«Жаужүрек мың бала» турасында журналист бір баланың ойы

Алия 2012 M10 31
5354
48
13
0

Кеңес үкіметі тұсындағы қазақ кинематографиясы десек, ойымызға әп-сәтте оралып, санамызға серпіліс әкелетіні - режиссер Шәкен Аймановтың шытырман сюжетке құрылған кинокартиналары екені айдан анық...

Кеңес үкіметі тұсындағы қазақ кинематографиясы десек, ойымызға әп-сәтте оралып, санамызға серпіліс әкелетіні - режиссер Шәкен Аймановтың шытырман сюжетке құрылған кинокартиналары екені айдан анық. Балғын балалықтың бақытты шағымен тұспа-тұс келген бұл фильмдер «Қазақфильмнің» тырнақ алды туындылары екеніне ешкім шүбә келтірмес. Күлкі мен ысқақ, мұң мен зар, сезім мен сенімге толы картиналарды қызыға да қызғана да қарайтынмын.


Қызығатыным - сюжеттердің алуандығы мен көздеген ойдың берілу формасы, яки философиялық түйіні. Қызғанатыным - актерлердің рөлді сомдап, жетесіне жеткізіп, көрерменнің бауыр етіне айналуы. Шыны керек,  іштей «сотқар Қожаның» бейнесіне еніп, Сұлтанның айласынан сескеніп, Төлегеннің сезіміне куә болып, таң атырып, күнді де батырғанымыз бар. Шіркі-і-ін, маған да рөл бұйырса, түсірілім топтың отымен кіріп, күлімен шығамын деп те өзіме-өзім серт берген күндерім болған. Айым оңымнан туып, балалық арманның ұшқыны жиырма жасымда орындалса керек. Әлбетте, Шәкеннің киносына түсіп, қарық болу бұйырмаса да, Ақанның кезекті картинасында кішігірім рөлді сомдау бақытыма жазылған екен.

Дәл осыдан  бір жыл бұрын мен шоу-бизнес журналының журналисі едім. Редактордың тапсырмасымен ат терлетпесем де, бұт терлетіп, «Қазақфильмнің» ауылына тізгінді тарттым. Бару мақсатым, белгілі бір режиссерден белгісіз сериал жөнінде сұхбат алу. Мақсатымды орындап, редакцияға жол тартпас бұрын, бұрын-сонды келмеген мекеменің іш-құрылысын қызықтау мен үшін ермек болды. Қолында компас болмаса, кәдімгідей адасып-ақ кететін ат шаптырым аумағы бар «Қазақфильм» сан алуан павильондарға жіктелген екен. Досым, курстасым, әрі әріптесіммен бірге бірімізге-біріміз компас болып, аралап келудеміз.

Сонымен не керек, көзімізге бір хабарлама оттай басылды. Оның мазмұны мынаған саяды: «Режиссер Ақан Сатаевтың «Мың бала» кинокартинасына кастинг жарияланады. Көзі қысыңқы, жүзі монғолоид нәсілге келетін ер жігіттер, хабарласыңыздар». Шыны керек, мәтін орысша болған, әрі қарай ұмытып та қалдым. Бастысы, досымыз екеуміздің көзіміз қысыңқы, жүзіміз шаршаңқы. Ақанның көңілінен шығатынымызға кәміл сеніп, мәтінде көрсетілген кабинетке жетіп бардық.

Барсақ, біз сияқты кәміл сенген көздері қысыңқыларға тап болдық. Емханадағыдай қайнап жатқан «очередь». Бәрінің кеудесінде, абақтыға қамалған қылмыскердің реттік санындай, 1988-178 деген саны бар ақ қағаз жапсырулы. Сөйтсек, бұл бағын сынаушылардың жылы мен бой ұзындығының көрсеткіші екен. Жұдырығы тоқпақтай, жауырыны қақпақтай еңгезерлі жігіт сыңақтан өтуге кабинетке кіре жөнелді. Әлгі «Ер Төстік» кіре салысымен қаз-қатар тізілген бір топ жігіттер табалдырық бойында сығалап, сынақтың қалай өтуін көруде. Оның ішінде біз де бармыз. Толықтау келген, бет-жүзі солғын тартқан әйел «болашақ актерді» сынау үстінде. Оған қарама-қарсы тұрған ақ құба өңді орыс жігіті фотоға түсіріп әлек. «Ал енді күліп тұрған кез, ооо, жақсы, енді ашулан. Тұңғиық ойда тұрған сәтте қатып қал» - деген нұсқауларды  бірлі-жарым орындауда. Кезек бізге де келді. Костюмер қыздар шапшаңдықпен батырдың киімін кеудемізге іліп, төбемізге үкісі бар дулығаны кигізді. Жоғарыда көрсетілген нұсқаулық бойынша біз де бағымызды сынадық.

Сонымен не керек, араға екі апта салып,  кастингтің келесі турына шақырылдық. Бұл жолғы сынақтың сипаты мүлдем басқа. Байырғы «очередь» мейлінше сейілген. «Фотопробадан» бірі өтіп, бірі құласа керек. Соңғы сынақтың кезеңі «видеопроба». Кеудемізге етене таныс батырдың сауыты мен дулығасын тағы іліп алдық та, камераға қарай жол тарттық. Нұсқаулық беретін нәзік жандының қолында жоңғар тілінен тәржімаланған мәтін бар. «Нөментай, бұйырамын саған, бұл батырдың көзін құрт, басын шап» деген бір сөйлем. Жоңғар тілінде айтылуы тиіс болған бұл бір сөйлем кей жандар үшін мың сөйлеммен пара-пар болды. Басын әжептәуір бастап, орта тұсында күлкі қысып, қиналғандарын да көрдік. Қысқасы, досым екеуміз бұл кезеңнен де іркілмей, мүдірмей жоңғардың рөліне деген билетпен киноға шақырту алдық.  
Шамамен бір айдан соң кинотүсіргіш жандар қоңырау шалды. Ертең Астана уақыты бойынша 18-00-де «Қазақфильмнен» Қапшағайға аттанамыз деп ағынан жарылды. Қазақтыққа салынып, әлгі досым екеуміз кешікпей 20-00-де бардық. Барсақ,  бір автобус тола актерлер мен киноға қатысы бар жандар өздерін қоярға жер таппай, бізді күтіп әлек. Ал біз тиісінше ұяттан кірерге жер таппай, автобусқа басымыз салбырап кіріп, еңсемізді биік ұстап түстік. Бұл да актерлық шеберліктің шыңы деп білем. Қапшағай қалашығына қарасты «Freedom» қонақ үйінде орын тептік. Күн–райы салқын, қоңыр жел гуілдеп тұр. Қапшағай су қоймасына айдын сәулесі түсіп, реңі көзге келбетті көрінеді. Бара салысымен дәл осындай табиғат аясында қонақ үйдің үшінші қабатынан тамақтанып алдық. Түсірілім топтың актерлерге жауапты қыздары бізді үйді-үйге жайғастырды. Досым екеуміз бір бөлмені еншіледік.

Түнгі салқынмен мызғып, таңғы самал желмен сағат 7-де ояндық. Шамамен он бес минуттан соң, автобусқа отырып, Қапшағайдан 20 шақырымдай жолы бар түсірілім алаңына қарай беттедік. Жолы ойық-ойық, терезені аша жөнелсең, бұйра-бұйра шаңдар автобустың салонына рұқсатсыз кіріп, шаңдатуда. Діттеген жерге әйтеуір үйтіп-бүйтіп жеттік. Күн шыжып тұр. Күннің ыстықтығы соншалық, жәй жатқан тасқа жұмыртқаны жарып жіберіп, үстінен тұз сепсең, тамағың әзір болатындай кез. Ауа қапырық. Көлеңке саялайын десең, ағаш-бұтақтар атымен жоқ. Костмюерлердің берген жоңғар батырының киімін киіп алып, киіз үйді паналадық. Түсірілім алаңында шамамен 80-100 адам. Жұпыны киінген жоңғар отбасылары, басты рөлді сомдаушылар, тұтқынға түскен қазақ жауынгерлері және біз жоңғар батырлары. Үстімізге киілген киім, 20-25 келі салмағы бар сауыт. Қылышымен пышағы да қоса жармасқан. Күннің ыстығында ол киіммен жүріп-тұру - қиямет-қайым. Шешіп тастайын десең, режиссер бізді шақырып қалса, қайта кию бір күндік іс. Батыр болу ерлік болса, батырдың киімін киіп жүру ерліктің ерлігі екен. Киіммен әлек боламыз деп, шанхай түске де уақыт таяп қалды. Кезек-кезекпен түскі ас берілуде. Батырдың рөлін сомдап жүргеннен соң ба, бізге ас бірінші тиді.  Асқазанға ел қондырып болғаннан кейін, түсірілім қайта жалғасты. Бір топ қыздар бетімізге опа-далап жағып, сақал-мұрт қойды. Шашымызға бұрым қосты. Өзімізді-өзіміз былай тұрсын, тоғыз ай толғатқан анамыз тани алмайтындай келбетке дейін жеткізді.

Досым Олжас


мен

Сонымен не керек, сыңға түсетін біздің де сәт жақындады. Режиссер жоңғардың батырларын алаңға шақырды. Біз түсетін эпизод - қазақ батырының дарға асылу сәті. Өмірімен қош айтысатын батыр - актер Дулыға Ақмолда болатын. Дулыға мен ағалы-інілі Асан мен Үсен дейтін қос қазақты дарға асуға Жоңғар сарайынан алып келу, досымыз екеумізге бұйырған. «Снимаем» деген сөзден кейін, айнала тыныштықта тербеледі. Ұзын-сонар крандары бар камера биікте құстай ұшып, нысанаға бізді алған. Бізде өзіміздің рөлімізді сәтті сомдаудамыз. Бар міндетіміз әлгі батырларды қолтықтап ұстап, жұлқылап халық тұрған жерге апару. Дулыға дарға асылған соң, ағайынды жігітті апаңға қамау екінші рөліміз. Бас аяғы 2-3 минутқа құрылған сюжетті, үш күн уақыт түсірдік. Үш күндік тер, үш күндік шайқас, үш күндік киілген 25 келі сауытта 2-3 минуттың ығына жығылды.

Басты рөлді сомдамасақ та, өзіміз үшін басты рөл болған бұл фильмдегі образымызға дән ризамыз. Станиславский: «актердің алғашқы рөлі эпизодтан бастау алады» деген. Бастауын алды, қостауын алдағы уақытта күтеміз. Бір қызығы «Жаужүрек мың бала» фильмін тамашалаған жора-жолдастар сендерді көзіміз шалмады, таппадық дейді. Опа-далап жағылмай, сақал мен мұрт қойылмай, үстімізге сауыт ілінбесе, көзге оттай басылатын едік. Киноның беріліп жатқанына бір апта уақыт болса да, досым екеуміз әлі көрмеппіз.

Сонымен не керек, балғын балалықтың арман ұшқыны жиырма жасымда орындалды. Киноға түстім. Қазақ боп туылып күн кешсем де, жоңғардың рөлін сомдадым. Алла жазса, режиссерлерден ұсыныс түсіп жатса, сіздерге хабардар етемін, жазамын, сырыммен бөлісемін.

Руслан Есмағамбетов

ҚазҰУ студенті

Оцените пост

13

Комментарии

0
Станиславский жақсы айтқан екен. Жарайсыз!
0
Олжас екеуін күштісіңдер, бірақ мен де танымадым сендерді сол эпизодта))
1
Жоңғарлардың рөліне актерларды қайдан тапты екен деп ойлап отырғам, кәдімгі қазақтың жігіттері екен ғой...
1
Осы посттан кейін, дарға асу эпизодын анықтап қарап отырып, Олжасты анық көрдім:))
1
Жарайсың, киноға да түсіпсің.
Жазған жазуың да жақсы, төселген екен, шамасы журналистика факультетінде оқитын боларсың?
Показать комментарии
Дальше