Әз-Наурыз мерекесіне орай, Астанада түрлі мерекелік шаралар басталып та кетті. Бірі киіз үй тігіп, майдың иісін шығарып, ырым жасаса, енді бірі ән-күйден шашу шашып, көңіл көтеріп жатыр. «Әз...

Әз-Наурыз мерекесіне орай, Астанада түрлі мерекелік шаралар басталып та кетті. Бірі киіз үй тігіп, майдың иісін шығарып, ырым жасаса, енді бірі ән-күйден шашу шашып, көңіл көтеріп жатыр.
«Әз болмай, мәз болмайды». Еңселі Елордада Ұлық мерекенің дүбірі басталды. Әз-Наурызды мемлекеттік мекемелер кеңінен тойлап жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті ұлық мейрамды дәстүрге лайық тойлатты. Бұл күні мемлекеттік қызметкерлер ұлттық нақышта шапан жапқан иыққа. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, мол дастархан жайылған. Комитет қызметкерлері ұлттық ойындар ойнап, айтыстың да көрігін қыздырды.
Асанбай Әлсейіт, «Қазсушар» РМК бас директоры:
Мұндағы мақсатымыз, осы наурыз мерекесін артымыздан келе жатқан жастарымызға дәріптеу,көрсету. Мен осы меркеге байланысты бүкіл меркені тойлап жатқан, осыны көріп отырған барлық қазақ жұртын меркелерімен құттықтаймын.
Қалалық Тілдерді дамыту басқармасы да тойлы қауымнан қалыс қалмады. «Армысың әз-Наурыз» аталған мерекелік шарада меймандар ұлттық дәстүрді ұлықтаған Наурыз думанына  көзайым болды. Айтыс ақыны Өміржан Бекбосыновтың арнау жырымен ашылған кеш Қызыр бабаның ақ батасына жалғасты. Әуелеген ән, күмбірлеген күй сазы Наурыз тойына келген әлеуметтің көңіл күйін асқақтатты.
Алтын Әкімбаева, қала тұрғыны:
Өкпелеп қалсақ, бір-бірімізді кешіріп, мейман етіп қонаққа шақырамыз. Ақ мол болып, ән күйімізді айтып Наурызды ерекше құрметпен қарсы аламыз.
Қазақ халқының тағылымды дәстүрлерінің бірі – тұсау кесер рәсімі. Наурыз тойына орай Астанада өткен дәл осы шарада Кәусар мен Мия атты қос бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Мәртебе Мәжіліс депутатына  бұйырды.
Оразкүл Асанғазы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі:
Ұлық мерекенің қадір-қасиетін болашақ ұрпақ бойына сіңіре білу – парыз. Бұл ретте Астанадағы Дінмұхамед Қонаев атындағы колледж ұстаздарының еңбегі еш кеткен жоқ. Білім шаңырағының ауласында өнерпаз студенттер ән шырқап, ұлттық спорт ойындарынан сайыстар өткізіп, алтыбақан тепті.

Әз-Наурыз мерекесін Қаржы полицейлері де атап өтті бүгін. Наурыз айы – жыл басы. Сондықтан, жыл бойы оқуда үлгерімімен үздік атанғандар марапатталды да. Жиналыс соңы мерекелік концертке ұласты.

Оцените пост

0