Openway-2012 немесе жас дизайнерлер тынысы қандай?

Алия 2012 M10 1
3738
2
11
0

27-қыркүйекте қаламыздың жүрегі — «Қазақстан» қонақ үйінде осымен екінші рет өткізіліп отырған жас дизайнерлер байқауы «Openway-2012» өтті. Осы жылы ұйымдастырушылар шараға өзге қалалар мен елдерді...

27-қыркүйекте қаламыздың жүрегі — «Қазақстан» қонақ үйінде осымен екінші рет өткізіліп отырған жас дизайнерлер байқауы «Openway-2012» өтті. Осы жылы ұйымдастырушылар шараға өзге қалалар мен елдерді де тартыпты. Мысалы, Алматыдан өзге Ақтау, Астана, Қарағанды, Омск қалаларынан келген дизайнерлер болды.

Бұл байқауда "Екпін" оқырмандарына таныс болып үлгерген алматылық жас дизайнер Зарина да бақ сынап көрді.

Ал жас буынның жұмыстарына еліміздің кәнігі дизайнерлері: Салта, Лария, Алексей Чжен мен фэшн фотограф Ян Рэй, "Мини", "Сырласу" сынды журналдардың редакторлары баға берді.

"Көрермендер көзайымы" номинациясы да тағайындалып, оны көрермендердің дауысы арқылы шешті.

Сонымен байқау басталып, сахнаға он алты қатысушы мен қазылар алқасы таныстырылды.

Таныстырудан кейін қатысушылар жұмыстарын сахнаға шығаруға дайындалуға кетті.

Бірер минутта көрермендердің алдына бірі екіншісінен өткен креативті киім модельдерінің көрсетілімі басталды.

"Леди Гага" стайлға қанық болып, біз сахна артына қатысушылармен сұхбаттасып келуді жөн көрдік. Сахна артынан бірер көрініс:

Карина Қасенова, Алматы

- Мен негізі Павлодарда туылып, 9 сынып сонда оқыдым. 4-ші сыныпта анам мені өнер мектебіне берді. Сол кезден сурет салып, туынды жасау өте ұнады. Еңбек етіп, соңында әдемі нәтиже көру, меніңше, ең керемет эмоциялар сыйлайды. Ұйқы көрмей, нәр татпағаныңды да ұмытып кетесің.

Соңғы курста бізге жаңа мұғалім - Жеңіс Құсайынов келді. Ол алдыңғы жылғы Openway-ді жеңіп алған. Сол адам мені сән әлеміне әкеліп, фэшн индустриясымен таныстырды. Маған бұл әлем өте ұнап, жаңаша шабыттандырды. Процесте анамның да қолдауы өте зор болды, өйткені ол өзі де шығармашылық адамы, "Вэлла трэнд вижн" байқауына қатысқан. Алдыңғы жылы, шынымды айтсам, менің назарым мүлдем бөлек әлемде болатын. Би әлемінде. Түрлі байқауларға, баттлдарға қатысып, бимен кәдімгідей айналысқам. Ал осы жылы дизайнер боламын деп нақты шешім қабылдадым.

Бірақ, мен, шынымды айтсам, бас жүлдені алғым келмейді. Өйткені ол дегенің, 2-3 аптаның ішінде Сән апталығына 15 лук жасап шығаруың керек. Ал меніңше, 2 аптаның ішінде сапалы дүние жасап шығару мүмкін емес. Сондықтан жалпы 16 финалистің қатарына енгеніме өте қуаныштымын.

Дана Сүлейменқызы, Ақтау

- Мен 21-демін. "Сымбат" сән академиясында оқимын. Бұл байқауға бірінші рет қатысып тұрмын. Меніңше, мұндай шаралар бізге одан әрі дамуға, өз-өзімізді көрсетуге үлкен мүмкіндік береді. Жұмысымның аты - "Мир полон грязи". Өйткені мен жұмысымда адамдардың тастаған қалдықтарын, машина бөліктерін, қоқыстарын пайдаландым.

Басқа да қатысушылардың жұмыстары өте ұнайды. Әркімнің өз ойы, жеке идеялары бар. Мысалы, Ақерке Әбішеваның жұмысы қатты ұнайды.

Әрине, бас жүлде алғым келеді. Бірақ қатысудың өзі де мен үшін үлкен жетістік. Өз күшіме сене бастадым.

Зарина Даниярқызы, Алматы

- Байқаудың өзін былай қойғанда, маған сахна сыртындағы атмосфера, апыл-ғұпыл дайындық, әңгіме-дүкендер - бәрі де ұнап жатыр. Жаңаша шабыт беріп, жұмысқа қызықтырып жібереді екен.

Басқа қатысушылардан: ең алғаш шыққан Айдар Ахметов пен Ерхат Мақсұтовтың жұмыстары ғана ұнады.

Ең бастысы, байқауды мерекеге айналдырған - өзіміз. Сондықтан үлес қосқан әрбірімізге сәттілік, болашақта үлкен белестер бағындыруларына тілектеспін.

Ал сахна-подиумда соңғы қатысушылар жұмыстарын таныстырып жатты.

Соңғы біріккен шеру:

Қазылар алқасының талқылауынан кейін марапаттау рәсімі ашылды. Қазылар алқасы бір-бірден шығып, қатысушыларға жеке сыйларын тарту етіп жатты. Мысалы, Салта мен Лария Леонид Жеребцовқа біріккен капсулды коллекциясын жасауды ұсынды. Ал Ян Рэй болса, бір топ дизайнерлерге фотосессия жасап беретінін айтты.

Дизайнерлерге ең керекті сый - тігін машиналары сыйға тартылды.

Сонымен біраз мақтаулар мен сыйлардан кейін, кезек бас жүлдеге келіп жетті. "Openway-2012" жас дизайнерлер байқауының бас жүлдесі қазылар алқасының бір ауыздан жасаған шешімімен алматылық Леонид Жеребцовқа бұйырды.

Финалды фото:

Соңы...

P.S Алайда сайыста бәрі тек мақтауларға толы болған жоқ. Қазылар алқасы жас дизайнерлерге 1 курстағы креативті сабақ тапсырмаларын ысырып, шынайы тігуді бастайтын кез келді деді.

Материалды дайындаған: Айжан Кәрібаева

Фото автордікі

Оцените пост

11

Комментарии

0
кейбiр киiмдер масқара...
0
Жеребцов...ешкин кот!!! Все дизайнеры - молодые, лет по 20! Жеребцов полноценный дядька - 30 лет! Это зовется "начинающие дизайнеры-модельеры"??? Хде справедливость?
Показать комментарии
Дальше