Пойыздағы экономикалық тіршілік

Алия November 6, 2012
1572
3
8
0

«Құрметті жолаушылар, сіздердің назарларыңызға»... Жүйіткіген пойыздың шуы дауыстан басым түсіп, айтылар сөз естілмей қалды. Етегіңнен тартып, есіңді кетіретін қоғамда ақша табу оңай болып тұрған жоқ.

«Құрметті жолаушылар, сіздердің назарларыңызға»... Жүйіткіген пойыздың шуы дауыстан басым түсіп, айтылар сөз естілмей қалды. Етегіңнен тартып, есіңді кетіретін қоғамда ақша табу оңай болып тұрған жоқ. Әсіресе, жоғарғы білім алмағандарға. Жаппай сатып ал, алып кел, сат... Айтуға жеңіл, қарекетте ауыр. Базардағы экономикадан пойыздағы сауда қызықтырақ секілді.

Зерттеп көрелік:

Пойызда саудамен айналысуға қалтаның шұрық тесіктігі итермелейді. Тыным көрмеген екі қол, екі аяқ дамыл таппай тыпырлайды. Нәпақаны осылай табудың өзі қиын. Үрлеп ішіп, шайқап төккен байлық емес. Жолаушы діттеген мекеніне жетсем десе, пойыз тасымал қызметін дұрыс атқарсам дейтін секілді. Ал, сатушы тауарымды алса екен деп тілеумен болады. Егігннің ебін, сауданың тегін үйренсе несі айып? Маркетологтардың айтуы бойынша, пойызда сұранысқа қарай сатуға болады. «Көрдім, ұнады, сатып алдым» принципіне лайықталғаны лазым. Осы орайда «Арыс» станциясынан Нұржамал Айтжанова деген сатушымен сұхбаттасып көрген едік:

- Осы кәсіппен айналысу арқылы байығандар бар ма?

- Біреудің қазанына қасық, қамбасына күрек салып жатқан жоқпыз. Күнделікті нан-пұлымызды, тамақтарымызды жамап жүрген жайымыз бар. «Өзім пойызда жүріп байып кетіпті» дегендерді естігем жоқ. Жоғары айналыммен айналыспаса...

- Жұбайыңыз қандай қызмет атқарады?

- Алматыға құрылысқа кеткен. Екеуміз екі жақтап тірнектеп, балаларымызды оқытып жатырмыз. Мына пойызда кейбір саудагерлердің күйеулері де жұмыс жасамайды. Әйеліне арқа сүйеп алған десе болады. Ауылдың тіршілігі осы.

- Неге базарда саудамен айналыспайсыз?

- Базарда адам көп. Оның үстіне көпшілігі қарызға алады. Пойыздың бір жақсысы – қаражатты қолма-қол аласың. Оның үстіне өзіңе-өзің қожайынсың.

Осылайша бізге көңіл тиегін біршама ағытты. Біраз жайтқа қанық болдық. Жолаушылар да пойыздағы тіршілікке үйреніп қалған. «Балаларын аяққа тұрғызамын деп жүр ғой» деп түсіністікпен қарайды екен.

Істің заирына үңілу мақсатында «Алматы –Орал» пойызында саудамен айналысуға белімді бекем будым. Сауда экспериментім екі жарым сағатқа созылды. Аз уақыттың өзінде тәулігін пойызбен өткізетін жандардың тыныс-тіршілігімен таныс болдым. Түркістан базарынан бастырманы 600 теңгеге  алып, «Арыс – Түркістан» аралығына 500 теңгеге билет сатып алдым. Тауарымның үстемесіне 200 теңге ғана қойдым. Ал, сіз базардан мұны 1000 теңгеге сатып аласыз. Осылайша 10 тауарды саттым. Мен сауданың қызған сәтіне тап келіппін. Билетімді қоспағанда 1500 теңге пайда таптым. Теңге, теңге деп кеттім-ау! Сауданың парқы осылай. Жолаушылардың көпшілігі сыйлыққа сатып алады екен. Себебі, батыс өңірінде тауар бағасы қымбат. «Таңғы сауда – сауда, түскі сауда – қауға». Саудагерлердің нақыл сөзі бұл. Таңмен бірге оянып, пойыздың жол торабына қарай жол тарта береді екенсің.

Әдемілікті бүкіл жерде қажетсінеді. Сыртқы көрінісің – тауарыңның тұрпаты. Сонда ғана адамдар саған қарай тартылып, бизнес жүзеге асады. Бірақ, тамақ сататындардың жөні басқа... Санитарлық талапқа сай екендігіне ешкім көз жеткізіп жатқан жоқ. Дүкендегі бағадан біршама қымбат.

Тағы бір қызық! Бірде досым жол жүргенде «Мен мүгедекпін, ештеңе естімеймін, сөйлей алмаймын» деп жазылған хат пен кітапшаларын ұсыныпты. Кітаптың бағасы 400 теңге екен. Досымда 500 теңге бар. Енді қалай түсіндірсем болады деп дал болып тұрғанында, жанындағы жолаушы сұрақты төтесінен қойып қалады. Саңлау, мылқау болып тұрған «100 теңге қайтара аламын» деген кейіпте басын изепті. Бұл жайтқа естігенде-ақ аңтарылып қалдым. Алланың бермеген ауруын қалайша «болдым» дер. Адам құлқынның ғана қамын күйттейтін мақұлық емес сияқты еді? Бір күндік бақай есеп қой сонда. Пойыздар да боздайды екен... Бес саусақ бірдей емес, әрине. Т.Шапайша айтсақ : «Өркениеттің бүлкілдеп соққан қан-тамыры – ақша. Құлымыз, құдайымыз – ақша. Құртушы, құтқарушымыз – ақша. Адамзаттың ажалы да – сірә, осы ақшадан». Бұдан асыра айтам деу асылық болар, сірә.

Матеариалды дайындаған: Салтанат Сүгір

Фото: Айжан Кәрібаева

Оцените пост

8

Комментарии

0
Менің білуімше саңырау-мылқаулар адамның ерін қимылынан сөздерді оқи біледі...
1
Өте орынды айтылған ой пікір Салтанат
Показать комментарии