінде көрініпті. Мен мұны бұрын ойламаған екем. Сенің Динаң ерекше қайратқа ие образ. Хулиган. Мен мұны шығарам. Тың дүние» деген болатын.
Басқа драмаларым туралы айтар болсам, қазір Астана, Алматы театрларында да мықты режиссерлер баршылық қой, құдайға шүкір. Уақыт көрсетеді. Жақында Думан Рамазанның «Кенесары - Күнімжан» атты тарихи драмасын Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық жастар театрының режиссері Болат Ұзақов сахнаға шығарды. Авторлық идея мен режиссерлік шешімді шеберлікпен жымдастыра білген қойылымды театрдың жас артистері жан дүниесімен беріле ойнап, жаңаша ойлаудың, жаңаша ойнаудың озық үлгісін көрсетті.
- Бірде «Махамбетті түрік тіліне аударуды армандаймын» деп едің. Сол аудармаларың әлі арман күйінде тұр ма? Әлде аударып тастадың ба?
- Аударманың азабын татқан біледі. «Азаулының Ыстамбұлдан несі кем» деп Доспамбет жырау жыр­лағандай, Махамбет жырының рухын сезініп қана қоймай, түрік тіліне жатық аудару үшін маған да қолдау, көмек керек қой. Фариза апай - менің Махамбетті аудару туралы пікіріме ықыласын білдірген алғашқы адам. Алғаш қолға қалам алғанда, Фариза Оңғарсынованың Махамбет хақында жазған өршіл, асқақ жырларына еліктеп, ақын болғым келді. Махамбет жырларының от-жалынын, рухын Фариза ақын жырларынан көріп таныған ұрпақпыз. Біздің жаман болуға хақымыз жоқ. Дұрыс қаламақы болса, Махамбет те түрікше сөйлейтін күн туады.

Сұхбаттасқан
Жолдасбек ДУАНАБАЙ

Оцените пост

2