«Қазақпын» десе - қандасың

Камал Абдрахманов 2012 M06 25
1042
0
3
0

«Жас Алаш» газетінің жазуынша Қазақстаннан 4 миллион 150 мың адам көшіп  кетіпті. Бұл әлемдегі 11 орын. Келгені – 3 миллион 80 мың.  Жоғалтқанымыз – 1 миллион 70 мың .Бұлардың ішінде қанша қазақ...

«Жас Алаш» газетінің жазуынша Қазақстаннан 4 миллион 150 мың адам көшіп  кетіпті. Бұл әлемдегі 11 орын. Келгені – 3 миллион 80 мың.  Жоғалтқанымыз – 1 миллион 70 мың .Бұлардың ішінде қанша қазақ кетті,одан бәріміз бейхабармыз. Парламент депутаты Орал Мұхаметжанов 1600 қазақстандық шет елде жасырынып жүргенін үлкен мінберден жариялады. Мұның қаншасы алаш баласы? Осылайша мыңдап,миллиондап жоси берсек аталарымыз ұл-қыздарын құрбандыққа шалып,қанын төгіп жүріп қорғап қалған, бізге аманат еткен мына ҚАСИЕТТІ ДАЛАҒА ТҮПТІҢ-ТҮБІНДЕ КІМ ИЕЛІК ЕТЕДІ? Ой қосарыңыз бар ма?

Кез-келген мемлекеттің барлық ішкі және сыртқы саясатының басында ұлттық қауіпсіздік мәселесі тұрады. Ал бұл қауіпсіздік сол мемлекетті құрушы, мемлекет солардың атымен аталып отырған негізгі ұлтқа,халықаралық тілмен айтсақ-титулды ұлтқа тікелей байланысты. Сондықтан да мемлекет те, үкімет те титулды ұлттың көбейуін,оның көңіл-күйін,мақсат-мүдделерін үнемі назарда ұстап отырады. Рессей, Қытай, Англия секілді ірі елдерде осы мәселемен ғана шұғылданатын ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Халық саны қатаң бақылауға алынады. Патшалы Ресей алғашқы халық санағын 1897 жылы жүргізіпті.

Сол жылы орыс санақшылары 4 миллион 89 мың қазақты тіркепті. Ұлты өзбек деп жазылғандар бар-жоғы 535 мың ғана екен. Азайтып отырған жоқпыз,бары сол. Қалғандарын сарт,хиуалық,хорезмдік,бұхаралық,қыпшақ,найман,қоңырат депті. Сонда 1897 жылы ұлты қазақтар ұлты өзбектерден 8 есе көп. Араға  20 жыл салып,1917 жылы М.Тынышбаев қазақтардың жан басы 5 миллион 930 мың деп жазады. Оның ішінде Ұлы жүз 1,170,000, Орта  жүз 2,720,000,Кіші жүз 2,040,000 адам. Бұлардың 4,980,000-ы қазақ жерінде,950,000-ы  Хорезм,Бұхара,Қытайда тұратынын айтады.

Өзбектердің 1917 жылғы жан санын таба алмадық. Өзбекстанда тұратын таныс жігіттерге өтініш айтып едік, мардымды жауап естімедік. Дегенмен де 1897 -1917 жылдар аралығында қазақтар 891 мыңға немесе 22 лайызға өскенін ескерсек өзбек те осы мөлшерде өсуі тиіс. Сонда олар 650-700 мыңның маңайында. М.Тынышбаевтың нақтылы дерегінде 1917 жылы қазақтың бір руы наймандар ғана 830 мың. Демек 1917 жылы өзбектер қазақтың бір руынан да аз.

Енді мынаған қараңыз – қазір өзбектер 25-27 миллион. Бұрынғы хиуалық, бұхаралық, хорезмдік, сарт деген атаулардан із де қалмаған.Қыпшақ, қоңырат, найман рулары бар.Олардың азғанасы ғана қазақ болып жазылады,дені өзбек.Сол кездерде оларда да ,бізде де азды-көпті орыс,украйн,татар,ұйғыр,дүңген секілді ұлттар тіркелген –ді. Бүгін өзбекте олар қанша екені тұрғысында ешқандай ресми мәлімет тауып бере алмады. Бәрі өзбек,осымен бітті. Оларда «өзбекпін» деген адамға олай емес деу басыңа пәле тілеп алғанмен бірдей. Тіл кеспесе де,тіс сынады. Бұл өзбек зиялыларының сол 1917 жылдан бергі дамылсыз жұмысының жемісі. Жоспарлы түрде, жаппай жұмылып атқарған ұлан-ғайыр шаруаларының нәтижесі. Өзбек бүгін біртұтас ұлт болып қалыптасты. Зиялы қауымның ұзақ жылдарғы ұлттық саясаттағы табысы осындай,

Ал бізде ше? «Қазақстанда бір жүз пәленшебай ұлт бар» деп жарапазан айтып, даурығып жүрміз. Осылардың тең жарымының әрқайсысының саны бір жүзге де жетпейді, тағы біразының қалай тіркеліп кеткені жұмбақтан бетер құпия. Ұлттың көп болғаны бағымыз ба? Бұған қуанатын, жар салатындай мәртебелі ештеңе жоқ. Көрші Рессейде титімдей ұлттар аз ба? Біздегіден әлдеқайда көп. Бірақ қай орыс «көп ұлттымыз,пәленшебаймыз» дейді? Оларда бар шаруа «орысқа қажет пе» деген сауалдан бас алады.Қалған жұртты ысырып қояды. Осыған шыдамаған Татарстанның Президенті Шаймиев «Путин орыстан өзге ұлттарға көңіл бөлмейді» деп айтып салды ғой. Қызметінен де кетті сол үшін. Ұмытқамыз жоқ. Шынында да орыстардың тақыр бастарды тайраңдатып,азиялықтарды,африкалықтарды сабатып жүргені рас қой. Соларды тиюға үкіметтің шамасы келеріне дау жоқ. Шешенді шайқап,грузинді жайпап тастаған мемлекетке таяқ ұстағандар сөз бе? Басқа ұлттарға қорқыныш ұялатудың бір амалы да. Орыстың орысшыл өз саясаты осындай.

Іргеміздегі қытайда қанша ұлт барын бір құдай ғана біледі. Бұлар да «көп ұлттымыз» дегенінді ауызға алмайды. Бір кездері «ұлттық» деген тиіп-қашпа ауан болған екен. Қазір одан тұқыл қалмаған. Ұйғыр,қазақ,мыңғұлдың төбесіне ішкі жақтан әкеліп қытайды төгіп тастады. Аз ұлттар солардың арсынан әзер көрінетін дәрежеге түсті. Болашағын ойлаған мемлекеттер осындай ұлтжанды үрдіске бет алған. Ау,айтыңдаршы, қасіретімізді мақтан көріп,шапалақ соғар неткен халықпыз,не жорық біздікі.Қазақстанның барша жұртын бір ұлтқа ұйыстырудың орнына күн сайын «көп ұлттымыз» деп ұрандай беру бізді ұшпаққа шығармайды .Қазақ интеллигенциясына-зиялыларға осы бір қарапайым қағиданы ұғатын кез келді ғой.

Біз қаншамыз? 1917 жылғы 5 миллион 930 мың қазақ әр жиырма жылда 20-22 пайызға өсіп отырса, қазір 35-40 миллион болуымыз керек еді. Рас ,өткен ғасырда қасақана қолдан жасалған аштық отап түсірді. Сонда да, ең жоқ дегенде 20-25 миллионнан кем соқпауымыз тиіс еді ғой. Қайда,қайда қалғанымыз? Бұл сұраққа «Аштықта өлді,шекара асып кетті»  деген жауап аламыз әдетте. Басты себеп аштық екеніне дау жоқ. Бірақ  басқа да себептерін неге айтпай жүрміз? Өз басым басқа да бірнеше салдарын аңғарамын.

1. Аштық кезінде ауған ,одан бұрын, Ташкент Өзбекстанның астанасы емес кездерде,арысы -Төле бидің тұсында, берісі-аудандарымыз өзбекке өтіп кеткен заматтарда қалып қойған қазақтарды өсімімен есептесек ең кемі 7-9 миллион болады екен. Ал біз өзбекте бір жарым миллион бауырымыз бар дейміз және оны неге сүйеніп айтатынымызды деректеп көрсетпейміз.Сонда, олар өзбектеніп кетпесе, 12 миллион қазаққа 7 миллион қосылып,19 миллион болар едік.Алайда өзбек зиялылары табанды іс атқарып,сол 7 миллионды өзіне қосып алды. Әйтпесе олар бүгін бізбен қатар тұратын еді. Осы кезде біздер не шаруа тындырдық? Қазақстанда тұратын қанша өзбек қазақтанды,осындайды естігеніңіз бар ма,зиялыларымыздың осы бағыттағы қандай шаруасын білеміз? Алдыдағы ағаларымыз қазақтар өзбектене бастағанда не істеді,біз не мандырттық? Сізді қайдам,біз пәлендей жауап таба алар емеспіз. Бүгін де қол қусырып қарап отырмыз. Мемлекет те,біз де осылай отыра береміз бе? Қытайдағы бауырларымыз өзбектенген қазақтардың кебін кимей ме,тілін,тегін ұмытып,түріміз ұқсас қой қытайланбай ма? Ойлансақ- шарасыз отырған мемлекет те,шөп басын сындырмаған өзіміз де кінәліміз.

2. Мынадай әңгіме естідім – атасы,әкесі,өзі, жеті баласы қазақ деп жазылған азамат кейінгі екі ұлына ноғай деп куәлік алыпты. Себебін былай түсіндіреді:

-Қазаққа сіңгенімізге жүз жыл. Амал не,мыналар күніне үш қайтара «ноғайсың,ноғайсың,ноғайсың» деп қу тезекті бықсытады да отырады. Сонан соң ерегестім. Ақыры сіңірмейді екенсіңдер,қашанғы...

Өзбектер не істеді,біз не істедік? Қазір сол екі ұлдың алты баласы бар. Ноғайлар. Әкелерімен қосқанда сегіз қазаққа азайдық. Бір әулеттен. Әкем-ау, «қазақпын» дегенді кеудеден тепкенде не таптық,мұның себебі не?

Мына орыстар Пушкиннің туған күнін «Орыс тілінің мерекесі күні» деп атады. Ал Пушкиннің мұсылман негрдің ұрпағы екенін әлем біледі. Бірақ орыстар оны орыстың ұлы ақыны деп басына көтеріп отыр. Шешесі орыс- сол жетіп жатыр. Пушкиннің өзінен біреу «сен кімсің» деп сұрады ма екен? Күмәнім бар. Осы орыстар фельдмаршал Кутузов, 1812 жылдың батырлары, генералдар Дохтуров, Ермолов, партизан Д.Давыдов, ғалымдар А.Д.Кантемир,Третьяков, Шереметьев,Менделеев,Тимирязев, Нобель сыйлығының иегерлері Мечников, Павлов, әйгілі Карамзин, Кантемир, Чадаев, Колчактартардың түркі екенін жақсы біледі. Бірақ бірін де «қазақпен туыс» демейді. «Орыс» деп үзіліп тұр. Содан да олар ормандай көп. Содан да оларға ешкімнің тісі батпайды. Ағайын-ау «қазақпын» дегенді «емессің» деп байбаламдауымызды қашан қоямыз, қашан? Бұл өсетін жол емес. «Қазақсың» деп бауырға тартайықшы соларды.Іні етейік те.

Естеріңізде болар,ана бір жылдары Ғабит Мүсірепов ағамызды түркімен жасамақ

болды біреулер. Өткен жылдары Дінмұханбет Қонаев әулиені татарға айналдырғысы келіп тыраштанғандар шықты. Бұдан асқан көргенсіздік бола ма,не қылған тексіздер солар? Осындай мақалалар әулиеміздің 100 жылдығының қарсаңында биыл да жазылды. Ешкім қарсы сөйлемеген сияқты әзірше. Әлде газет баспай отыр ма? Немесе газетке заказ бергендер мықты болып,журналистер солардан аса алмай отыр ма? Меніңше заказшиктер ақшалы.Ол шайтан қалтаға түсіп кеткен соң ұятты жұрдай етеді де.

Осындай қылықпен көбейеміз бе? Азаматтың паспортында «қазақ» деген жазу тұрса,әкесі, шешесі қазақ болса бұдан артық не қажет? Ғабең және Димаш бабалармен жағаласқардар ағаларымыз бітірген шаруалардың етегіне жармасуға шамалары келмес сұрқылтайлар секілді. Абыройды ақшаға сатқан соң бұлардың кім екенін өзіңіз шамалай беріңіз. Қазақ «Аталаспын»  десе- арысыңдай көр» деуші еді. Қабырғалы ру  Жалайыр Ұлы жүзге кірем дегенде Үйсін,Дулат құшағын ашып, жайлауынан өріс,қыстауынан тебін берді ғой. Бес ата  Ұлы жүздің алты руды сіңіріп,он бір атаға молайғаны,сегіз ата найманның он атаға жеткені сол тұстағы бабалардың «қайтсем де көбейемін» деген жанталасы екен-ау. Қатарын толтырып,дұшпанға сес,жауға айбар шашыпты. Азды ықтырып,көппен иықтасуға ұмтылыпты.

Бүгін біз де нақ осылай талпыныста болуымыз шарт. Абай айтты емес пе «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп. Әр қазақты, «қазақпын»  дегенді санға да,санатқа да қосып, ұйыспасақ шығыстан да,батыстан да  жемсауы жыбырлап отырғандар бар. Ендеше әр қазақты «жалғызым» деп жақын тартайық ағайын! Толғымыз келсе,ұрпағымызды  ХХII ғасырда көргіміз келсе жалғыз жол осы. Әйтпесе,тағы да бір қазақты ноғай атасақ Абай айтқандай «Қайран сөзім қор болды...»

   

Камал қажы Әбдірахман.

Оцените пост

3