Каспийге көз тіккендер көп

«Айқын» 2012 M09 10
412
0
0
0

Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтау мәселесі тағы көтеріле бастады. Рас, тәуелсіздікке қол жеткізілгелі бері теңіз бойында жатқан бес мемлекет (Қазақстан, Ресей, Иран, Әзірбайжан және Түрiкменстан)...

Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтау мәселесі тағы көтеріле бастады. Рас, тәуелсіздікке қол жеткізілгелі бері теңіз бойында жатқан бес мемлекет (Қазақстан, Ресей, Иран, Әзірбайжан және Түрiкменстан) әлі күнге Каспий жөнінде бір мәмілеге келе алған жоқ.

Талай рет ресми кездесу болды, бірақ түрлі себептермен теңіз мәртебесін шешу кейінге сырғи берді. Себебі әлемде өте ірі мұнай мен газ қоры бар (Солтүстік теңіз бен Рапсы Шығанағынан кейінгі) бұл аймақтың байлығын жағалауда жатқан бес елге тепе-тең етіп бөлу - оңай шаруа емес. Мұның сыртында «майлы күлшеден» дәм татқысы келетін үшінші күштер тағы бар. Нақтылай түсетін болсақ, Каспий теңізінің жалпы ауданы - 376 мың км2. Оның беті теңіз деңгейінен 28 метр төмен жатыр. Теңіз солтүстіктен оңтүстікке қарай 1200 шақырымға созыла орналасқан. Теңіздің ендірек жері - 435 шақырым, ал енсіз жері - 193 шақырым. Каспий теңізінің жағалау сызығының ұзындығы - 7000 шақырым. Оның суы 5 мемлекеттің жағалауын шайып жатыр. Жағалау сызығының Қазақстан үлесіне 29 пайызы (2340 шақырым), Ресейге 16 пайызы, Әзірбайжанға 20 пайызы, Түрiкменстанға 21 пайызы, Иран Ислам Республикасына 14 пайызы тиеді.
Кейбір деректерге қарағанда, Каспий табанында жатқан мұнай қоры 13 миллиардтан 50 миллиард баррельге дейін жетеді. Ресейдің «Каспий теңізі ынтымақтастығы» атты ғылыми-зерттеу инсти-
тутының мәліметіне жүгінсек, теңіздегі анықталған мұнай қоры әзірге 5,1 миллиард тоннаны, ал газ қоры 8 триллион текше метрді құрайды.
Ал Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінің барланған мұнай қоры 4,6 млрд баррельге бағаланады. Теңіздің құқықтық мәртебесі дегенге келсек, Ресей мен Қазақстан бір ұстанымда. Теңіздің табаны мен үстін тең етіп бөлу. Әзірбайжан шекара бойынша бөлуді ұсынуда. Ал Иран теңіз акваториясын 200 пайыздан бөлуді ұстануда. Содан болар, әзірге Каспийдің құқықтық мәселесі шешілмеуде. Рас, жағалауда жатқан бес ел де өздеріне тиесілі байлықты қорғауға барынша күш салары анық. Демек, осындағы әскери-теңіз флотын күшейтуге күш салмақ. Сол секілді Қазақстан да теңіздегі әскери кемелерін арттырып, бар байлығын қорғауға қамдану үстінде. Қазір Қазақстанның Каспийде түрлі деңгейдегі 16 әскери кеме және 30-дан астам ұшағы бар. Үш мыңнан астам сарбазды тағы қосыңыз.
Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:
- Жалпы, Каспий жағалауында жатқан бес ел - бір-бірімен дос, жақсы қа­рым-қатынастағы мемлекеттер. Тіпті Иранның өзін алайық, Қазақстанмен жақсы ма, жақсы, Ресеймен жақсы ма, жақсы. Демек, теңіз мәртебесі бүгін болмаса да, алдағы уақытта шешілетіні сөзсіз. Осы бес елдің мүддесі бір жерден шықса, аймақтағы байлыққа қызығып отырған үшінші бір елдердің қитұрқы әрекетіне қарсы тұра алатыны анық. Содан болар, жуық арада Каспий қақтығыстар алаңына, тұрақсыздық аймағына айналады деп айта алмаймын. Рас, бұл аймақта АҚШ-тың да, Қытайдың да, Еуропа елдірінің де мүдделері тоқайласып жатыр. Сондықтан белгілі бір дәрежеде келіспеушілік, тартыс бола береді. Бірақ Таяу Шығыс не болмаса Парсы шығанағы секілді тұрақсыздық аймағы бола қоймас. Ондайға жеткізбеуге теңіз жағалауындағы бес мемлекет басшыларының парасаты жетеді деп ойлаймын.
Камал БҰРХАНОВ, Мәжіліс депутаты:
- Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтау оңайға соқпасы белгілі. Өйткені онда өте үлкен байлық жатыр. Әркім үлесін содан молдау алуды ойлайды. Демек, жағалауға орналасқан бес ел әлі күнге бір-бірінің тілін таба алмай жатқанда, тартыс, бәсеке азаяды деп айта алмаймын. Мұның сыртында Каспийдегі зор байлықтың әлемдік саясатта да салмағы бар. Қытай, АҚШ және өзге елдердің де бұл маңда үлкен мүддесі жетерлік. Тіпті тартыс солардың арасында болып, оған жағалаудағы бес ел амалсыз араласуы да мүмкін. Әсіресе, Иранға байланысты туындап отырған жағдай қиын. Егер де соғыс бола қалса, көрші елдерге, соның ішінде Каспий маңы елдеріне де әсері үлкен болмақ. Сондықтан әр ел өз байлығын қорғау үшін, теңіздегі флотын күшейтіп жатса, ешқандай сөкеттігі жоқ. Қазақстан да кез келген жағдайда Каспийдегі байлығын қорғауға мүдделі болуы тиіс. Елбасы өз Жарлығымен құрған Каспийдегі әскери-теңіз флотының мақсаты - сол жердегі халықтың байлығын қорғау.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Оцените пост

0